• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
08 Қаңтар, 2011

Қыл үстіндегі қыз тағдыр

972 рет
көрсетілді

Айгүл ата-анасының үкілеген үміті еді. Көзінің ағы менен қарасындай бір қыз, бір ұлды ата-анасы барын сала бағып-қақты, жеткіншектерінің жолына жанын айта жү­ріп жеткізді. Айгүл тамылжыған көктем гү­ліндей құлпыра бойжетті. Мектепті үз­дік бітіріп, құрбыларының алды болып, жоға­ры оқу орнына түсті. Келбетіне көркі сай, ақы­лына білімі сай, тал бойынан бір мін таппас бойжеткен үшінші курста күрт өзгерді. Сәнқой бойжеткендер қызыға қарайтын үлде мен бүлдесін сырып тастап, қара­па­йым матадан тіккен, етегі жер сызған көй­лек киді. Аузы-мұрнын тұмшалап, басына қос-қабат орамал (хиджаб) шалды. Лекциядан келген соң ұзақты күн қаракөлеңке бөлмеге қамалып, әлдебір уағыздарды жаттап, мүлгіп отыратынды шығарды. Қанаш қызының бұл қылығынан қатты шошынды. Сәнияға сан рет ескерту жасап, Айгүлді райынан қайтаруды талап етті. Сәнияны былай қойып өзі де жалғыз қызына өлердегі сөзін айтып, қанша ақыл-кеңес берсе де Айгүл алған бетінен қайтпады. Жақында Қанаш қызының тұрмыс құра­тынын хабарлап, тойға шақырды. Қанаш­тың көңілсіз күйінен көңіліміз қылп етсе де, көз алдымызда өскен Айгүлдің қызығынан қағыс қала алмай Қарақойынға тарттық. Ауыл клубының кең залында той мәзірінің ырымы жасалып жатыр. Мешітте неке қию рәсімін жасап келген жастар төрге озды. Беташар айтылмады. Ұз­ын ақ көйлек, ақ хиджаб киген Айгүлдің бет-жүзі ақ матамен тұмшаланып тастапты. Тізеге дейін төгілген ұзын жеңнен қолда­рының ұшы да көрінбейді. Қиылған қас, қа­рақат көз, қыр мұрын, айдай жүзін жұрттан жасырған жас келіннің аққа оранған құл сұлбасына қарап, «әттең-ай» дедік. Айгүл­дің қасында балағы тобықтан жоғары тыр­тый­ған ақ шалбар, сұр бешпент, ақ тақия ки­ген, иегі мен екі жағын үрпиген сирек қара сақал басқан жас жігіт келеді. Күйеу баламыз осы екен. Көңіл шіркін құлазып сала берді... Той ішімдіксіз өтеді екен. Несі бар?! Әуезді ән, күмбірлі күй мен көңілді биге ұл­асқан мұндай талай тойларды көріп жүрміз. Асабасы келіссе, ән мен жырдан шашу ша­шып, тойды дүрілдетіп-ақ өткізуге болады. бұл тойдың асабасы да тобықтан жоғары тылтиған шалбар киген сақалды діндар­лар­дың бірі екен. Жиын басқарғаннан гөрі жи­налғандардың киім киісін, жүріс-тұрысын мінеп, жөн-жосық айтуы көбейіп кетті. Аузы жабылмайтын асаба асқынып ба­рады. Бара-бара тіпті, той тақырыбын жинап қойып, тікелей діни дәріс беруге көшті. Мына бір той дастарқанында отырған жұрт мүшрифтен дәріс алуға келген мүриттері сияқты. Оның ұзын-сонар уағызынан ұққа­нымыз, осы уақытқа дейін бәріміз күпір­лікпен күн кешкен күнәһарлар екенбіз... Амал қанша, тойдың шырқын бұза алмай төзіп-ақ отырмыз. Қанаш пен Сәния болса, тіпті мүжіліп қалыпты. Мойындары салбы­рап, көздерімен жер шұқып, бастарын кө­те­ре алар емес. Бауыр еті балаларын шырма­ған сұмдықтың салмағымен езіліп, құр сүл­дерлері отыр. Құлақтарының құрышы қанар тыңдау­шыларын енді тапқандай тыпыршыған асаба келесі сөз кезегін күйеу бала – Ерасылдың бірге оқыған курстастарына берілетінін ха­барлады. Ортаға тағы да тобықтан жоғары тыртиған қысқа шалбар киген, сұрқай бешпентті, бұқара тақиялы төрт-бес қаба сақал жігіт шықты. Олар кезек-кезек микрофонға жармасып, екі жасқа жүрекжарды тілек ай­тудың орнына, бірімен бірі жарыса уағыз айтып кетті. Уағыздарының сиқы: ұзақ жыл­дар бойына коммунистік идеямен уланған санамыз енді батыстың бұзақы догмала­ры­мен бұзыла бастапты. Балаларымызды ба­лиғатқа жетпей діни уағыздармен сусын­да­туы­мыз керек. Мұсылманның өмір салты Құран қағидаларынан құрылу керек. Әйел­дер ерлерден төмен, сондықтан қыз балалар балиғатқа толғаннан кейін бет-жүзін тұмша­лап жүрулері керек дегендерге саяды. Шыдам шегіне жетті, төзім таусылды. Ширығып-ақ барамыз. Кенет... – Тоқтат! Қызыл иектеріңе шыққан бес тал сақалдарыңды бұлдамай, тоқтат енді! – деп Қанаштың үлкен жездесі Алтыкен аға­мыз орнынан ақыра атып тұрды. – Дін жо­лын қуып, мұсылманның көсегесін кө­гер­тетін мына сендер ме?! Сонда немене, біз дінсіз болыппыз ба! Кешегі қылышынан қан тамған қызыл империя тұсында да қа­ла­дағы жалғыз мешітке барып, бітір-сада­қа­мызды беретінбіз. Алланың ақ жолымен жү­ріп, бақиларымызды арулап, ата-баба­мыз­дың басына барып, дұға қайыратынбыз. Үлкенімізді ардақтап, кішімізді аялайтын­быз. Қызымызды қадірлеп, келінімізді құр­меттейтінбіз. Дәл сенің дініңдей жаңа түскен жас келінді бүйтіп қорлап көргеніміз жоқ. Бесіктен белдерің шықпай жатып, уағыз­шыл болып кетіпсіңдер ғой, түге. Үлкен тұрып, кіші сөйлегеннен без. Ұялмайсыңдар ма, мына отырған халықтан. Алдымен дініңді түзеп, оң мен солыңды айқындап ал. Қай дінге ұйыдың, қайда барасың?! Әй, құда, тойлауға шақырдың ба, қорлауға шақырдың ба? Тый, мына дүмшелеріңді. Тұрғыз ана жас келінді, бетін аш! Баламыздың маң­дайынан сүйіп, ақ жол тілейік... Алтыкен аға екі жасқа шынайы тілек айтып, жас отауға арнаған сыйлығын атады. Асаба жас келінді ортаға шығарып, бетін аш­ты. Ақ жамылғымен тұмшаланған Ай­гүл­дің аққұба жүзі қызарып батқан күн ала­уындай алабұртып кетіпті. Ауа жетпей ты­нысы та­рыл­ғандай ауыр күрсінді. Қарақат көз­дері бір ғана жалт етіп, айқасқан кірпіктері­нен үзілген жас тамшылары сорғалап кетті. «Айгүл-ау,жалын жастығыңды шүберек­пен тұмшалап, алғашқы қызығыңды хиджабпен тұншықтырғаның қалай? Не күн туды басыңа?». Бойжеткеннің жұмбақ жүзі осындай сансыз сұрағымды жауапсыз қал­ды­рып, жібек орамалдардың қалқасында көмескілене берді... Ақиқатында біз еліктегіш халықпыз ғой. Дүниенің дүрмегіне тез-ақ бейімделіп кетеміз. Талайлардың таңсығын талғамай тата­мыз деп таңдай күйдірген күндеріміз де аз емес. Санамыз босай салысымен жаппай дінге ден қойдық. Әсіресе, жастарымыздың қарқыны қатты. Әрине, имандылықты ту етіп, мұсылмандықтың дәстүрлі хақ жолы­мен жүрсе, құба құп. Бірақ кешегі қатал кеңестік идеологиядан босаған кеңіс­тігі­мізде «жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақ­тай» қаптаған діни ағымдардың қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс?! Соны талғай ала­мыз ба, әсіресе, дүниетанымы толықпаған әсершіл жастарымыз тура дінді таңдай ала ма? Мәселен, «Хизбут – Тахрирдің» ықпа­лына түскен жастарымыз да аз емес. Ал «Хизбут – Тахрир» діни ағым емес, алғаш­қыда өз жерлерін Израильден қайтарып алуды көксеген палестиналық арабтар құр­ған бейресми діни-саяси партия екенін, бұл ұйымның негізгі мақсаты – билікке жету, яғни бүкіл мұсылмандарды бір халифатқа біріктіру екенін біреу білсе, біреу білмейді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Сын­дар­лы он жыл» атты еңбегінде «Екі нәрседен – діни дүмшелік пен діни фанатизмнен сақ­та­ну керек» деп айрықша атап көрсетті. Ендеше, әр отбасы ұл-қыздарының абайсызда ада­­сып кетпеуін қадағаласа, таным-түсі­ні­гінің дұрыстығына кепілдік беретіндей тәр­биел­е­се дейміз. Дуалы ауыз ақсақа­лы­мыз Өмір­бек Байгелди айтқандай «Жақсы менен жа­манның арасын ажыратайық». («Қа­зағым қайда барасың?» «Егемен Қазақстан»). Қал­талыларымыз мешіт салудан жарысқа түс­пей, мектеп салса, тәлімді тәрбие ұясы – ба­лабақша тұрғызса. Ибасы жоқ елдің иманы да болмайтындығын ұмытпасақ екен дейміз. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.