• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
08 Қаңтар, 2011

Рождество – сүйіспеншілік пен рақымшылық мерекесі

414 рет
көрсетілді

Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астананың Успен кафедралды соборында болып, шіркеуге келгендерді және барлық қазақстандық православие дінін ұстанушы христиандарды Рождество мерекесімен құттықтады. Қаңтардың 6-нан 7-не қараған түні христиан дінінің пра­вославие тармағын ұстану­шы­лар Айса пайғамбардың туған күнін тойлайды. Бұл – христиан жұртының басты мерекелерінің бірі. Інжілдегі аңызға қарағанда, дәл осы күні Палестинадағы Вифлеем қаласында Айса пай­ғам­бар дүниеге келген. Христиандар оны «Құдайдың ұлы» деп таниды. Ал кешегі күнді «Туған күн», яғни «Рождество» мерекесі деп тойлап келеді. Осы күннің алдындағы түнді күзетіп, христиан храмдарында «сочельник» деп аталған құлшылық рәсімі жаса­ла­ды. Ал ертесіне ол мерекелік дас­тар­қанға ұласады. Қазақстан Пре­зиденті Нұрсұлтан Назар­баев­тың Жарлығымен 2005 жыл­дан бастап бұл күн біздің елімізде де ресми түрде аталып, мерекелік даталар­дың біріне айналғаны белгілі. Кафедралық соборға келген Елбасы Н.Назарбаевты митрополит округінің іс басқарушысы епископ Геннадий қарсы алды. Ал Астана және Қазақстан митрополиті Александрдың өзі таң­ғы алтыдағы ұшақпен Мәскеуден келген шұғыл хабар бойынша қай­тыс болған шіркеу иерарх­тары­ның бірін жерлеуге қатысу үшін сонда ұшып кеткен екен. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің сөзінде православиені ұс­танушы барлық отандастары­мыз­ды сүйіспеншілік пен бейбітшілік және рақымшылықты уағыз­дайтын Рождество мерекесімен құттықтап, денсаулық, отбасы­лық бақыт пен елге амандық тіледі. Одан әрі биылғы Рождес­тво­ның Успен кафедралы соборы сияқты өте көрікті, сәулетті және Орталық Азиядағы ең үлкен христиан соборында қарсы алы­нып отырғанын атап өтті. – Бұл храм біздің жас елор­дамызға өзінің архитектуралық әсем сәулетімен жаңа көрік беріп тұр, – деді Елбасы. – Өткен жыл қазақстандық православиеліктер үшін есте қаларлық оқиғаларға толы болды. Соның ішінде осы собор ашылып, оның ашылуына мен Мәскеу және Бүкіл Ресей патриархы Кириллді шақырдым. Оның сапары біздің еліміздегі ең үлкен конфессиялар – ислам мен православие діндерін ұстанушы­лар­дың арасындағы қарым-қа­ты­насты нығайтуда ізгілікті қадамға айналды. Біз барлық дәстүрлі және әлемдік діндерді тұтыну­шы­ларды сыйлау және өзара тө­зімділік сақтау саясатын жүргізу­деміз. Соның арқасында біздің елі­мізде келісім, достық, тыныш­тық пен бейбітшілік сақталуда. Ал олар Қазақстанның күннен күнге дамып, халқымыздың тұр­мыс дәрежесінің жылдан жылға жақсаруына септігін тигізіп отыр. Тіпті осы саясатымыздың ар­қасында бізді дүние жүзі де сыйлап, құрмет көрсетуде. Біз осы құндылықтарымызды көздің қарашығындай сақтауымыз керек және оны болашақ ұрпаққа аманаттауымыз керек. Жауап сөзінде епископ Геннадий Нұрсұлтан Назарбаевқа діндарлар атынан үлкен алғысын білдіріп, Елбасының ісіне та­быстар тіледі. Сіз Еуразия кеңіс­тігінде орыстың озық ойшыл­дары мен философтары арман­да­ған ең үздік мемлекет құра біл­діңіз, біз әрқашанда Сіздің жо­лыңыздың болуын Құдайдан тілейтін боламыз, деді епископ Геннадий. Жақсыбай САМРАТ. ----------------------------------------- Суретті түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.