Қазақстандық кәсіпорындар «KADEХ-2016» халықаралық қару-жарақ пен әскери техника көрмесіне ұсынуды жоспарлап отырған әскери мақсаттағы өнімді, яғни тікұшақтарды, ұшу тренажерларын, электронды-оптикалық аспаптарды көрсетті.
Көрмеге қатысушылардың бірі ЕС-145 тікұшақтарын құрастыру мен қызмет көрсетуді жүзеге асыратын «Еурокоптер Қазақстан инжиниринг» ЖШС кәсіпорны. «KADEХ» көрмесінде зауыт ұсынуды жоспарлап отырған көзтартарлық үлгі ЕС-145 ұшу тренажеры болмақ. «Аталмыш жабдық пилотаждау және навигациямен байланысты барлық негізгі тапсырмалар бойынша ұшу құрамын оқыту және қайта даярлауды жүзеге асыруға мүмкіндік береді», – дейді бастапқы оқыту нұсқаушысы Андрей Феофанов.
«KADEХ-2016» көрмесіне қатысушылар мен қонақтар өнімге баға беретін келесі отандық кәсіпорын ол – «Қазақстан ASELSAN инжиниринг». Зауыт түнгі және күндізгі көрудің электронды-оптикалық аспаптарын, қашықтықтан басқарылатын жауынгерлік модуль мен инфрақызыл оптиканы шығарумен айналысады.
«Кәсіпорнымыз дәстүрлі түрде көрмеге қатысады. Осы жылы біз қазіргі сәтте шығарып жүрген өнімді, сондай-ақ, авиониканы, броньды техниканы жаңғырту сияқты перспективалық жобаларды көрсетеміз. Жауынгерлік модульдердің жаңа түрлерін ұсынуды жоспарлап отырмыз», деп атап өтті «Қазақстан ASELSAN инжиниринг» ЖШС бас директорының орынбасары Абиыр Алшымбаев.
Дәстүрлі түрде «KADEX-2016» халықаралық қару-жарақ пен әскери-техникалық мүлік көрмесі әскери техниканы шығарумен айналысатын әлемнің әр елінен жиналған кәсіпорындардың басын қосады. Қазақстандық зауыттар үшін бұл өз өнімін көрсету және оны әлемдік деңгейге шығарудың мүмкіндігі. Сонымен бірге, ол еліміздің қорғаныс-өнеркәсібі кешенін дамыту үшін де жаңа мүмкіндік.
«Егемен-ақпарат».