• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
04 Наурыз, 2016

Көне күйдің күмбірі

651 рет
көрсетілді

Астана қаласы әкімдігі мемлекеттік академиялық филармониясы дәстүрлі өнерімізді жан-жақты дәріптейтін тағы бір талғамы биік, талабы зор өнер ұжымымен толықты. Конгресс холл. Сахнадан төгіл­ген саздан түрлі сыр өрілгендей. Көненің әлдебір дабылы, күн-түн қатқан жорығы мен ұйқысыз түндері, санаға батпандап салынған салмақтың сызы енді бірде сән-салтанатымен ырғатыла, қыз-бозбаланың сың­ғырлаған үні мен жасанып-жайнаған көш керуеннің салтанатын, мамыражай тірлікті, сайын даланы сары желіп, сол даланың өгей емес, төл перзенті болған бабалар өмірін көз алдыңа алып келгендей. Бұл «Қорқыт» аталатын дәстүрлі саз тобының тұсаукесер концертіндегі көңіл күйдің өзгеше бір өрілген керім сәті, жан сарайды саз үнімен балбы­ратқан бабына келген өнердің тыңдаушының болмысына дендеп бір енген сәті болатын. Замананың көшінде көнелігінің ізін сақтап, бүгінгі ұрпаққа бабалар аманатындай жеткен асыл мұралар жаңа саз тобының орындауында шығарманың табиғатын бұзбай-ақ жаңаша өңдеуге болатынын, оның бүгінгі тыңдаушының да жүйе-жүйесін босатып, жүрегін тербеп, бабалар әлдилеген үннің жанға етене жақын екенін сезіндіре түскендей. «Қорқыт» атты көне саз ансам­блінің негізгі мақсатының бірі – құлаққа да, көзге де үйреншікті домбыра, қобыз, шертер, жетіген, сыбызғы сынды аспаптармен бірге кей тұста ұмытылыңқырап бара жатқан шіңкілдек, мүйіз, дабыл сияқты аспаптарға жаңа ғұмыр беру, олардың үні арқылы бүгінгі тыңдарманға бабаларымыздың болмысын, өлмес өнерінің құді­реттілігін көрсету десек, ол мақсат өз межесіне дөп тиіпті. Рухани жәдігер саз күмбірімен, музыка тілімен тыңдаушыны ә дегеннен үйіріп әкетті. Ансамбль мүшелерінің әрқай­сысы бірнеше аспапты тартып, әр күй, әр әнге өзгеше сипат беріп, шығармалардың бітім-болмысын ашуға үлкен септігін тигізе, тың­даушыларды желпінтіп отырды. Саз бен орындаушы үйлескен әдемі концерттің көрермендерінің де өте бір мәдениетті, сауатты болғанын айта кеткен жөн. Ретті жерлерінде қолпашын аямай, шапалағымен бірге үндерін де қосып, әртістерге дем беріп, тыңдай білген сахна мен тыңдаушы арасындағы түсіністік те жарасымын тауып жатты. Қорқыттың «Қоңырын» ансамбльмен бірге Фариза Қосщы­гұлова қылқобызда аңыратқанда, ансамбль жетекшісі Шолпан Қор­ғанбекованың «Бейбарыс Сұл­тан» күйін прима қобызда Тоғжан Ғайсақызы төгілткенде, халық күйі «Ноғайлының зарын» ансамбль күймен өргенде толқымаған жан бірен-саран. Көз алдыңа ордасы құлап, ойраны шығып, тоз-тоз болып тараған жұрт, елден, жерден айырылып, аңыраған елдің тарихы музыка тілімен сөйлеп кеткенде тамағыңа тас тығылғандай. Бірақ күй сені солай дегенмен езіп жібермейді, әлдебір биік рух тереңге шым батырмай қайта асқақ­татып алып шығады. Халық күйінің құдіреті, мәңгілік құн­дылық деген осы шығар, сірә-да! Мәдина Османова жетігенде шалқытқан Нұрғиса Тілендиевтің «Аққуы» көз алдыңа айдынды көлдің сыңқылдаған сұлуының сусылдаған қанатын, әсемдігін, күй құдіреттің көркемдігін берген. Қандай жарасым! Өрендей жастардан тұратын ансамбльдің тұсаукесеріне қолдау білдіріп, аға-апалар да келіпті. ҚР еңбек сіңірген қайраткері Майра Илиясова халық әні «Ой, бұраң белім-ай» әнін шырқаса, мәдениет қайраткері Еділ Құсайы­нов «Бабалар сазы» атты өз шығар­масын бірнеше аспапта орындап берді. Ал Даяна Тұрманованың ансамбльмен қосылып сазсыр­найда орындаған Бәкір Тәжібаевтың «Ақ­бұлағы» халықты қалай желпінтсе, ансамбль мүшелері көрерменге сыйы – «Қаражорғаның» ойнақы ырғағы тыңдаушы бойына өріліп, ішіне енгізіп жібергендей. Әннің өн бойына қол соққан көрермен билеп кетуге шақ қалған. Концерт аяқталған соң да жастар жағы көрермен залынан кетпей, керемет күй сыйлаған кешті ұзартқысы келгендей. Шымылдықтың жабыл­ғанын көрсе де көңілдері қимаған олар бір кеште жүректерін жаулап үлгерген әртістермен суретке түскісі келгендіктерін білдіріп, селфилетіп жатқанда ансамбль жетек­шісін сөзге тарттық. «Қазақтың домбыра, қобыз, сыбызғы, шертер сияқты ұлттық музыкалық аспаптарында ойнай отырып, біз ғасырдан-ғасырға жалғасып келе жатқан дала әуезінің, халық әуенінің сұлулығын, терең­дігін, шынайылығын, халық сазгерлерінің жүрек тебірентер шығармашылығын сезінуге, тарихы жұмбақ аспаптардың дыбысын жеткізумен, дәстүрлі өнерінің қыр-сырын түсінуге құмартамыз. Сөз жоқ, дәстүрлі өнер – қазақ өнерінің темірқазығы. Ұжымымыз филармонияның бас директоры және көркемдік жетекшісі Сәкен Сейтқалиұлы Әбдрахмановтың ұйымдастыруымен құрылды. Өздеріңіз тамашалағандай, репертуарымыз Қорқыт, Құрманғазы, Қазанғап, Дәулеткерей, Тәттімбет күйлері мен бүгінгі композиторлар: Еділ Құсайынов, Бәкір Тәжібаев, Рүстем Күлшебаев туындыларынан тұрады. Бүгінгі тұсаукесер концертіміз халыққа ұнап, көңіліміз өсіп қалды, бірақ алда тынбай еңбектеніп, ізденетін боламыз», дейді «Қорқыт» көне саз ансамблінің жетекшісі Шолпан Ділдәбекқызы. Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан».