• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
04 Наурыз, 2016

«Тұмар тәжінің» тәмсілі

304 рет
көрсетілді

Кеше Ұлттық музейдің ұйымдастыруымен Халықаралық әйелдер мере­кесіне орай Франц Бирбаум және Карл Фаберже ордендерінің иегері, «Zerger­Ilyas» брендінің негізін қалаушы Ілияс Сүлейменовтің «Тұмар тәжі» көрмесі ашылды. Баспасөз мәслихатымен бастал­ған жиында сөз алған Заманауи өнер орталығының жетекшісі Роза Әбе­нова әлемге әйгілі шебер-зергер Ілияс Сүлейменовтің жұмыстары ту­ралы терең тебіреніспен пікір білдірді. – Ілияс Сүлейменов қазақтың талантты зергерлерінің бірі. Оның әшекей бұйымдарының қай-қайсын алсаңыз да, халқымыздың тарихымен, ұлттық болмысымен байланысып жатыр. Тарихқа сүйене отырып мұндай бұйымдарды жасай білу әркімнің қолынан келе бер­мейді. Ол өз кезегінде терең бі­­лімді, көп жылдық тәжірибені қажет етеді. «Тұмар тәжін» мұқият ба­қылап қараған адам, көне тарихты көрген болар еді. Оның басты құн­дылығы осында. Бүгін таныс­тырылып отырған туындылар ұлттық мә­дениетіміздің дамуына қосылған қомақты үлес деп есептеймін, – деді ол. Зергер Ілияс Сүлейменов Ұлттық музейдің төл туындыларына жасаған қамқорлығына алғыс білдіре келе, көрмеге жиналған қонақтарға еңбектерін таныстырды. – Бұл жай ғана тәж емес. Кешегі көне түркі халықтарының ұлы патшайымы Тұмардың батырлық бейнесіне негізделіп жасалған дүние. Осы уақытқа дейін менің жұмыстарым әлемнің көптеген елдерінде таныстырылды. Алайда, өз Отаным бәрінен артық. Көп жылғы зерттеулердің нәтижесінде дайын болған екі жұмысыма да Алтын залының төрінен орын бе­ріл­геніне қуаныштымын. Ұлттық музей тарапынан көрсетілген осыншама құрметке дән ризамын, – деді автор ағынан жарыла. Көздің жауын алатын екі құнды бұйымды да Ұлттық музейдің Ал­тын­ залынан көріп, тамашалауға болады. Рауан ҚАЙДАР, «Егемен Қазақстан».