• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
04 Наурыз, 2016

«Мәңгілік Ел» пойызы Ақсайда аялдады

262 рет
көрсетілді

Бас қаламыз Астанадан Тәуелсіздіктің 25 жыл­дығына орай сапарға шық­қан «Мәң­гілік Ел» пойызы наурыз­дың 3-і күні Батыс Қа­зақ­стан облысындағы Бөрлі ауда­нының орталығы – Ақ­­сай қаласына келіп, «Қаз­ақ­стан» стансасына тоқтады. Мерекелік пойызды теміржол вокзалынан Бөрлі ауданының әкімі Марат Түсіпқалиев бас­таған әр саланың басшылары, Ас­самблея мүшелері мен қоғам­дық ұйымдардың өкілдері, қала тұрғындары мен жастар қар­сы алды. Аудандық демалу ор­талығының әншілері термелетіп, жырдан шашу шашты. Ақтан дәм татып, наннан ауыз тиген қонақ­тар теміржол вокзалы жанында ұйымдастырылған митингке қатысты. «Қарашығанақ кен орны мен аты әлемге тараған Бөрлі жеріне қош келдіңіздер», – деген аудан әкімі Марат Бақтығалиұлы сөзін әрі қарай былайша сабақтады: «Қа­зақстан Республикасы Тәуел­сіз­дігінің 25 жылдығына орай шық­қан «Мәңгілік Ел» әлеумет­тік пойызының біздің «Қазақ­стан» стансасына арнайы бағдар­ламамен келуі – біз үшін үлкен құрмет. Еліміз тәуелсіздік жылдары ішін­де өз мемлекеттілігін құрып, ұлттық қауіпсіздігінің негізін қалады. Елдің аумақтық тұтас­тығын және шекара берікті­гін қам­тамасыз етті. Біздің қол жет­кізген табыстарымыз – Прези­ден­тіміздің жүргізіп отырған па­расатты саясатының нәтижесі. Біз өз еңбегімізбен ең басты бай­лығымыз – бейбітшілік пен өзара келісімді одан әрі нығай­та отырып, ел Президенті Н.Назарбаевтың сындарлы саясатын жалғастыра беруіміз керек». Осыдан соң Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, пойыз штабының басшысы Әміржан Әлпейісов сөз алды. «Биыл Тәуел­сіздігіміздің 25 жылдығын атап өтпекпіз. Елбасының тапсыр­масына сәйкес «Мәңгілік Ел» әлеу­меттік пойызымен халықпен бірге бүгінгі күнді, болашақты болжау­ға, өткен күнге көз салуға, көп­ ұлтты Қазақстанның бірлігін, тірлігін, достығын одан әрі жал­ғастыру үшін жұмыс істеуге келдік. Елбасымыздың «Мәң­гілік Ел» ұлттық идеясы бізді бірлікке, тірлікке, жақсылыққа, Қазақстанда тұратын барлық ұлт өкілдерімен бірге болып, алдымызға қойған үлкен мақ­саттарды шешуге шақырып отыр», – деді Ә.Әлпейісов. Митингке қатысушылар Ұлы Отан соғысында қаза тапқан бөрлілік жауынгерлерге арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойып, бір минуттық үнсіздік жарияланды. Бұл пойыздың құрамында барлық министрлік пен ведомстволардың жетекші мамандары бар. Барлығы 100-ден астам әр саланың маманы тұрғындарға құқықтық, ауыл шаруашылығы және денсаулық сақтауға, әлеуметтік және білім беруге, жеке кәсіп ашуға қатысты түрлі сауалдарға жауап беріп, кеңес айтты. Бұған дейін әлеуметтік пойыз Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Ақтөбе облыстарында болды. Бұл жөнінде Әміржан Қайырұлы былай деді: «Біз аялдаған барлық елді мекен тұрғындарынан ертеңгі күн бүгінгіден де жақсы да жарқын болатынына деген сенім барын көрдік. Сондай-ақ, олар еліміздің әлі де талай жетістікке жететініне сенеді». Астанадан келген медицина қыз­меткерлері аудандық емханада қабылдау өткізді. Дәрігерлерді Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің басқарма басшысы Нұрлан Қыдырбаев бас­тап келген екен. Пойыздың құрамында барлығы 120 дәрігер бар екен. Олар әр жеті сайын 25-25 дәрігерден ауысып отыратын көрінеді. Дәрігерлердің бар­лығы республикалық деңгейдегі ғылы­ми-зерттеу институттары мен ғылы­ми орталықтарының жетекші маман­дары. Олардың әрқайсысы шетелдерде оқып, білімін жетілдіріп келген. Бұл күнгі іс-шаралар өзге де жерлерде жалғасып жатты. Аудандық әділет басқармасында әлеуметтік пойыз­бен келген мамандарға тұрғындар тарапынан техникалық түгендеме, жылжымайтын мүлікке арналған құқықты тіркеу, азаматтық хал актілерін тіркеу жұмыс­тарына қатысты, тағы басқа да сұрақ­тар қойылды. Ал аудандық Мәдениет үйінде «Ауданның қоғамдық өміріндегі мемлекеттік емес ұйымдардың рөлі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Сондай-ақ, аудандық әкімдікте ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік мәсе­ле­леріне қатысты жан-жақты кеңес берілді. «Достық» үйінде «Біз – болашағы бір­тұтас елміз» атты дөңгелек үстел өтті. Оған қоғамдық келісім кеңестері мен этно­мәдени бірлестіктердің мүшелері қатыс­ты. Акция қорытындыланып, Мәде­ниет үйінде Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған концерт өтті. Ясипа РАБАЕВА, журналист. Батыс Қазақстан облысы.