• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
08 Қаңтар, 2011

Елбасымен біргеміз!

397 рет
көрсетілді

Қазақстандықтар Н.Назарбаевтың президенттік өкілеттігін ұзартуды қолдайды

ПРЕЗИДЕНТ ӨКІЛЕТТІГІНІҢ ҰЗАРУЫН ҚАЛАЙМЫЗ

Бейсенбі күні еліміздің Парламенті Қазақстанның Тұңғыш Пре­зиденті, Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев­тың өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту туралы референдум өткізуді қолдаған оң шешім қа­был­дады. Бүгінгі күні бұл бастамаға жан-жақты қолдау білдіріп жатқан қалың елмен бірге біз, Қазақстан­ Қажылары қауымдастығы да Президент өкілеттігінің ұзаруын қалай­тындығымызды білдіреміз. «Ислам” деген сөз «бейбітшілік, тыныштық” дегенді білдіреді. Сондықтан, Президентіміз Нұр­сұл­тан Назарбаевтың жүргізіп отыр­ған саясаты, соның арқа­сын­да елімізде қол жеткізіліп отыр­ған ұлтаралық татулық пен дін­аралық келісім Исламның ұста­ным­дары­мен үндес. Он сегіз мың ғаламды жаратқан Жаратушы Иеміз қасиетті Құранда патшаны Алла сайлайтынын айт­қан. Пат­ша­ның нұсқауларын бұл­жытпай орындау мұсылмандар үшін уә­жіп. Хадисте патшаның қо­ғам­­дағы орны аса жоғары бағалан­ған. Патшаға бой­ұсыну туралы ең күшті дәлелдер Құранда айтыл­ған. Яғни, «Ниса» сүресінің 59 аятында Тәңір Таға­ла: «Ей, иман келтіргендер (момындар), Аллаға бойұсы­ныңдар! Және Расулге бой­ұсы­ныңдар! Сондай-ақ, өз ара­ларың­нан шыққан әмір иелеріне (басшы­ларға) бойұсының­дар!» деп үкім берген. Алла Тағала халқымыздың дархан пейілі мен ізгі ниетіне қарай Нұрсұлтан На­зар­баевты басшымыз болуға нәсіп етті. Ол Раббымыздың қа­лауымен тәуелсіздігіміздің тұғы­ры биік болуына бар күш-жігерін жұмсап келеді. «Патша – Алла­ның жердегі көлеңкесі”. Ислам ғалым­дары патша туралы осын­дай тұжы­рымға келген. Сондық­тан, бүгінгі­дей бейбіт өмірге жеткізіп отырған бас­шының өмір-жасының ұзақ болып, баянды қызмет етуі барша жұрттың тілегі екендігін референ­думды қаншама адамның қол­дағанынан-ақ біле беруге болады. Жұртымыздағы барша мұсылман қауымының да ниеті осы. Бүгінгі күні еліміздегі қажы­лық парызын атқарып келген мұ­сылман бауырларымыздың саны 20 мыңнан асыпты. Қажы­лары­мыздың арасында профессор да, бизнесмен де, әкім де, депутат та, министр де бар. Елбасымыздың өзі үш мәрте ұмра қажылыққа барып, екі мәрте қасиетті Қағбаға кіргені бәрімізге белгілі. Қазақстан Қажылары қауым­дастығы – қажылық парызын атқарып келіп, ислам дінінің барша адамзатқа ортақ аcыл құн­ды­лықтарының жұртымызда кеңінен насихатталуына, халқымыздың жү­регінде имандылық, адамгершілік, ізгілік, мейірбандық және отансүйгіштік қасиеттерін қалып­тас­тыруды мақсат еткен мұсыл­мандардың басын біріктіретін діни бірлестік. Қазақстан халқының 70%-дан ас­тамы мұсылман болғандықтан, қо­ғамның дамуындағы исламның ор­ны ерекше. Ислам дінінің елімізде қанат жаюы жолында қа­жырлы еңбек етіп отырған Қазақ­стан мұ­сы­лмандары діни басқар­масының іргетасының қаланға­нына да биыл  20 жыл. Мұсыл­ман жамағатының рухани ұйт­қысы ретінде танылған Діни бас­қарма діни-рухани істерді мемле­кетіміздің діндер, ұлттар мен ұлыстар арасындағы достық пен өзара түсіністік, сыйластық пен рухани үндестігіне сүбелі үлесін қосумен келеді. Жуырдағы Тәуелсіздік күнінде Астана қаласында Қазақстан мұ­сылмандарының 5-ші Құрыл­тайы өтіп, келесі мерзімге профессор Әбсаттар қажы Дербісәлі Бас мүфти, Мұсылмандар Діни басқармасының Төрағасы болып сайланды. Сол жиында барша мұ­сылмандарға үндеу қабылданды. Біз, Қазақстан Қажылары қауым­­дастығы, 5-ші құрыл­тайда бүкіл мұсылмандарға жол­да­нған үндеуге толық қосылып, қол­даймыз! Алланың біздерге нәсіп етіп, өзгелермен терезесі тең етіп кө­терген егемендіктің арқасында қолы­мыз жеткен ұлан-ғайыр жерімізді көздің қарашығындай сақ­тау жолында халқымыздың ынты­мағын, ауызбірлігі мен тұтас­ты­ғын тілейік! Біз әрбір мұсылман үшін, оларды тозақ отынан қорғау үшін жауапты екендігімізді сезініп, оны өзіміздің өміріміздің мәні етуіміз қажет. Бұл жолдағы біздің мұсылмандар үшін жасаған ең­бегімізді Алла хидаяттың (Аллаға барар тіке жол) себебі етеді. Мұсылман қауымын әрбір сағат сайын, әрбір минут сайын уайым­дау керек, тек сол кезде ғана Алла пайғамбарлардың дұғасындай, біздің де дұғамызды қабыл етеді! Осы жолда аянбай еңбек етуге жұмылайық! Лайым жаратқан Алла елімізді аман, шаңырағымызды биік қыл­ғай! Жаман көздерден, түрлі бәлелерден сақтағай! Әмин.

Қазақстан Қажылары қауымдастығы.

* * *

ТЕРЕҢ ТЕБІРЕНІС ҮСТІНДЕМІЗ

Қазақстанның шығысынан жет­кен ақжолтай қуанышты хабар біз­дің мерейімізді өсірді. Қазақ елінің Тұң­ғыш Президенті, Ұлт Көшбас­шысы, әлемге танымал саясаткер, жерлесіміз Нұрсұлтан Әбішұлы На­зар­баев­тың президенттік өкілет­тігін 2020 жылғы желтоқсанға дейін ұзарту жөніндегі референ­дум­ның бас­тама­шы тобын құруға ар­налған жиынға қатысушылардың Қазақ­стан Респуб­ли­касының аза­мат­та­ры­на жолдаған Үндеуін Қара­сай ау­данының жұрт­шы­лығы терең тебіреніспен қарсы алды. Бұрын-соңды болып көрмеген тың құл­шыныс пен базарлы бола­шаққа деген зор сенімнен қуат ал­дық. Осын­дай шаттыққа бөленуіміз­дің өзіндік сыры да бар, оны айтпасқа болмайды. Нұрсұлтан Әбішұлы ауданның Шамалған (қазіргі Үшқоңыр) ауы­лында шаруа отбасында дүниеге келген сәтінен-ақ асқақ Алатау бөктерінің саф ауасымен тыныстап өскен. Туған жерінің қасиетті то­пырағы, биік шыңдары оның қия­лына қанат бітіріп, асқақ арман­дар­ға құлшындырды. Сол еркіндікті, тәуелсіздікті аңсаған асыл арманы бүгінде іске асты. Туған елі – Қа­зақстан Республикасы бүгінде Еуразия кіндігіндегі қуатты мемлекетке айналды. Қазақстан бүгінде іргесі берік, ынтымағы жарасқан, эко­номикасы қуатты, саяси жүйесі са­раланған, өз жолын, өз бола­ша­ғын айқындаған, әлемдік қауым­дастық алдындағы беделі биік мемлекет. Қазақ елінің айбынды елге айналуы Нұрсұлтан Назарбаев­тың есімімен тығыз байланысты екенін бүкіл халық біледі. Өз тәуелсіздігінің үшінші он­жыл­дығының табалдырығында Қа­зақ­стан алдына мемлекет дамуы­ның келешектегі бағытын анықтайтын жа­ңа міндеттер қойып отыр. Бізде бола­шақ дамуымыздың бағыт-бағ­дары нақты. Ол Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму стратегиясында, 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарында, еліміздің үдемелі ин­дус­триялық-инновациялық даму бағ­дар­ламасында айқын көрініс тапқан­дығы. Нағыз Елбасы – ол өзгелерді де көшбасшылыққа жетелейтін тұлға және мемлекеттің тұрақты өрлеуінің, ортақ үйіміздегі бейбітшілік пен келісімнің кепілі. Өскемен қаласында 23 желтоқ­сан­да өткен жиналыста бірауыз­дан қабылданған Үндеудегі осы­нау жолдар бәріміздің жүрегімізге шаттық сезімін құйды. Өскемен қаласында өткен жи­на­лысқа ауданның өкілдері – Ал­маты облыстық мәслихатының де­путаты, кәсіпкер В.Маткава, Нұр­сұл­тан Әбішұлының сыныптас жол­дасы, Қарасай ауданының Құр­метті азаматы С.Қыдыралиев, Қа­ра­­сай аудандық мәслихатының де­путаты С.Тұяқбаев, еңбек ардагері М.Баймұрзаев қатысып, Қа­зақ­стан Республикасының Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың президенттік өкілеттігін ұзарту жө­нін­дегі референдумның бас­тама­шы тобын құруға арналған бас­қосудан қуанышты көңіл-күйде оралды. Қазір олар көпшілік орындар­да, ауданымыздың елді мекендерінде жұртшылық өкілдерімен кез­десіп, Өскемендегі тарихи жи­на­лыстан алған әсерлері жайлы, Ұлт Көш­басшысы, әлем мойын­да­ған сарабдал саясаткер Нұрсұл­тан Назарбаев туралы әңгімелер өткізіп, халық­тың ықыласына бөленуде. Қара­сай­лықтар «Бұл дұрыс шешім, біз Елбасымен біргеміз» дейді. Айтылғандарды терең сезіне отырып, 265 мың халқы бар, 30-дан астам ұлттардың өкілдерін біріктіріп, тату-тәтті өмір кешкен қасиетті бабамыз Қарасай батыр атындағы аудан азаматтары Қа­зақ­станның Тұң­ғыш Президенті – Елбасы (Ұлт Көш­басшысы) Нұр­сұлтан Әбіш­ұлы На­зар­­баев­тың пре­­зиденттік өкілеттігін 2020 жыл­­­дың 6 желтоқ­санына дейін ұзарту туралы рес­публикалық референдум өткізу жө­нін­дегі ұсы­нысты шын жүректен қолдап, Үн­деуге бірауыздан үн қосуы заңдылық. Үндеуде айтылғандай, бұл шешім біздің болашаққа деген сенімімізді нығайтып, халқымызды біріктіре түспек, қасиетті Ота­нымыз – Қазақстан Респуб­лика­сын жаңа белестерге бастауда бізге, Елбасының жерлестеріне күш-қуат берері сөзсіз.

Ләззат ТҰРЛАШОВ, Қарасай ауданының әкімі.

Алматы облысы.

* * *

ЕЛ ЕРТЕҢІ ҮШІН

2010 жылдың 23 желтоқ­са­нында Өскемен қаласында өт­кен бастамашы топтың жиы­нына қа­тыс­қандардың Қазақстан Респуб­ли­касының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев­тың президенттік мерзімін 2020 жылдың 6 желтоқсанына дейін ұза­рту жөнінен республикалық ре­ферендум өткізу туралы үн­деуін толық қолдаймыз. Мұны біздің ауылдың ардагерлерінің, қалың жұртшылығының пікірі дегім келеді. Біздің Отанымыздың тәуелсіз­ді­гінің 19 жылын ой елегінен өт­кіз­сек, бұл кезеңнің біздің халқы­мыз­дың тағдырын түбірімен жақ­сы жаққа өзгерткенін, Елбасының қажымас қайраты мен сарабдал саясатының, ерен еңбегінің нәти­же­сінде еліміздің ертеңі айқында­лып, тәуелсіздігіміздің тұғыры бекігенін көреміз. Тәуелсіздігі­міздің осы кезеңі ізденісті ілгерілеу мен тарихи оқиғаларға толы болғанын баршамыз мойындай­мыз. Осы жылдар біздің халқы­мыз­дың сан ғасырлық тарихына ал­тын әріппен жазылатыны сөзсіз. Тарлан тарих үшін аз ғана уақыт аралығында Қазақстан бүтіндей алып империяның кішкентай бір бөлшегінен қуатты елге, экономикалық және саяси лидерге айналды. Біздің Прези­денті­­міздің ынта-жігері, күш-қуа­ты ар­қа­сында көптеген елдер­дің көке­йін тескен, бірнеше жыл­дар бойы шешілмей келе жатқан аумақтық мәселе шешілді. Қазақ­стан өз та­рихында тұңғыш рет өзінің мем­лекеттік шекарасын заңды түрде ресімдеді. Енді өз ұрпа­ғымызды көрші елдермен жерге таласу, жер үшін жанжалдасу сияқты келеңсіз жағдайлар алаңдатпайтын болды. Біздің еліміз қоғамды демо­кра­тия­ландыру мәселесі бойынша да көп елдерден озық болып бүкіл әлемге кеңінен танылды. Елба­сының еліміздің саяси жүйесін құрудағы стратегиялық көреген­дігі арқасында халқымыз тұрақ­сыз­дық көріністерден аулақ болды. Осы жылдарда өткізілген эко­но­ми­калық жаңғыртулар елімізді әлемнің қарқынды дамып келе жатқан мемлекеттері қатарына қосты. Қазақстан өз үлгісімен халық саны аз мемлекеттің бүкіл әлемнің дамуына әсер ете алатындығын дәлелдеді. Ядролық қарудан бас тарту, интеграциялық бастамалар, әсіресе, ЕҚЫҰ төр­аға­лары үштігінің құрамына кіру – мұның бәрі әлемдік қоғамдас­тықтың жоғары бағасына ие болды. Әлемдегі ең ірі, ең беделді ұйымның саммитінің Астанада өтуі біздің еліміз үшін де, біздің Президентіміз үшін де баға жетпес зор жетістік. Бүгінгі таңда қазақстандықтар еліміздің жетістіктерін Елбасы есімімен тығыз байланыстырады. Бұл заңды да. Халықаралық беделді сарапшы­лар­дың айтқанындай, Қазақстан­ның таңқаларлық жетістігі «Назарбаев феноменімен» байланыс­ты. Президентіміздің халық ал­дын­дағы жеке жауапкершілігі ға­на бірлік, тұрақтылық, қарқын­ды даму сияқты маңызды жетістіктерге әкелді. Еліміздің тәуелсіздігінің 20 жыл­дығы қарсаңында алда көп­теген жаңа мақсаттар, мемле­кеті­міздің ұзақ мерзімді даму бағдар­ламасын орындау міндеті, Қазақ­станның 2030 жылға дейінгі даму стратегиясының кезекті сатысы – 2020 жылға дейінгі даму жоспары тұр. Міне, осы міндеттердің бәрін іске асыру тек нағыз лидердің қолынан келеді, ал біздің елімізде Ұлт Көшбасшысы – біздің Тұң­ғыш Президентіміз Нұрсұлтан На­з­ар­баев. Ол – біздің жоспар­ларымыздың іске асуының, мем­лекетіміздің нығаюының, тұрақ­ты­лы­ғының, бейбіт өміріміздің, отбасымыздың бейбітшілігінің ке­пі­лі, еліміздің дамуының басты идеялық демеушісі. Сондықтан біз, Қазақстан халқы өзіміздің Пре­зидентіміздің айналасына жи­на­лып, бірігіп, оны қолдап, бүкіл әлемге өз болашағымыз үшін өз жауапкершілігімізді және бейбіт өмірге, елімізді көркейте, гүлден­діре түсуге ұмтылатын­дығымыз­ды дәлелдеуіміз керек. Жалпы, сайлау бола қалғанда да Нұрсұлтан Әбішұлының додадан қара үзіп келетініне дау жоқ. Сондай-ақ, бұл сайлауалды әбі­герден, оған кететін қаржы шығы­нынан құтқарады. Міне, өткенді ойша саралай келіп, тәуелсіздік аясындағы Пре­зидентіміздің орасан зор еңбегіне көз жеткізе отырып, шы­ғысқа­зақстандықтардың Қазақ­стан Рес­публикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баевтың президенттік мерзімін ұзарту жөніндегі республикалық референдумды өткізу туралы ұсынысын қолдаймын және барша қазақстандықтардың да осы үдеден көрінетініне сенімдімін. Осындай тарихи сәтте біз бірлік пен бірауыздылықтың бұрыннан қалыптасқан дәстүрін жалғас­тырамыз деген ойдамын.

Марс ШЫНТАСОВ, Шәмші Қалдаяқов атындағы ауыл ардагерлері кеңесінің төрағасы.

Ақтөбе облысы, Қарғалы ауданы.

* * *

БАЛА ТІЛЕГІ

Бүгінгі таңда тек ата-ананың балаға берген тәрбиесінен, не болмаса балабақшадағы тәр­биеші мен мектеп қабырғасындағы ұстаздар­дың беретін тәлімдерінен бөлек, балаларды өмір жолына дайындап жатқан тағы бір ерекше құрал бар. Ол үйіміздің төрінде тұратын теледидар. Баланың ақылына ақыл қосатын да, білім көкжиегін дамытуға жағдай жасайтын да, жақсы мен жаманға үйрететін де осы теледидар десек ешкімнің таласы бола қоймас. Енді теледи­дардың бір туысқан ағамыздың үйіне әкелген кішігірім қуанышын баяндап берсем деп едім. Туысқан ағамыздың аты – Аршын, тегі – Ахмет. Сол ағам осыдан сегіз жыл бұрын үйленген еді. Бүгінде «Қазақстан» ұлттық телерадиокорпорациясында монтаж жасаушы қызметін атқарады. Ал жеңгеміз болса, өзінен 5-6 жас кіші, қазақы келбетті қаланың кәдімгі ақсары келіншегі. Ол да мемлекеттік қыз­метте. Бұл жас отбасының Алланың берген перзенті, қазір 1-сыныпта оқитын Алтынай есімді кішкентай қызы бар. Осы жас отба­сында қалыптасқан өте бір салиқалы дәстүр бар. Күн сайын кешкілік «Қазақстан» ұлттық телеарнасының қорытынды жаңалықтарын үзбей көреді. Анасы кішкентай қызы ес біле бастағаннан бері дәл осы телеарна жаңалық­тарын көруді міндеттеді. Анасы үшін елде болып жатқан жаңалықтар, әрине, өте маңыз­ды, ал кішкентай әлі мектепке бара қоймаған бүлдіршін үшін жаңалық көрудің несі қызық дерсіз. Бірақ, «Қазақстан» телеарнасын жақсы білетін көрермендер осыдан екі-үш жыл бұрын жаңалықтар аяқталғаннан кейін оған қатысқан барлық шығармашылық қызмет­керлердің аты-жөндері жазылған титр кететінін жақсы біледі. Сол кезде жеңгеміз «Әне, қызым, әне, әкеңнің аты шықты ғой Аршын Ахмет деген» деп әрдайым «Жаңа­лықтар» соңында титрды қызына көрсететін. Бүгінде сол Алтынай есімді сіңлім 1-сыныпта оқиды. Анасының үйреткен дағдысымен «Қа­зақстан» ұлттық телеарнасының күнделікті қорытынды жаңалықтарын үзбей көреді. Жақында сіңлімнің нағашы әжесі қоңырау шалды маған. Сондағы бұйымтайы хат жіберу керек екен. Соңғы уақытта бұқаралық ақпарат құралдарында Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың өкілеттігін ұзарту туралы референ­думды қолдау жөнінде көптеген ұсы­ныс-пікірлер жариялануда. Күнделікті жаңа­лықты қалт жібермейтін Алтынай сіңлім елде болып жатқан маңызды саяси оқиғаның мәнін өз бетінше түсініп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа хат жазыпты. Нағашы әжесі сөз соңында: «Бала деген періште ғой! Қазір Президентіміздің өкілеттігін ұзарту туралы науқан басталды. Хат жаз деп ешқайсысы Алтынайға келіп айтқан да жоқ, бір күні таңертең өзінен-өзі келіп «Әже мына хатты Нұрсұлтан атама жіберейікші. Қолы тиген кезде мүмкін оқып та қалар» деді. Баланың тілеуін періштелер тез қабыл етеді деуші еді ғой. Ләйім солай болса қазағымыздың айы тағы да оңынан туды деген сөз. Шырағым, Алтынайдың хатын Президентке жолдап берсең жақсы болар еді» – деген болатын. Сөйтсем №64 орта мектептің 1-сынып оқушысы Алтынай Ахметова Ел­басы­на былай деп жазыпты: «Сәлеметсіз бе Нұрсұлтан Ата! Келе жатқан Жаңа жылыңызбен! Сізге зор денсаулық тілеймін! Мен былтыр дайындық сыныбында оқы­ғам. Сіздің жетпіс жылдық мерей­тойы­ңызға бір төрттік, жетпіс бес бестік баға алғанмын. Биыл 1-сыныпта оқимын. Нұрсұлтан Ата, менің арманым – он бірінші сыныпты бітіргенше сіз Патша бола берсеңіз екен. Мен қайтсем де он бірінші сыныпты «Алтын белгіге» бітіремін. Соны сіздің сексен жылды­ғыңызға арнаймын. Апам да биыл қажылыққа барғанда менің армандағанымдай тілепті. Әмин! Сәлеммен, Астана қаласындағы №64 мектептің 1 «Ә» сынып оқушысы Ахметова Алтынай».

Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ.

* * *

БІРАУЫЗДАН ҚОЛДАДЫ

Астанадағы «Қазақстан» ор­та­лық концерт залында «Қазақ­стан-2020: жаңа онжылдықтағы – жаңа Қазақстан» атты конференция өтіп, онда сөйлегендер Н.Назар­баев­тың президенттік өкі­леттігін 2020 жылға дейін ұзарту туралы референдум өткізуді бір­ауыздан қолдады. Бүгінгі күні Нұрсұлтан Назар­баев­тың президенттік өкілеттігін ұзарту туралы референдум өткізуді қолдап 2 млн.-нан астам қазақстандық қол қой­ғаны белгілі болып отыр. Қолдардың бәрі де аймақтық сайлау учаскелерінде қажетті тексеру проце­дура­ларынан өткен. Қол жинау 2011 жылдың 10 қаңтарына дейін жалғасады. Конференция жұмысы осы үдеріс туралы жиналғандарға ақпарат беруден басталды. Одан әрі шығып сөйлеу­ші­лердің бәрі де Тұңғыш Президентіміз Н.Назар­баевтың өкілеттігін ұзартудың қажеттігі туралы ой толғады. Олардың арасында Мемлекет тарихы институты­ның дире­к­торы, профессор Бүркітбай Аяған, Парламент Сенатының депу­таты, академик Ға­ри­фолла Есім, Парламент Мәжілісінің де­пу­таты Алдан Смайыл, Қазақстан Жазу­шылар одағы Астана қалалық филиалы­ның төрағасы Әкім Тарази, ақын Серік Тұрғынбек, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төраға­сының орынбасары, «Рада» украин ұлт­тық одағының президенті Юрий Тимощенко, Астана қаласы білім беру саласы ардагерлері кеңесінің төрайымы Раиса Дембицкая және т.б. болды. Конференцияға қатысушылар Өске­мен қаласында қоғам мүшелері көтерген Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаев­тың президенттік өкілеттігін 2020 жыл­ға дейін ұзарту жөнінде бүкілхалықтық бастаманы қол­дай­тындықтары туралы үндеу қабылдады.

«Егемен-ақпарат».

* * *

КЕЛЕШЕКТІ ОЙЛАУ БАРШАМЫЗҒА ПАРЫЗ

Бүгінде әлем халықтары үшін Қазақстан адамзат игілігі жолын­дағы аса маңызды  идеялар орта­лы­ғы болып танылуда. Бұл ретте Ел­ба­сы еңбегінің орасан зор екені айт­паса да түсінікті. Кешегі әлем­ді аузына қаратқан Астана Сам­миті­нің өзі қазақ халқы­ның ұлы істер­дің жаршысы бола алатын жасампаз ел екенін төрт­күл дү­ниеге дә­лел­деп берді. Президентіміз Н.Назарбаев мем­лекеттік билікті жетілдіру мен жа­ңартуда көршілес елдерге қарағанда оза қимылдап келеді. Мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлықпен кү­рес, ұлттық қауіпсіздік пен қорға­ныс, парламенттік жүйе, аймақтық билік жүйелерін үйлестірудің құ­қық­­тық жүйесін жасауда да Қазақ­стан өз көршілеріне өнеге көрсетуде. Нұрсұлтан Назарбаевтың ішкі, сыртқы саясаттағы бастамалары жұрт­­шылық көңілінен шығып келеді. Ел келешегін ойлау – бәрі­мізге парыз. Халқымыздың тарихи тағ­дыры­ның ең бір тар жол, тай­ғақ кешу, тауқыметті тұсында, тіпті біржолата құрып кету қаупі төнгенде, өсіп-өркендеуге мүм­кін­дік алатын ең соңғы майданға жұ­мылған тұста, жүрегінің түгі, та­банының бүрі, кө­ңі­лінің нұры бар Көшбасшы тап бол­ғанына тәубе дегеніміз жөн. Әйт­песе кешегі жиыр­ма жыл бұ­рын­ғы Қа­зақ­стан­ға бір мезет көз тастап кө­ріңізші. Қандай замандардан өттік? ТМД елдеріндегі бүгінгі бо­лып жатқан саяси жағ­дайлардың, ха­лық­тық дүмпулердің барлығы, әри­не, ел басқарушының біліктілігіне тікелей байланысты жағ­дайлар. Қазіргі таңда Қазақ елі үшін аса маңызды жағдай – ол тыныштық, тұрақты­лық. Қандай жағдай болмасын біз еліміздің ішкі саяси тұрақтылығы мен ха­лықаралық қатынастардағы тұ­рақ­ты­лығына мүдделіміз. Қазақ­стан­да ғұмыр кешіп жатқан халық үшін баға жетпес қазына ел тыныштығы екені ақиқат. Осы себепті жалпы ішкі кемшіліктерді көргенде ірікпей, сынап-міней беруге болатын шығар, ал ел на­мы­сы, халықтың абыройы, мем­ле­кет­тің мерейі сынға түсіп тұр­ған тұс­та болмашыдан ілік іздеп ел­діктің берекесін кетірмеуіміз керек. Осы ретте мен Елбасы Нұр­сұл­тан Назарбаевтың өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту мақ­са­тында бүкілхалықтық референдум өткізу жөніндегі бастаманы құптаймын және де халықты осы идея жолында бірге болуға ша­қырамын. Ал Елба­сымыздың өз халқының ұсынысын қабыл ала­тынына сенемін.

Талжан РАЙЫМБЕРДИЕВ, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің вице-президенті,  Бекзат Саттарханов атындағы «НАМЫС» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы.