• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
08 Қаңтар, 2011

Мемлекеттік рәміздердің сақталуы – отаншылдыққа тәрбиелеу көзі

634 рет
көрсетілді

Депутат дауысы

Мемлекеттігіміздің 20 жылдығы қарсаңында бір­ден-бір ескерілуге тиісті маңызды шаралар қатарынан са­налатын Мемлекеттік рәміздер туралы Конс­ти­ту­ция­лық заңның орындалу барысына байланысты қолыма қалам алып отырмын. Үстіміздегі айда аталған заңға соңғы өзгеріс­тер енгізгенімізге бес жыл толады. Заңда рә­міз­дерге құрмет көрсету арқылы қазақ­стан­дық азаматтардың өз Отанына деген құр­ме­тін, сүйіспеншілігін, патриоттық рухын тәр­биелеу бағытында Үкімет, әкімдердің нақты ша­ралар қабылдап, жүзеге асырылуы көз­делген. Көп игілікті істер атқарылып жат­қанын көріп жүрміз. Алайда, күнделікті өмір­де рәміздерге байланысты әртүрлі ке­лең­сіз жағдайлар да ұшырасып жатады. Көптеген азаматтар әлі күнге дейін Мемлекеттік әнұранның мәтінін білмейді. Көпшілік жиналған салтанатты жиындарда бұқара көпшіліктің, тіпті мектеп оқушылары мен жоғары оқу орындарының студенттері де өз дауыстарымен қосылып Гимнді айтуға үй­ренбеген, әдеттенбеген. Барлық ұжымдарда, ел жиналған көпшілік шараларда таспаға жа­зылған фонограмма ойнатылады. Көпшілік, тіпті ант беретін мемлекеттік қызмет­кер­лердің өздері де Гимнге жәй «ән» деп қарайды. Олардың ішінде кейбіреуі заңды не мүлде оқымаған, не мойындамайды. Мәселен, бір ірі шенеунік өзі қатынасып отырған мәртебелі жиынның ашылуында Әнұран ойналған сәтте, қолын кеудесіне қоюды парыз санамағанын өз көзіммен көрдім. Кейбір шенеуніктердің «күшейіп» кеткені соншалықты, олар өздерін заңнан жоғары қойғысы келетін болуы керек. Жақында Қазақстанның гандболшы (қол добы) қыздары Азия чемпионатында жеңіске жетіп, жанкүйерлерін қуантты. Өкінішке қарай, олардың құрметіне Гимн орындал­ғанда жеңімпаз қыздар қатар тұрып, заңның талабына сәйкес не Туға мойын бұрмады, не қолдарын жүрек тұсына қоймады. Сол кезде ғана олардың басқа елден келген спорт­шы­лар екенін түсініп, көп жанкүйер төмен қа­рады. Олардың құрметіне Қазақстан Респуб­ликасының Гимні орындалған сәттегі сурет баспасөзде жарияланды. Онда Дәулет Тұр­лыханов, тағы екі-ақ адам қолдарын кеудесіне қойып, қалған 23 адам өз беттерінше тұр. Бұл жағдай, әсіресе, Қазақ елінде өтетін қысқы Азия ойындарының қарсаңында көпшілік көңілін алаңдатары хақ. Біздің еліміздің Туы астында спорттық бәсекеге қатынасатын спортшылар қандай шартпен Қазақстан атынан жарысқа түседі? Мемлекеттің спортқа бөлген қаржысының қандай бөлігі жалданбалы спортшыларға кетеді? Жас ұрпақты, жас спорт шеберлерін отан­шылдыққа, өз Отанының патриоты бо­лу­ға қалай тәрбиелемекпіз? Президенттің Жаңа жылдық құттық­тауы­нан кейін түнгі сағат 24.00-де телекомпаниялар өз жұмыстарын Әнұран орындаудан бастаса да орынды болар еді. Ресей каналдары үнемі осылай етеді. Ежелден Америка азаматтарының өз гимндерін сөзімен айтып, жүрек тұстарына оң қолдарын қойып, мақтанышпен тұра­тын­дарын бүкіл әлем біледі, әрі соған құрметпен қарайды. Бұл рәсім Бразилия, тағы басқа елдерде қалыптасқан. Қырғызстанда, Өзбек­стан­да өз заңдарына осындай элемент кіргізгендерін баспасөзде отаншылдық сезіммен жазды. Осыған байланысты мемлекетіміздің 20 жылдығы шараларында мемлекеттік рәміз­дердің пайдаланылуы, олардың халықты, әсіресе, жастарды отаншылдыққа тәрбиелеу­дегі рөлі туралы Үкіметтің нақты жұмысы көрініс беруі тиіс деп білемін. Қуаныш СҰЛТАНОВ, Сенат депутаты.