Депутат дауысы
Мемлекеттігіміздің 20 жылдығы қарсаңында бірден-бір ескерілуге тиісті маңызды шаралар қатарынан саналатын Мемлекеттік рәміздер туралы Конституциялық заңның орындалу барысына байланысты қолыма қалам алып отырмын. Үстіміздегі айда аталған заңға соңғы өзгерістер енгізгенімізге бес жыл толады. Заңда рәміздерге құрмет көрсету арқылы қазақстандық азаматтардың өз Отанына деген құрметін, сүйіспеншілігін, патриоттық рухын тәрбиелеу бағытында Үкімет, әкімдердің нақты шаралар қабылдап, жүзеге асырылуы көзделген. Көп игілікті істер атқарылып жатқанын көріп жүрміз. Алайда, күнделікті өмірде рәміздерге байланысты әртүрлі келеңсіз жағдайлар да ұшырасып жатады. Көптеген азаматтар әлі күнге дейін Мемлекеттік әнұранның мәтінін білмейді. Көпшілік жиналған салтанатты жиындарда бұқара көпшіліктің, тіпті мектеп оқушылары мен жоғары оқу орындарының студенттері де өз дауыстарымен қосылып Гимнді айтуға үйренбеген, әдеттенбеген. Барлық ұжымдарда, ел жиналған көпшілік шараларда таспаға жазылған фонограмма ойнатылады. Көпшілік, тіпті ант беретін мемлекеттік қызметкерлердің өздері де Гимнге жәй «ән» деп қарайды. Олардың ішінде кейбіреуі заңды не мүлде оқымаған, не мойындамайды. Мәселен, бір ірі шенеунік өзі қатынасып отырған мәртебелі жиынның ашылуында Әнұран ойналған сәтте, қолын кеудесіне қоюды парыз санамағанын өз көзіммен көрдім. Кейбір шенеуніктердің «күшейіп» кеткені соншалықты, олар өздерін заңнан жоғары қойғысы келетін болуы керек. Жақында Қазақстанның гандболшы (қол добы) қыздары Азия чемпионатында жеңіске жетіп, жанкүйерлерін қуантты. Өкінішке қарай, олардың құрметіне Гимн орындалғанда жеңімпаз қыздар қатар тұрып, заңның талабына сәйкес не Туға мойын бұрмады, не қолдарын жүрек тұсына қоймады. Сол кезде ғана олардың басқа елден келген спортшылар екенін түсініп, көп жанкүйер төмен қарады. Олардың құрметіне Қазақстан Республикасының Гимні орындалған сәттегі сурет баспасөзде жарияланды. Онда Дәулет Тұрлыханов, тағы екі-ақ адам қолдарын кеудесіне қойып, қалған 23 адам өз беттерінше тұр. Бұл жағдай, әсіресе, Қазақ елінде өтетін қысқы Азия ойындарының қарсаңында көпшілік көңілін алаңдатары хақ. Біздің еліміздің Туы астында спорттық бәсекеге қатынасатын спортшылар қандай шартпен Қазақстан атынан жарысқа түседі? Мемлекеттің спортқа бөлген қаржысының қандай бөлігі жалданбалы спортшыларға кетеді? Жас ұрпақты, жас спорт шеберлерін отаншылдыққа, өз Отанының патриоты болуға қалай тәрбиелемекпіз? Президенттің Жаңа жылдық құттықтауынан кейін түнгі сағат 24.00-де телекомпаниялар өз жұмыстарын Әнұран орындаудан бастаса да орынды болар еді. Ресей каналдары үнемі осылай етеді. Ежелден Америка азаматтарының өз гимндерін сөзімен айтып, жүрек тұстарына оң қолдарын қойып, мақтанышпен тұратындарын бүкіл әлем біледі, әрі соған құрметпен қарайды. Бұл рәсім Бразилия, тағы басқа елдерде қалыптасқан. Қырғызстанда, Өзбекстанда өз заңдарына осындай элемент кіргізгендерін баспасөзде отаншылдық сезіммен жазды. Осыған байланысты мемлекетіміздің 20 жылдығы шараларында мемлекеттік рәміздердің пайдаланылуы, олардың халықты, әсіресе, жастарды отаншылдыққа тәрбиелеудегі рөлі туралы Үкіметтің нақты жұмысы көрініс беруі тиіс деп білемін. Қуаныш СҰЛТАНОВ, Сенат депутаты.
•
08 Қаңтар, 2011
Мемлекеттік рәміздердің сақталуы – отаншылдыққа тәрбиелеу көзі
634 рет
көрсетілді