• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
08 Қаңтар, 2011

Алаяқтарға алданғандарға араша керек

418 рет
көрсетілді

Депутат дабылы

Осы жылдың қараша айында «Нұр Отан» ХДП Маңғыстау облыстық фи­ли­алында қоғамдық қабылдау өткізу кезін­де маған келген Ақтау қала­сы­ның тұр­ғы­ны М.К.Маханованың ары­зы төмен­дегі жәйтке назар аудартуға негіз болып отыр. 2009 жылдың наурыз айында М.К.Ма­ханова өзіне және отбасының тағы екі мү­шесіне (әкесіне және апасына) «Kaspi Вank» акционерлік қоғамының Ақтау филиалының қызметкерлері тарапынан өздерінің сырты­нан жалпы сомасы 3 млн. теңге көлемінде не­сие алу жөніндегі заңсыз шарт жасал­ға­нын анықтайды. Бұл факт жөнінде М.К.Ма­ханова тиісті орган­дарға арызданып, оның арызы бойынша Маңғыстау облысы бой­ын­ша Эконо­ми­ка­лық және сыбайлас жем­қор­лық қыл­мыс­қа қарсы күрес жөніндегі департаменті (қаржы полициясы) тергеу жүр­гізіп, оның ба­рысында банк қызметкерлері тарапы­нан осындай алаяқтық жолмен 40-қа жуық адам үстінен жалған несиелік шарт жасалып, қаржы алынғанын анықтайды. Жасалған қолжазба сараптамасы (почерковедческая экспертиза) нәтижесінде М.К.Ма­ханова мен оның отбасы мүше­лері атынан құжаттарда қойылған қол олардың қолы еместігі де белгілі болады. Алаяқтықпен олардың үстінен несие алған «Kaspi Вank» АҚ АФ «Хард Коллекшен» бөлімінің бас маманы Н.­О.Аб­­доллаеваның үстінен 25.05.2009 ж. және 10.06.2009 ж. Қазақстан Республикасы Қыл­мыстық кодексінің 177-бабы 3-бө­лі­гі­нің б) тармақшасы бойынша қыл­мыс­тық іс қоз­ғалған. 29.07.2009 ж. Н.О.Аб­доллаева Қыл­мыстық кодекстің аталған бабы бойынша «Ірі мөлшерде жасаған алаяқтығы» үшін айыпталған және Ақтау қалалық соты судьясының санкциясы бойынша «қамау» түріндегі бұлтартпау шарасы алынған. Алайда, белгісіз себептермен Н.­О.Аб­­доллаеваның қашып кетуіне байланысты бүгінгі таңда оған іздеу салынып, Қазақ­стан Рес­публикасы Қылмыстық іс жүр­гі­зу ко­дексі­нің 50-бабы 1-бөлімінің 2-тар­ма­ғы бой­ынша қылмыстық іс жүргізу тоқтатылған. Ал, алаяқтықтан зардап шеккен М.К.Ма­ханованың және оның отбасының мүше­леріне несие алу үшін жасалған заңсыз шарт­тардың күші әлі күнге дейін жойыл­маған. Шарт бойынша көрсетілген несие сомасына айып­пұл есептелуде көрінеді және банк қызмет­керлері ай сайын несиені төлеу жөніндегі ескертпелер мен хаттарын зардап шеккен азамат­тарға жолдауын доғарар емес. Арызданушы өздерінің моральдық, материалдық зардап шегіп, күндіз күлкі, түнде ұйқысынан айырылғанын айтып, осы заңсыз несиелерді өздерінің мой­ны­нан алып тастауды сұрайды. Еліміздің Бас прокуратурасы осындай зардап шегушілердің санының көп бо­луы­на байланысты Қазақстан Респуб­ли­ка­сы заң­намасы аясында осы мәселемен айна­лы­сатын тиісті мемлекеттік органдардың жұмысына қадағалау жасап, прокурорлық тексеру жүргізіп, әділдіктің орнауына ықпал етсе, нұр үстіне нұр болар еді. Гүлнар СЕЙІТМАҒАНБЕТОВА, Мәжіліс депутаты.