• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
11 Қаңтар, 2011

Жеңді!!!

548 рет
көрсетілді

WBA және IBA жүйелері бойынша кәсіпқой бокстан әлем чемпионы Бейбіт Шүменов Шымкентте шаршы алаңда осы атақтан үміткер, 3 дүркін әлем чемпионы америкалық Уильям Жоппиді алтыншы раундта нокаутқа түсірді. Әлем чемпионы атағын қайтарып алсам, атақ-даңқпен қоса көл-көсір ақша өзінен өзі келеді деген Жоппидің арма­ны есекдәме екен. Қазақ ұлының оң жақ қапталдан опырып ұрған жұдырығы есінен тандырды. Үш ұмсынып орнынан тұра алмады. Бірақ, Жоппиге тіреліп тұрған мәселе жоқ еді. Бейбіттің де, халықтың да күткені бұл емес болатын... Ешкімге хабар салмастан Шымкенттен шұғыл жиналып, Алматы арқылы Гамбургке ұш­ып кеткен WBO жүйесі бой­ын­ша әлем чемпионы Юрген Бремер енді Германияда жатып Бейбіттен кешірім сұрайды. “Мен өте өкінудемін. Келісілген жекпе-жек өтпегені үшін Бейбіттен шын көңіліммен кешірім өтінемін”, деп құдайдың зарын қылып жатқан Юргеннің бұлайша ақтарылуы қазақ­стан­дық жанкүйерлердің жүрегін жылыта қоймас. Бейбіт – ердің сойы ғой. Әйт­песе, белінде бір емес, WBA және IBA-ның алтын белбеуі бар әлем чемпионы жағасы жайлауда жүрсе керек-ті. Өзіне сенген соң ғой WBO-ның алтын белдігіне көз тіккені. “Сен көнге бір белдік са­ла­сың, Ал, мен екеуін қоямын. Үш белдік – жеңген адамдікі. Тәуекел десең қолым міне”, дейді ғой қазақтың әлем чем­пионы немістің әлем чемпо­ны­на. Неміс келісіп тұрып, жалт беріп кетті. Бабасы Қажымұқанға тарт­қан ардағым-ай. 1905 жылы Хар­бинде өткен халықаралық жа­рыста Иван Поддубный бас­та­ған орыс балуандары жапон­дарды қиратып жығады. На­мыстан өртенген жапон Саракики Жиндофу джию-джитсу әдісімен күресуді ұсынады. Адамның сұрауы жоқ жекпе-жектен, әрине, Поддубный бастап бас тартады. Қазақта өлім­нен ұят күшті деген аталы сөз бар. Жапон жер тепсініп тұрған соң Қажымұқан намысқа қызып Поддубныйдың бөгегеніне қа­ра­май “иттің күресі болса да күресемін” дейді. Ресейдің емес, өз намысының жер бол­мауы үшін шығады. Қызыл ала қан болады. Бір ыңғайлы сәтте Саракикиді ұстап алып, та­нау­ы­на қос саусағын тығып, бас терісін жалаңаштап тастайды. Міне, қазақ қайраты, өлім­нен арды жоғары қоятын ұлт­тық мінезі, намыс жолында жа­нын аямайтын тектілігі, рухы­ның асқақтығы. WBA және IBA жүйелері бойынша әлем чемпионы Бейбіт Шүменов WBO жүйесінен әлем чемпионы Юрген Бремерді шаршы алаңға шақырғанда осы оқиға еске түсті. Қазақтың қайыңның құн­дыз­дығындай қайсар баласы атақ қуған желөкпелердің бірі емес еді. Елінің тілеуін тілеп жүрген бекзат-тын. Қазақтың бір баласы ретінде Отанына тамаша сый жасағысы келген. Тәуекелге бел буғаны сол. Бремер солақай. Төрт жарым ай жаттығу залынан шықпай солақай боксшының ыңғайына дайындалды. Атойлап кіріп, қор­ғанысын бұзатын айла-амал­да­рын жетілдірді. Маңдайдан шық­қан тер балақтан тамшылады. Сү­мектей болды. Арманы Қазақ­стан­ның жиырма жылдық тәуел­сіздігіне сый тарту болатын. Шымкентке келген неміс бокс­шысы ешкімге хабар салмай қашып кетеді деп кім ойлаған. Бір ой айтады, Бремердің іші өтсе өткен-ақ шығар деп. Тамақтан. Бірақ, тамақтан уланған адам ең бірінші кезекте аурухана іздемейтін бе еді?! Шымкентте Керімбек Ниязбаев деген жігіт бар. “Жебе” ком­паниясының президенті. Қазақ мультфильмін өрге сүйреп жүр­ген жайсаңдардың бірі. Нұрғали Әшімов облыс әкімі болып тұр­ған кезде сол кісінің қолдауы­мен бір топ жігіт Америкаға барып келген. Есігі сырттан келгенге тарс жабық “Уолт Дисней” кино­компаниясына да амал тауып кірген. Ташкент көрген жігіттер ғой. Сол Керімбек Америкадан бір жаңалық ашып оралды. Христофор Колумб сияқты емес, әрине. Онда екінің бірі бір-біріне ізет көрсетіп “кешіріңіз” деп жатады. Бір-біріне сүйкеніп кетсе де, байқамай қағып кетсе де. Не деген сыпайы ел, міне, нағыз демократия деп таңқалдым. Кейін ойлап көрсем, бұл ізет­тің демократия, асқан мәдениет­тен бөлек тағы бір сыры бар сияқты. Байқамай қағып кеткен адамың сен кешірім сұрамасаң дереу сотқа береді. Жеңеді. Әжеп­тәуір ақша өндіріп алады. Қит еткеннен кемшілік теріп, сот­та ақша алып маманданғандар да көп екен. Бұл өзі Еуропа үшін пайдалы кәсіп көрінеді. Керімбектің ашқан жаңалығы осы. Юрген Бремер – неміс. Ал, тиын­нан теңге құрайтын неміс деген жұртыңыз өз шаруасына тас­тай. Егер уланса, онда Шым­кент­те өздері-ақ сол тамақтанған ресторанды сотқа тартар еді. Жаһанға жар салып. Сондықтан Бремердің Бейбіттен қорқып “қашып кеткені” ақиқатқа жуықтайды. Бұл туралы чемпионның інісі, осы шаруаның басы-қасында жүр­ген Шыңғыстың уәжі де орынды. – Әуежайдан қарсы алғанда-ақ жанарынан сескену көрдік, –дейді ол. – Біз оларды мәртебелі кісілер түсіп жүрген қонақ үйге орналастырып, бар жағдайын жа­сасақ та ол келесі күні жаттығуға келмей қалды. Анализін тап­сырудан да бас тартты. Неміс­тердің кеткелі жатқанын қонақ үй әкімшісінен біліп барғанымызда олар фойеде дайын тұр екен. Біз олармен бірге әуежайға барғанда америкалық промоутер Дэн Гуссен командасымен ұшақтан түсті. Гуссен Бремердің жаттықтыру­шы­сы Михаэл Тим арқылы сөй­лесіп, келісім-шартқа қол қойыл­ғанын, заңдылықты бұзса, жауап­қа тартылатындығын айтқан. Бремер ауырып тұрғанын желеу етті. Бірақ, түрі сырқат адамға еш ұқсамайды. Сап-сау. Гуссен келі­сім-шарт бойынша егер боксшы сырқаттанып қалса, Кәсіпқой бокс федерациясының дәрігер­ле­ріне қаралу жайын айтқанымен, тың­дайтын құлақ болмады. Шартты бұзған Бремер Гер­ма­нияға кетіп тынды. Кетемін деген адамды арқанмен байлай ал­май­сың. Бар ақиқат осы. Уильям Жоппи қайдан пайда болды деген сауал болуы мүмкін. Шаршы алаңда қарсыласын 39 рет жеңіп, 6 рет қана жеңіліс дә­мін татқан бұл жігітіңіз 3 рет әлем чемпионы тәжін киіп көр­ген. Мәңгілік ештеңе жоқ. Бірде жеңесің, бірде жеңілесің. Аме­ри­калық алпамсадай шой қара жігіт әлем чемпионы атағын қайта қайтарып алу үшін Гайрат Ахмедовпен кездесуге тиіс болатын. Жоппиға қалай болғанда да алтын белбеу, әлем чемпионы деген атақ керек. Ал атақты болу дегеніңіз көп ақша, қызықты өмір. Бейбіттің әкесі Әмірхан – жүрегі нәзіктеу кісі. Бала­сының кезегі жақындаған сайын өңінен қобалжу байқадық. – Мына қара дию оспадар екен, – деді. – Кездесу алдында екі боксшы таразыға түсіп, бір-біріне қарсы қарап тұратыны бар ғой. Жоппи Бейбітке қыр көр­сетіп, шомбалдай жұдырығымен иегінен көтеріп жіберді. Бей­біт­тің оң қолы түйілгенін байқап, ұрып жібере ме деп қорқып едім, ұлым байсалдылық танытты. Біз де іштей сескеніңкіреп қал­дық. Тегін адам таз бола ма де­гендей, үш рет әлем чемпионы болған жігіт кімнен айылын жи­сын. Не бел, не белбеу кететін сын­да тұр. Атағымды қайтарып аламын деген көкірегі ала қаптай. Оның үстіне солақай боксшыға дайындалған Бейбіт оңтайға келіп тұр. Абыржып жүрген Әмірхан көкемізге қарағанда Сәуле әпке­міздің жүйкесі мықты екен. Ұлы әлем чемпиондарын күнде ты­мақпен ұрып алып жүрген­дей өз-өзіне сенімді. Алып ана­дан туады деген осы шығар. Жоқ. Біздің жігіт шыдатпады. Жемін көрген жолбарыстай жымып, шаршы алаңда өкше­леп отырды. Шоқпар жұды­рық­тар жасындай ойнайды. Маң­дайдан, аш бүйірден қанжардай қадалады. Жоппи қорғаныста жүрді. Бесінші раундта оң жақ қапталдан тиген соққы бір бүктеп түсірді. Нокдаун. Ал­тыншы раундтағы жойқын ша­буылдың бірінде Бейбіт оң қап­талдан қақырата ұрды. Орған шөптей жапырыла құлаған Уильям қайтып көтеріле алмады. Нокаут! – Менің армандағаным бұл жеңіс емес еді, – дейді Бейбіт. –Америкада жүрсем де сүйікті Отаныма деген сезім жүрегімді жылытады. Еуропаның төрі қазаққа бұйырғанда қатты қуандым. Дүние жүзінің мықты мемлекеттерінің басшылары Ас­танаға жиылып, Саммит өт­кен­де көңілім тағы марқайды. Америкада Елбасымыз Нұр­сұл­тан Назарбаевқа құрмет үлкен. Қазақстанды танып болды. Осы­дан бір ғасыр бұрын ел бо­ламыз ба, әлде өзгенің шы­лау­ын­да кетіп, бодандық қамытын киіп кетеміз бе деген қор­қы­ныш халқымыздың басында болды. Ал қазір оның бәрі ұмы­тылып, тәуелсіздігіміздің жиыр­ма жылдығына дайын­да­лып жатырмыз. Мен де осы ха­лықтың бір бөлшегімін. Елдің мәртебесін көтеріп, қуанышын еселейтіндей сыйлық жасағым келді. Ел, жер иесі қазақ халқы үшін. Көп ұлтты Қазақстан үшін, сындарлы саясатымен мемлекетімізді әлемге мәшһүр қылғаны үшін Елбасымызға сый тарту еткім келді. Ол үшін үш белдіктің басын біріктіріп, мұратым жеңу болатын. Бре­мер­дің табанының бүрі болып, шаршы алаңға шыққанда мен сөзсіз жеңіске жетер едім. Бұдан кейін не дейсің ұлыңа... Кеше ғана сияқты еді осы ержүрек жігіттің мұхит асып Америкаға барғаны. Бір жолдорбамен. Спорт киімі және бокс қолғабымен. Ағылшын­ша­сы тақ-тұқ. Бір бокс клубына барып, шаршы алаңда қарсылас шыдатпайды. Америкада та­лант­­қа құрмет ерен. Жол тез ашылады. Кіл мықтылармен шаршы алаңға таңдап түсіп, аз­даған уақытта екі жүйе бой­ынша әлем чемпионы атағын жеңіп алды. Абырой биігіне көтерілді. Інісі Шыңғыс екеуі беделді промоутерлік орталық ашты. “Елден келген балалар мен сияқты қиналмасын”, деп атақты Лас-Вегастан 1 гектар жер сатып алып, спорт орта­лығын салып жатыр. Кімнің қолынан келеді мұндай ерлік. Үш жүйе бойынша әлем чем­пионы болып, халқыма сый жасасам деген ұлыңа тілектес бол, жамағат. Жасанған жауға жасқанбай жалғыз шабатын, жү­регінің түгі бар осындай ба­тыр, бағлан ұлдарыңның қатары көп болғай! Бақтияр ТАЙЖАН, Шымкент.