• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
11 Қаңтар, 2011

Азиада алауы бүгін Әл-Кувейт қаласында тұтанады

571 рет
көрсетілді

Аталмыш шара күндіз Әл-Кувейт қаласының сим­волына айналған, шетел қо­нақтарының ең басты на­зар аударатын жері, Ас­танадағы «Бәйтерек» монументімен теңесетін «Ку­вейт-тауэрс» маңында бас­та­лады. Бұл ерекше мұна­раның кішігірім көшір­месі қазір Астана қала­сының Кенесары көше­сінде орна­лас­қан Ауыл шаруа­шы­лы­ғы министр­лігінің ғима­ра­тында орын алып отыр. Осы ғимарат Кувейт қоры­ның қара­жа­тына салынған. Азиада алауының тұ­та­натын жері болып Кувейттің таңдалуы кездейсоқ емес. Өйткені, мұнда Азия олим­пиялық кеңесінің штаб-пәте­рі орналасқан. Алаудың тұ­та­натын рәсімі қызықты және тартымды болады деп күтілуде. Ал отандас­та­ры­мыз оның әрбір сәті мен ке­зеңдерін «Хабар» телеар­на­сынан берілетін эстафета күнделігінен көре алады. Алауды тұтандыру сал­та­натында Азия ойындарын ал­ғаш рет өткізгелі жатқан елі­мізді Туризм және спорт министрі, Астана және Алматы қа­ла­ларының әкімдері мен басқа да ресми лауазым иелері та­ныс­тырады. Онда алауды бірінші болып АОК президенті шейх Ахмад әл-Фахад әл-Сабах ұстап, еліміздің Туризм және спорт министрі Темірхан Досмұхам­бе­товке табыс етеді. Осыдан кейін кішігірім кезең аясында Азия құрлығының ірі спорт державалары саналатын Қы­тай, Жапония, Оңтүстік Корея мен Қазақстанның өкілдері алауды бір-біріне бере отырып, Әл-Кувейт қаласының көше­ле­рімен алып жүреді. Одан әрі алаугерлер алауды мұнараға, содан кейін әуежайға жеткізеді. Біздің елге алау чартерлік рейс­пен арнайы тасымалданбалы құты-құмырада Алматыға жеткізіледі. Осы жерде алау эста­фетасының ел ішіндегі саяхаты басталады. Осы оқиғаға байланысты жақында Азия ойындары алау эстафетасының алаугерлерін ірік­теу бойынша республи­ка­лық комиссияның қорытынды отырысы өткенін атап өту жөн. Туризм және спорт министрі Темірхан Досмұхамбетов төр­аға­лық еткен отырыста құ­рамы­на танымал спорт, саясат және мәдениет өкілдері кіретін комиссияның мү­ше­лері 11 қаңтарда Әл-Ку­вейтте бастау алатын эс­та­фета алау­герлерінің тізімін бекітті. Оның кон­кур­сы былтыр алауды өңір­лер­де ұстап жүруге ниет еткен аза­мат­тардың анкеталарын жинаудан басталған болатын. Іріктеу барысында үміткерлердің пат­риоттығына, өмірлік ұста­ны­мының белсенділігіне, Олимпиада идеалдарын ардақтайтын­ды­ғына басты назар ауда­рыл­ды. Сөйтіп, алдымен КСРО спорт шебері, 1972 жылы Мюнхен қаласында өткен Олимпиадада Кеңес Одағы мен АҚШ ара­сын­дағы баскетбол турнирінің фи­нал­дық матчына қатысушы, Қа­зақ елі тарихында тұңғыш Олимпиада чемпионы атанған қанда­сы­мыз Әлжан Жармұхамедовтің алауды Қызылорда облысында ұстап жүретіні шешілді. Сонымен бірге, Роза Рымбаеваның туған жері Шығыс Қазақстан облысында, Қы­дырәлі Болмановтың Қара­ған­ды облысында алаумен жүгіріп өтетіні белгілі болды. Алау эста­фетасы тек қана атақты спорт­шы­ларды алғы шепке қоймай, олардан басқа тәртіп сақшысы, өрт сөндіруші, құтқарушы қыз­мет­керлері­нің батылдық таныт­қан­дары алауды ұстап жүру құ­қығына ие болады. Мысалы, өжет­тігімен көзге түскен 20 жастағы дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі Артем Колесниченко суға батып бара жатқан қызды құтқарып, ерлік жасаған. Ол Қостанай облы­сының атынан астаналық кезе­ңінде алауды ұстап жүреді. Алау эстафетасы дирекциясы басшы­сы­ның орынбасары Сәрсен Құ­ранбектің айтуынша, эстафетада спорттың арқасында өз өмірлерін жақсартқан адамдарға көп көңіл бөлінеді. Қазақстан жас­та­ры осы алаугерлерді көріп, олардың жетістіктерін естіп, спортқа деген құштарлықтарын арттырып, жеңістерге талпы­на­ды. Яғни, біздің жобаның ең басты мақсаты – еліміздегі бұқаралық спорт­ты дамыту серпілісін тудыру. Осы кезге дей­ін еліміздің атақты спорт­шы­лары Олимпиада чем­пион­дары, әлем және Азия ойын­да­ры­ның чемпион­да­ры да ша­қырту алды. Олардың арасында Дәулет Тұрлыханов, Жақсылық Үшкемпіров, Ольга Шишигина сияқты саңлақтар бар. Ал ең бірінші болып алау эстафетасына қатысуға құқық беретін серти­фи­катқа Грекия­ның Қазақ­стан­дағы Төтенше және өкілетті елшісі Евагелос Денаксас ие болды. Грекия – Олимпиада қозғалысының ота­ны, сондық­тан Грекия елшісіне эстафетаға қатысуға рұқсат берілгені жөн болды деп ой­лай­мыз. Оның алау эстафетасына қатысуы дүние жүзіне Олимпиада мен Азия ойындарының бір-бірімен тығыз туысқандық байланыста екенін көрсетеді. Сонымен бірге, эстафе­та­ның белгілі нысандарда өте­ті­нін атап өту жөн. Әрбір ке­зеңнің бағыттары Қазақ­стан­ның аса назар аударарлық жерлерін телеарна күнделіктерінде көр­се­ту жоспарлануда. Астана­лық кезең «Қазақ елі» монументінен басталып, Есіл өзе­нінің сол жақ жағалауындағы аса көр­некті архитектуралық нысан­дарының, соның ішінде Аста­наның символына айнал­ған «Бәйтерек», «Қазақстан темір жолы» ұлттық компа­ния­сының ғимараты, еліміздің ең үлкен мешіті «Нұр Астана» жанымен өтеді. Ал Алматыда эстафета шаңғымен тұғырдан секіру кешенінен басталса, Оралда Еуропа мен Азияны қо­сатын көпірде, Ақмола облы­сында өлке інжуіне айналған Бурабаймен жүріп өтеді. Жалпы, конкурс нәтижесінде 1020 алаугер іріктеліп алынды. Оның 100-і астаналық кезе­ңін­де, 80-і Алматы көшелерімен және тағы 60-ы әрбір өңірде алып жүреді. Алау эстафетасы бүгін, жоғарыда айтқанымыздай, Әл-Кувейт қаласында алау отының тұтану салтанатында басталып, ертең Алматыға келеді де, еліміздің барлық өңірлерін аралап шығып, 30 қаңтарда Астана қаласында «Астана-Арена» ста­дионында Азиаданың ашылу салтанатының шарықтау шегінде аяқталады. Дастан КЕНЖАЛИН.