• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
11 Қаңтар, 2011

Шар Айна

536 рет
көрсетілді

Конгрессменге қастандық жасалды Аризона штатынан Өкілдер палатасының мү­шелігіне сайланған қырық жастағы Габриель Джиффордсқа сайлаушылармен кездесуі кезінде қастандық жасалды. Кездесу Тусон қаласындағы Safeway супермаркетінде өтіп жатқан болатын. Габриель Джиффордс басынан ауыр жарақат алып, ауруханаға түсті. Қастандық кезінде атылған оқтан, сондай-ақ алты адам қаза тапты, оның ішінде федеральдық судья мен 9 жасар қыз бар. Бұдан бөлек тағы 12 адам жарақат алды. Оқ атқан 22 жастағы Джеред Ли Лафнер тұтқындалды. Ақпарат көздеріне қара­ғанда, Джеред Ли Лафнер бұрын сотталған, жүйке ауруымен ауыра­ды. Ал Габриель Джиффордс ханым демократиялық партия­ның мүшесі. Оның жарақаты аса ауыр. Тағы бір мемлекетпен толығуы мүмкін Жексенбі күні Суданның оңтүстігінде референдум басталды. Оның қорытын­ды­сы бой­ынша Судан екі мемлекетке бөлінуі мүм­кін. Бұл жөнінде Рейтер агенттігі хабарлады. Агенттіктің таратқан ақпараттарына қара­ған­да, елдің оңтүстік провинцияларында оннан астам, ал сол­түстігінде және шет елдерде үш мыңға жуық дауыс беру учаскелері ашылған. Референдумға 4 миллионнан астам адам қаты­сады деп күтіліп отыр. Тіркелген осы сайлаушылардың кемінде 60 пайызы қолдап дауыс берген жағдайда референдум өтті деп танылады. Ал дауыс беру 15 қаңтарға дейін жалғасады, референдумның нәти­же­сі 6 ақпанда жария етіледі. Қазіргі кезде референдумды 17 мыңға жуық байқаушы қадағалауда. Олардың ішінде АҚШ-тан, Еуро­одақтан, Қытайдан және Ресейден байқаушылар бар. Судан мемлекеті 38 миллион халқы бар Африкадағы ірі мемлекет болып табылады. Жолаушылар ұшағы апатқа ұшырады ИТАР-ТАСС агенттігінің хабарлауын­ша, «Иран эйр» авиакомпаниясының Боинг-727 жолаушылар ұшағы Урмия қаласы әуежа­йының маңында апатқа ұшыраған. Оған қалың қар мен тұман себеп болған. Ирандық Фарс агенттігінің ақпараттарына қарағанда, әуежай диспетчері ұшақты ауа райының қолайсыздығына байланысты Теһранға оралу қажеттігін ескерткен. Осыдан кейін-ақ ұшақ радардан жоғалып кеткен. Апат салдарынан ұшақтағы жолау­шылар мен экипаж мүшелерінің 77-сі қаза тапты және 27 адам жара­қат алды. Ал бір адам хабарсыз кеткендердің қатарында. Иранның Батыс Әзірбайжан провинциясында үш күндік аза тұту жарияланды. Қытайдың қарулануынан сескенеді «Нью-Йорк Таймс» басылымының ақ­па­­рат­тары бойынша, америкалық барлау қыз­­меті Қытайдың қарулануды дамыту дең­­гейін жеткілікті бағаламаған. Бұл ту­ралы АҚШ-тың Қорғаныс министрі Роберт Гейтс өзінің Пекинге сапармен бара жатқан кезінде ұшақ ішінде мәлімдеді. Қорғаныс министрінің мәлімдеуінше, Вашингтонды Қытайдың корабльдерге қарсы баллистикалық ракеталар жасауы ерекше мазасыздан­дырады. Бұл әскери қару түрі өңірдегі америкалық авиатасымал­даушыларды, сондай-ақ бесінші буынды әскери ұшақ­тарды атып түсіре алады. Пентагон басшысының бұл мәлімдемесі туралы Қытай тарабы қазірге пікір білдірген жоқ. Бірқатар мә­лі­меттерге қарағанда, Қытайдың 2010 жылғы әскери бюджеті 76-78 миллиард доллар аралығында. Ал АҚШ-тың өткен жылға әскери мақсатқа жұмсаған шығыны 636 миллиард долларды құраған.