Елбасымен біргеміз!
Таңдау жасар тарихи сәт Өскемен қаласында көптен бері халықтың көкейінде жүрген мәселеге байланысты бастамашы топтың құрамында сөз сөйледік. Ондағы негізгі ой Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту туралы референдум өткізуді қолдау болатын. Өз басым осынау ұсынысты қолдайтындығымды айтқым келеді. Оның бірқатар себептері бар. Бүкіл әлемді тығырыққа тіреген қаржы дағдарысынан Елбасының тікелей басшылығымен аса шығынсыз шыққанымыз жақында ғана. Тәуелсіздігімізді алған 19 жылдың ішінде көптеген оңды өзгерістер болғандығын айта кету керек. Жас елордамыз әлемдік қоғамдастықтың саяси астанасына айнала білді. 72 ел мен халықаралық беделді ұйымдардың басшылары байырғы қазақ жерінде тұрақтылық пен дамудың біртұтас формуласын әзірлеу үшін бас қосты. Ванкуверден Владивостокқа дейінгі аралықты қамтыған Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы өмірінде жаңа дәуірді бастауға негіз қалаған саммитке қатысушылар қол қойған Астана Декларациясының орны ерекше. Аталған халықаралық айтулы шараны өткізу барысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен саяси беделі айқын көрінді. Міне, осыдан-ақ Елбасының тұлғасы тек елдің ішінде ғана емес, сонымен бірге, халықаралық қоғамдастық алдында да асқақ екендігіне куә болдық. Өскемен жеріндегі айтулы шараға көптеген беделді адамдар қатысқандығын айта кету ләзім. Елдің болашағын ойластырған сол басқосуда маңызды шешім қабылдау оңай болған жоқ. Өзім Мәжіліс депутаты ретінде өңірлерде жиі боламын, сол сапарларымда сайлаушылармен кездесу барысында олардың өздеріне деген сенімінің артып келе жатқанына көз жеткізе түсемін. Қазақстан халқы әр түрлі қиындықтар мен сынақтардан өте отырып, елді өркендеу жолына бастайтын біртұтас күшке ұйыса білді. Біздің алдымызда нақты мақсат қойылған, ең бастысы – халық үшін болашаққа стратегиялық бағыт қалаған Көшбасшымыз бар. Олай болса, халық пен Елбасы арасында сенім орныққан айрықша пішін құрылғандығын атап айтқым келеді. Бұл болашақ жетістіктер мен табыстардың формуласы болмақ. Халыққа қаратып айтқан сөзінде Нұрсұлтан Әбішұлы былай деді: «Біз Қазақстанды күш біріктіре отырып табысқа жеткіздік, енді оны бірге өркендете аламыз». Осындағы «бірге» деген сөздің астарында үлкен мағына жатыр. Тек Елбасымен бірге ғана біз көптеген асқақ жоспарларымызды жүзеге асыра аламыз. Сонымен қатар, бірлесе ғана біз алдан шыққан барлық қиындықтарды еңсеретінімізді айтқым келеді. Елдің алдында тұрған орасан міндеттерді аса халықаралық беделге ие, елдің аяғынан нық тұруы барысындағы қиындықтарда басқарған, мемлекет құрудағы орасан тәжірибе жинақтаған Ұлт Көшбасшысы ғана атқара алады. Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің болашақ дамуының басты идеялық дем берушісі де. Президент бойында әлі халықты жаңа жетістіктерге бастайтын күш-қуат жеткілікті екендігін ерекше атап өткен жөн. Олай болса, сайлау өткізіп, көптеген қаржы мен уақытты босқа сарп еткеннен гөрі сол қаржы мен уақытты индустриялық-инновациялық бағдарламалардың орындалуына, жергілікті жерлердің проблемаларын шешуге бағыттайық. Сайлау өткен жағдайда көптеген мекемелер жұмыстарынан қалып, науқанға жұмылатыны белгілі жәйт. Бұл өз кезегінде экономикаға салқынын тигізері айтпаса да түсінікті. Оның үстіне елді болашаққа бастай алатын өзге Көшбасшыны көріп отырғаным жоқ. Осы жерде мынаны айтсам ба деймін. Өткен жүзжылдықтың 70-ші жылдары мен көптеген көрнекті азаматтармен бірлесе жұмыс істедім. Сол кездегі сәттер менің үйдегі фотоархивімде сақтаулы. Соның бірінде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен бірге түскен суретім бар, мен соны үнемі мақтан етіп жүремін. 80-ші жылдардың екінші жартысында Кремльде түскен суретте сол сәт бейнеленген. Ол кезде мен КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутатымын, Целиноград облысы Қорғалжын ауданы Амангелді атындағы кеңшарда механизатормын, ал Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Төрағасы еді. Сол шақта менімен суретке түскен Н.Назарбаевты Отанымның болашақ Президенті, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті болады деп кім ойлаған. Енді, міне, Нұрсұлтан Әбішұлымен бір командада жұмыс істеп келемін. Таңдау келген сәтте менің ойыма халқының ең жақсы деген қасиеттерін бойына жинаған көреген де сарабдал басшымыз Нұрсұлтан Назарбаев түсіп отыр. Президенттің елге сіңірген еңбегі жылдардың бедерінде бұдан да бетер жарқырап көрінетін болады. Елбасының өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту туралы референдум өткізген әлдеқайда тиімді боларына көз жеткізу қиын емес. Өскемен жерінде өткен айтулы шара барысында оған қатысушылар Елбасының өкілеттігін ұзартуды бірауыздан қолдады. Қазіргі таңда осыған байланысты өңірлерде жұмыстар жүргізіліп жатыр. Соның барысында халықтан қол жиналып, ол Орталық сайлау комиссиясына келіп түседі. Жан-жақты саралаудан өткеннен кейін барып Мемлекет басшысының қол қоюына жіберіледі. Онда да Елбасы референдум өткізуге қарсы емес пе, деген сұрақ туындауы мүмкін. Егер Нұрсұлтан Әбішұлы келісіп жатса, онда аталған шараны өткізу жария етіледі. Әзірге тек соған дайындық барысы жүріп жатыр. Кейбіреулер сайлауға кеткен шығын референдумға да кетеді деуі мүмкін. Мен мұнымен келіспес едім. Сайлау өткізу кезінде дайындық айлап жалғасады. Оған қаншама адам тартылады, сонымен қатар көптеген қаржы жұмсалады. Одан да бізге сол қаржыларды неге елдің дамуына жұмсамасқа. Референдум өткізілуі керек пе, жоқ керек емес пе, ол екінші мәселе. Бірінші мәселе – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты халықтың қолдауы. Ең бастысы да осы. Ал қалғаны еліміздің Ата Заңы негізінде жүзеге асырылуға тиіс. Осының барлығын екшей келіп, мен барлық қазақстандықтарды өздерінің жауапкершіліктерін сезінуге шақырамын. Біздің бастамамызды қолдай отырып, дұрыс таңдау жасау сіздердің қолдарыңызда дегім келеді. Әрбіріңіздің дауыстарыңыз – ол халықтың еркі болып табылады. Ал халық әрқашанда өзінің еркін тарихтың әрбір маңызды сәттерінде көрсете білген. Наталья Геллерт, Парламент Мәжілісінің депутаты. Ғалымдар үні үндес Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың қолдауымен құрылған «Фитохимия» халықаралық ғылыми-өндірістік холдингі бүгінде отандық фармацевтикалық өндірістің көшбасшысы ретінде белгілі. Құрамында химия, фармакология, биология және фармация салаларына бағытталған 14 ғылыми-зерттеу бөлімдері бар бұл ұйым бірқатар маңызды жобаларды іске асырып келеді. Барша қазақстандықтар сияқты Елбасының президенттік өкілеттігін бүкілхалықтық референдум өткізу арқылы ұзарту туралы республикалық бастамашы топтың Үндеуі холдинг ғалымдары мен мамандары арасында қызу қолдау тапты. Осыған орай өткен жиында оның жарқын көрінісі айрықша байқалды. Онда өз ойларын ортаға салып, пікірлерін білдірген ҰҒА академигі, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Серғазы Әдекенов, химия ғылымдарының докторы, профессор Болат Хасенов, фармацевтикалық зауыттың директоры Евгений Толоконников Елбасының көмек-қолдауы арқасында ғылымды реформалау бойынша атқарылып жатқан іс-шаралардың ұлттық инновациялық жүйенің дамуына, отандық ғылымның өркендеуіне, оның өзекті мәселелерін шешуге ықпалы зор болып отырғандығына тоқталды. Бұған нақты мысал ретінде Елбасының тікелей тапсырмасымен Қарағандыда фармацевтикалық кешеннің 1-ші және 2-ші кезегі іске қосылып, соның негізінде бірегей отандық дәрілердің 43 түрі шығарылуы жолға қойылғандығы аталды. – Сүйікті Қазақстанымыздың ғажайып жетістіктері Елбасының бастамасымен қолға алынған бағдарламалардың нәтижесінде жүзеге асуда. Ал ертеңгі міндеттер одан сайын биіктігін білеміз. Оны атқаруға халықтың күш-қабілетін жұмылдыру тек Тұңғыш Президентіміздің қолынан келеді. Сондықтан әлем таныған Көшбасшымыздың еліміз мерейін өсіру жолындағы басты мақсатын орындай түсуіне мүмкіндік берілуін қолдаймыз,–деген ҚР Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының корреспондент-мүшесі, химия ғылымдарының докторы Гаянэ Атажанованың жүрекжарды сөзін химия ғылымдарының докторлары Айбек Тұрмұхамбетов, Бораш Төлеуов қостап, ғылым саласындағы қызметкерлерді мемлекет тарапынан әлеуметтік қорғауға ерекше көңіл бөлінуіне, мемлекеттік стипендиялар тағайындалып, атаулы сыйлықтар деңгейі көтерілуіне ризалық білдірді. Айқын НЕСІПБАЙ, Қарағанды. Бақытымызды бағалай білейік Сексеннің сеңгіріне көтерілген замандастарым! Бүгінгі Президентіміз – Нұрсұлтан Назарбаевтың дара даналығын, керемет кемеңгерлігін, білгір бастамашылдығын, жаңашыл жасампаздығын, көріпкел көрегендігін, абзал адамгершілігін, асқан азаматтығын, қайырымды қамқоршылдығын, ұлан-ғайыр іскерлігін, сайыпқыран саясаткерлігін, болашақты болжағыштығын, сұңғыла стратегтігін, майталман мәмілегерлігін, тағы осындай санап тауыса алмастық асыл қадір-қасиетін біздерден артық білетін де, бағалайтын да ешкім жоқ. Өйткені, Нұрсұлтан Әбішұлындай, адамзат тарихында ХХ ғасырда дүниеге келген аса ерек тұлға, бақытымызға орай, біздің ақкөңіл, қарапайым қазақ халқының арасынан шықты. Өзімізбен бірге жасасып, қиындығымызды, қызығымызды, қуанышымызды бірге бөлісіп келеді. Нұрсұлтан Әбішұлы ерек жаратылысты Адам. Оны, алдымен қазаққа, Қазақстанға, одан қалды күллі Адамзатқа осыларды ХХ-ХХІ ғасырларда бір жарылқайықшы деп Жаратқан Иеміздің өзі әдейі берген. Құдайтағаланың ол сыйына мың да бір рахмет. Біздер, қазақтар бағзы заманнан Жаратқан Иеміз үлесімізге Еуразия құрлығы жүрегінен ойып Қазақстан атты құт мекен берсе де, онда тұрақтап тұра да алмай, оны дұрыстап игілігімізге жарата да алмай, «ұшарымызды – жел, қонарымызды – сай білген» қаңбақтай көшіп-қонып, байыз таппаған, бірақ, «жерұйық» мекенді аңсап, армандаған халық едік. Сол мүсәпірлігімізді пайдаланып, біздің халықтың атақоныс мекеніне қай жұрт көз тікпеді? Қай жұрт біздің халықты езгіге салмады? Содан да еркінен айрылып, тәуелсіздікті аңсаған, егемен ел болуды армандаумен болған халық едік. Нұрсұлтан Әбішұлы Тұңғыш Президент болып тарихи аренаға келіп, 1991 жылы қазағын ғасырлар бойы аңсаған сол арманына жеткізді. Халқын тәуелсіз етті. Қазақстанын егемен ел, Тәуелсіз мемлекет жасады. Бұл орайда оның жасағаны ауызбен айтып тауыспастай, жазып жыр етіп жеткізбестей, том-томдық энциклопедия боларлық шежірелер. Бірақ, Нұрсұлтан Әбішұлының жасағанын түйіп-түйіп айтпасқа хақымыз жоқ. Ал, олар мыналар: Жас, тәуелсіз мемлекетін аяғынан қаз тұрғызу үшін шет мемлекеттерден Президент беделімен алған несие-қарыз – Назарбаевтық тұңғыш инвестиция! Ел тәуелсіздігін Ата Заңмен бекіткен – Назарбаевтық тұңғыш Конституция! Өзге мемлекеттен тізе бүгіп ақша сұрамас үшін 1993 жылы басылып шығарылған ұлттық валюта – Назарбаевтық тұңғыш ақша! Ешкім тәуелсіздігімізге көз алартпас, шегімізге қол сұқпас үшін жасақталған Назарбаевтық тұңғыш Армия! Республикада достықты, ынтымақты, бірлікті нығайту үшін құрылған әлемдегі бірден-бір Назарбаевтық Қазақстан халқы Ассамблеясы! Тарихта алғашқы рет шегі айқындалған Назарбаевтық Мемлекеттік шекара! Тарихта тұңғыш рет Еуразия жүрегінде салынған жаңа Елорда – Назарбаевтық Астана! Еуроатлантикалық және Еуразиялық одақты нығайтқан, ЕҚЫҰ елдерін біріктірген, Қазақстанның дамыған экономикасын, саяси-әлеуметтік жетістігін әлемге паш етіп, оның жұлдызын жандырған, ұлттық рухымызды асқақтатқан Назарбаевтық Астаналық Саммит! Қария замандастарым, бүгінде әлемдік жаңа геосаясаттың Көшбасшысына да айналған Президентіміз Н.Назарбаевтың осыншама күрескерлігін, даналығын, жасампаздығын көріп отырса да – көргісі келмейтіндер, біліп отырса да – білгісі келмейтіндер бар. Оларды мен өз басым, қариялықпен «көрсоқырлар» деп кемсітпесем де, бөлектенушілер санаймын. Үстіміздегі жылдың 23 желтоқсанында бүгінгі Президентіміз, бүкіл адамзаттық аса ерек тұлға – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың президенттік өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту жөнінде Үндеу тастаған өскемендік ақылды ағайындардың патриоттық үніне олар бұратартқыш бірен-саран басылымдар беттерінде қосылмайтын сыңай танытты. Қаншама қазақстандық патриоттар Президентіміздің өкілеттілігін ұзартуды қолдап, оны бүкілхалықтық референдумда дауысқа салу дұрыс деп шешіп жатқанда, бөлекшілдер бөлектенді. Ау, бөлектенгіш балаларым-ау, Президентіміздің өкілеттілігін ұзарту – оған табыну ма екен? Олай ету оның Президенттік іскерлігін, жасампаздығын мойындау, оның сол қасиетін қадірлеу емес пе! Ал, Бүкілхалықтық референдум өткізу жөнінде шешім қабылдауда не сөкеттік бар? Бұл – нағыз демократияның көрінісі емес пе!.. Қадірменді қариялар, біз жақсы-жаманды бастан кешкен адамдармыз. Ненің жақсы, ненің жаман екенін жақсы білеміз. Біздің Нұрсұлтан Президенттен жамандық көрген жеріміз жоқ. Зейнетақымыз тәуелсіздік жылдарында сегіз есе өсті. Әлі де өсіп жатыр. Пәтеріміз жайлы. Құрмет, қошеметке бөленудеміз. Ендеше, қазақты – қазақ, Қазақстанды – Қазақстан етіп, атымызды әлемге аспандатып отырған Нұрсұлтан Президентті біз мадақтамай – кім мадақтайды! Біз қолпаштамай – кім қолпаштайды! Біз жақтамай – кім жақтайды! Олай болса, замандастарым, біз «Бір қарын майды – бір құмалақ шірітетінін» де жақсы білеміз. Сондықтан алда болатын Бүкілхалықтық референдумда осыны да ескеріп, бейбастықтарға тыйым сап, сүйікті Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлына бүкіл қазақстандықтардың бір кісідей «Президенттік өкілеттігі 2020 жылға дейін ұзартылсын!» деп, дауыс берулеріне дәнекер болайық! Әбілфайыз ЫДЫРЫСОВ, жазушы, профессор. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Елбасына сенім – ертеңге сенім Елбасының терең парасаты мен кемел саясатының арқасында, біздің еліміз ЕҚЫҰ төрағалығы міндетін үлкен абыроймен атқарып шықты. Оның соңында осы ұйымның Саммитін өте биік деңгейде өткізіп, елімізді бүкіл дүние жүзіне мойындатты. Құдайға шүкір, бүгінде Қазақстанымыз жан-жақты дамып, жылдан-жылға өзінің халықаралық беделін нығайтып, келешекке нық сеніммен қарап келе жатыр. Біздің ұжымның кеңейтілген кәсіподақ жиналысында Елбасының өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту жөніндегі ұсыныс толығымен мақұлданып, бірауыздан қолдау тапты. Жиналыста сөйлеген азаматтардың бәрі елімізде болып жатқан толағай табыстарды, оның ішкі және сыртқы саясаттағы, экономикасы мен әлеуметтік саладағы жетістіктерді тікелей Елбасымыздың сара саясаты мен ерен еңбегінің жемісі екенін атап айтты. 2008 жылы қараша айында Оңтүстік Қазақстан облысына іссапармен келген Елбасы денсаулық сақтау саласына басым бағыттар белгілеп, нақты тапсырмалар берді. Оның ішінде жүрек-қан тамырлары ауруларынан өлім-жітім көрсеткіштерін төмендетуге басты назар аударылды. Елбасының берген тапсырмаларына сай облыс көлемінде осы салада ауыз толтырып айтарлықтай қомақты жұмыстар атқарылды. Қазіргі уақытта біздің облысымызда халыққа кардиохирургиялық көмек көрсету жұмысы даму үстінде. Облыстық кардиологиялық орталықта Қазақстан, Ресей, Польша, Түркия, Литва және Израиль клиникаларында дайындықтан өткен мамандар бар. Біліктілік дәрежелері жоғары. 2010 жылы біздің кардиоорталықта 306 ашық жүрекке операция жасалынды. 460 науқастың жүрек тамырына 555 стент қойылды. Мамандарымыз жүрекке жасалынатын операциялардың барлық түрін меңгерген. Жалпы айтқанда, елімізде кардиохирургияның дамуы үлкен жетістіктерге алып келді. Осыдан 3-4 жыл бұрын жүрекке коронарлық шунт, стент қою, радиожиілікті абляция операцияларын жасау және жүректің камераларына кардиовертер-дефибрилляторларды орнату үшін науқастарды шет елдерге жіберуші едік, ал қазір, Құдайға шүкір, бұл операциялардың бәрі де өзіміздің елде жасалынып жатыр. Бүгінгі күні кез келген кардиологиялық науқас, керекті емнің барлық түрін өзіміздің елде қабылдай алады. Біз бұл нәтижеге Елбасының тікелей қолдауының арқасында жеттік. Еліміз тәуелсіздігінің 20 жылында ғасырға бергісіз ғаламат, ғажайып жетістіктер мен жеңістерге жетуі – Елбасымыз Н.Назарбаевтың маңдай терінің нәтижелері. Осыдан 20 жыл бұрын Мәскеу Қазақстанды басқаруға ел пікірімен санаспай-ақ көлденең көк аттыны жібере салса, ал бүгінде, өз жолымызды өзіміз анықтайтын дәрежеге жеттік. Қазақстан қазір өркендеу, өрлеу үстінде десек, онда ел болып Елбасына өзі бастаған Ұлы көшті діттеген межелі жеріне өзі бас боп жеткізуіне мүмкіндік беруіміз керек. Сондықтан сындарлы саясат сындарынан сүрінбей өтіп келе жатқан тәжірибелі тұлғаға ел тағдырын әрі қарай да сеніммен тапсыруға болатындығына сенімдімін. Спандияр БЕКЖІГІТОВ, облыстық кардиологиялық орталықтың бас дәрігері, медицина ғылымдарының докторы. Шымкент. 4 миллион 292 мың қол жиналды Кеше Өскеменде Н.Назарбаевтың президенттік өкілеттігін ұзарту бойынша референдум өткізу жөніндегі республикалық бастамашы топтың жетекшісі, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің ректоры Ерлан Сыдықов БАҚ өкілдері үшін кезекті брифинг өткізді. Оның айтуынша, үстіміздегі жылдың 10 қаңтарына қарасты республика бойынша 4 миллион 292 мыңнан астам қол жиналған. Бастамашы топ 11 қаңтарда қол жинау жұмыстарын аяқтап, өз құжаттарын Орталық сайлау комиссиясына тапсырмақ. Осы орайда Ерлан Сыдықов Қазақстан Республикасы Парламентінің бастамашылығымен жасалынған Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтыруларды республикалық референдумға шығару туралы Қазақстан Республикасы Парламентінің ұсынысын қабылдамау туралы Президент Жарлығының бізге қатысы жоқ, бастамашы топ республикалық референдум өткізуге байланысты жұмыстарды одан әрі жалғастыра беретін болады деп атап көрсетті. Оңдасын ЕЛУБАЙ. Кемел ойлы кемеңгер Жуырда шығыс өңірінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік өкілеттігін 2020 жылдың соңына дейін ұзарту жөнінде келелі жиын болып өтті. Бастамашы топ игі ұсыныс көтеріпті. Өткен ғасырдың соңғы ширегінде қазақ тәуелсіз ел атанды. Азаттық жолында жанын азапқа салған аталардың рухы оянды. Көгінде көк байрағы желбіреп, төрінде өрелі сөз айтатын ұлтқа айналды. Төрткүл дүние таныды. Өркениеттің өркенді жолына түсті. Халқының қамын ойлап, елі мен жерін қызғыштай қорғап, бар ауыртпалықты парасаттылықпен көтеріп келе жатқан ерен тұлға – Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев. Бұл есімді әлем алдында мақтаныш етеміз. Рас, азаттық алған жылдарда ел қиындықтың құрсауында болды. Нарықтық экономика келді. Ауыл абдырап, өндіріс тұралап қалды. Сол кезде елдің бірлігі мен берекесін кетірмей, жаңаша жол тауып, халықты соңынан ерте білген Елбасының еңбегі ерен. Мұны елден ерек туған қайраткердің қолынан келетін іс деп білеміз. Енді міне, ел еңсесін тіктеп, бойын түзеді. Экономикамыз дамудың даңғыл жолына түсті. Елімізде жүзден астам ұлт берекелі ғұмыр кешіп, мерекелі күн кешіп отыр. Бүгінде қазақ елі дүниенің бар тарапынан келген ізгі ниетті жандарды ақжарқын дос көңілмен қарсы алады. Қай халықпен болса да тереземіз тең тұрып сөйлесеміз. Бұл – Нұрсұлтан Назарбаевтың халқына әперген үлкен беделі. Ұлт Көшбасшысының өзгеше өріп айтар ерлігі – қазақтың бас қаласын Сарыарқа төріне көшіріп, Есілдің сол жағалауынан көркіне көз тоймас әсем шаһар бой көтерді. Бұл – халықтың ұлы мақсаттары жолындағы жасалып жатқан үлкен жұмыстардың бірегейі деп білеміз. Мемлекет басшысының елордаға деген ықыласы ерекше. Жас Астананың көркем болғаны еліміз үшін де, Елбасы үшін де үлкен абырой. Тәуелсіздіктің 19 жылын артқа тастадық. Алдымызда асқаралы 20 жылдық. Осы жылдар аралығында үлкен жетістікке Ұлт Көшбасшысының сарабдал саясатының арқасында қол жеткізіп, баянды өміріміздің базарлы шағын дүйім дүниеге паш етіп отырмыз. Әлемді шарпыған қаржы дағдарысы кезеңінде де Елбасымыз тығырықтан тегеурінді шыға білді. Соның нәтижесінде бірнеше үлкен жобалардың дүниеге келуіне және жұмыс орны санының артуына жол ашылды. Бұл – халықтың әлеуметтік жағдайы жақсарып, өнімділік еселене түседі деген сөз. Елбасының беделі төрткүл дүние алдында да жоғары екені мәлім. Оны жақында Астанада өткен ЕҚЫҰ Саммиті кезінде де тағы да бір мойындатты. Сол Саммиттен кейін Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың абыройы одан әрі асқақтап, халық алдында жаңа бір белеске көтерілді. Егер Президент сайлауы өтер болса, Елбасына дауыс берушілер саны бұрынғыдан да арта түсері хақ. Айта берсек, жақсылыққа, жаңалыққа толы толайым істеріміз көп. Сондықтан осы ауыз толтырып айтқан игілікті жетістіктерімізге жетуге тікелей бастамашы болған Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік өкілеттілігін ұзарту туралы бүкілхалықтық референдумды толық қолдаймын. Оңалбай АЯШЕВ.