Азиадаға 18 күн қалды
Астана қаласындағы «MEGA Astana» сауда ойын-сауық орталығында Азиаданың кішкентай аруы мен кішкентай сұлтаны сұлулық байқауы өтті. Оған қатысу үшін 100 үміткерден 25 үздік қатысушы іріктеліп алынды. 4 жастан 12 жасқа дейінгі байқаудың қатысушылары үш ай бойы дефиле негіздері мен актерлік шеберлікті меңгерді. Сахнада олар өздерінің би, вокалдық мүмкіндіктерін және кештерге киетін киімдерін көрсетті. Қазылар алқасы мүшелерінің таңдау қорытындысы бойынша 5 жасар Нұрай Сұлтан Азиаданың кішкентай аруы атанса, Азиаданың кішкентай сұлтаны атағына 12 жасар Сұлтанәлі Нұрманов ие болды. Ал Азиаданың балғын аруы номинациясына 8 жасар Карина Мырзабекова таңдап алынды. Байқаудың жеңімпаздарына Азиаданың ұйымдастыру комитетінің, «ADIDAS», «MEGA Astana» СОО атынан кәдесыйлармен «Имидж студии благородных девиц» атынан 600 мың теңге соманың сертификаты табыс етілді. * * * Таяуда Өзбекстанда Азиадаға арналған «VII Қысқы Азия ойындары. Астана – Алматы» атты арнайы екі жаңа пошта маркасы айналымға енгізілді. Мәнерлеп сырғанау мен фристайлға арналған қос марканың бірінде мұздағы мәнерлеп билеу көрінісі бейнеленсе, екіншісінде фристайл спорт түрінің үздік бейнесі салынған. Маркалардың оң жақтағы жоғарғы бұрышында Азиада эмблемасы мен «7-Qishki osiyo o`yinlari (Astana – Alma-Ata)» деп жазылған. * * * Азиада күндері жанкүйерлерді қоса есептегенде Астанаға шетелден 12 мыңнан астам қонақ келеді деп күтілуде. Оларды қаланың 34 қонақ үйіне орналастыру жоспарлануда. Осыған байланысты қала әкімдігі барлық қонақ үйді паспорттандырудан өткізді. Жанкүйерлерді орналастыруға болатын қосымша мейманханалар анықталып, спорт нысандарында спортшылар мен көрермендерді тамақтандыру мәселесі пысықталды. Олармен жұмыс істеу үшін мың ерікті тартылды. Жалпы, Азиадаға 2239 адам келеді деп жоспарлануда. Оның ішінде 836 спортшылар, жаттықтырушылар, төрешілер, дәрігерлер мен 403 ресми лауазым иелері және басқа құрметті қонақтар бар. Мың адам шетелдік және отандық БАҚ өкілдері болады. сонымен бірге әр елден көптеген жанкүйерлер келеді делінуде. «Егемен-ақпарат».
•
12 Қаңтар, 2011
Азиада айшықтары
492 рет
көрсетілді