• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
01 Сәуір, 2016

Қайталанған тағдыр

514 рет
көрсетілді

Өмірлік жар табуда жаңылыса беретіндерді былай қойғанда, бір жасаған қателігін қайта-қайта жасайтын, қанша сүрінсе де сабақ болмайтын, маңдайының соры бес есе қалыңдар да бар емес пе?! Мәселен, қайтып баспаймын деген жерін үш рет басқан, төрт рет тұрмысқа шықса да, күйеулерінің қылығы бірінен бірі айнымаған мына бір әйелдің тағдырын алып қарайықшы. Бұл әйелге бастапқыда күйеу­лері жақсы көріп қосылып, бірақ уақыт өте келе түсініксіз жағдайда аралары суып, тіпті, оның бар-жоғын ұмыта бастайтын еркектері бұрынғы отбасына немесе тастап кеткен нақсүйеріне қайта оралады екен. Бір қызығы, бұл әйел өзін сүйген азаматты сүймейді, бақытты ете алады-ау деген еркекке тимейді. Психологтар оның махаббатқа қатысты машақаттарын зерттей келе, бақытсыздығының сырын балалық шағынан іздейді. Мектепте оқып жүргенде басқа ұлдар оны ұнатып қалса да, көп ұзамай басқа қыздармен әуейі бола жөнеледі. Неге екені белгісіз, көзге түсетін, жақсы оқитын, беделді балаларды іштей ұнатса да, көп ұзамай қашқақтай бастайтынын немесе өзін жақсы көріп қалған бозбаладан өзі де біртіндеп бойын аулақ сала бастайтынын сезетін, мойындайтын. Болмысында бір өткірліктің жетіспейтіндігі, жақсы көрген адамына бірден тәуелді болып, ығына жығыла бастауы жігіттерді бірден жалықтыратын-ды Ал енді кейін есейіп, өзіне есеп бере алатын жаста да мұндай оқиғалар өз өмірінде қайталанып жатты. Қысқасы, оның қыз кезінде де, өз тағдырына келгенде, жігерлі болғаны шамалы болатын. Жас жігіттерден гөрі, жасы үлкен еркектер, тіпті, отбасы бар адамдарға жиі ұрынатын-ды. «Ортақ өгізден – оңаша бұзау артық» дегендей, бұрын үйлі-баран­ды болған жанмен толыққанды бақыт­ты болу сирек кездесетін жағ­дай емес пе?! Бұрынғы әйелін жер-жебіріне жеткізіп жамандайтын, екі қолын төбесіне қойып ажырасып келген екі күйеуі де уақыт өте келе, жаздым-жаңылдым деп, бұрынғы отбасына оралғанын өзі біледі. Үшінші күйеуі де біраз отандасқаннан кейін, көп шатақ шығармай-ақ, түсініс­пей жүрген шешесінің үйіне кетіп тынған. Төртіншісінен де осыған ұқсас жағдайдың айналасында ажы­расты. Басында бәрі де дұрыс сияқ­ты болатын, уақыт өте келе теле­фонын қолынан тастамай, сәті түс­се сытыла кетіп, сыртқа шы­ғып сөйлесіп, сыбыр-күбірі көбейе бер­ді... Сонымен, екі жылдан соң ол да балаларым үшін дегенді себеп қы­лып, бұрынғы әйеліне кетіп қалады. Сонымен, төрт рет тұрмысқа шығып, бағы ашылмаған әйелмен психолог көп уақыт жұмыс істей келе, төмендегідей пайымға келеді. Біздің кейіпкеріміз өз өміріне ұқсас осынау жағдайларды бала күнінде жиі сезінгенін мойындайды. Үнемі ырың-жырың болып, керісіп жататын әкесі мен шешесі. Анасы әкесімен қатты ұрсысып қалса, кішкентай қызын пана тұтып, ішіндегі қасіреті мен мұңын осыған шағады екен. Отбасындағы ұрыс-керісті ұмыту үшін қызын жетектеп, дүкен аралап, айналып-толғанып, барлық назарын перзентіне аударады да, әкесімен қайта татуласса, мұның бар-жоғын да ұмытып кетеді. Қысқасы, осындай енжар қарым-қатынас біртіндеп көңіліне қаяу салып қана қоймай, саналы ғұмырында да қайталанып, кесірін тигізіп отыр. Сонымен, мамандар бұл әйелге «керексіздік синдромынан» балалық шақтан ілесіп келе жатқан сатқындық салқынынан арылу үшін қандай кеңес береді? Бала кезден ілесіп келе жатқан осынау сценарий есейген кезде де соған ұқсас соқпақты таңдауға итермелеп тұр ғой. Себебі, бұл әйел өзін жалғыз сезінген кезде ғана өзі сияқты қам­қорлық пен түсіністікке мұқтаж адам­ды іздейді де, ол адам өзін тапқан кезде біздің кейіпкеріміз бала күнгісіндей тағы да ешкімге керексіз болып шыға келеді. Егер бұл әйелдің бүкіл өміріне сараптама жасасақ, ол да өзінің жанынан жақын адам керек кезде сүйікті жартысына жанын салады да, араға біраз уақыт салып, күйеуі бар екенімен өзінің де ісі болмайды, еріне деген сүйіспеншілігі жоғалады. Қысқасы, бір кезде анасы өзіне не істесе, ол да еркектерге соны істейді немесе керісінше. Ең бастысы, біздің кейіпкеріміз сана түкпірінде тығылып отырған сол сценарийден құтылу үшін шындап сүюге, шын мәнінде бақытты болуға, өткенді кешіруге, тіпті, түбегейлі өзгеруге тура келері анық. Әрине, бұл бір ғана адамның мысалы, егер сан түрлі бақытсыздық болса, онда оның сан түрлі себебі бар. Біз көтеріп отырған мәселенің өзге де қырлары жетерлік. Мәселен, өмірде ештеңе де текке кетпейтіндігі мәлім. Өмір бір шеңбер сияқты. Жасаған жақсылығың да алдыңнан шығады, жамандығың да өзіңе қайтып оралады. Біздің тағдырымыздағы бақыт­сыздықтардың қайталануын басқа тұрғыда қарастыратын ілімдер бар. Мәселен, бір үйде атасы, әжесі, баласы, келіні, немересі немесе күн көрсетпейтін қайынене, қайынсіңлі деген сияқты, тағысын тағылар болды делік. Бір-біріне туысқан, жора-жолдас, жегжат болып келетін бұл адамдар өткен өмірде де бір-біріне байланыста болған адамдар көрінеді. Неге бұлай болады? Біздің қылы­ғымыз, жасаған қадамдарымыз – Құдайдың құдіретімен – жақсы болсын, жаман болсын алдымыздан шығады. Қарап отырсақ, балаларымыздың, әкеміздің, шешеміздің, тіпті, бауыр­ларымыздың біздің алдымызда өтелмеген қарызы бар сияқты – біздің де олардың алдында өзіміз де білмейтін, өтелмеген борыштарымыз бар көрінеді. Сонда не істеуіміз керек деген сауал туады ғой. Адам жаралғалы бері осының мәнісін зерттеуге уақытын арнаған ғұламалар бізге жақындарымызға барынша жақын болуға кеңес береді. Яғни, қаның мен ұрқың араласқан адамдармен барынша тату-тәтті болып, түсіністікке ұмтылып, кеші­рім­мен қарап, өз тегіңнің қарғыс пен наладан ада болуына күш салғанда ғана бақытты бола аласың. Әйтпесе, әкесі шешесін, шешесі қызын, қызы баласын, баласы басқаны түсінбей, осы бір қырсық атадан балаға ауысып келе жатқан әулеттер болады. Үлкенін сыйлап көрмеген үйдің кейінгілері де дәл сондай болып өседі. Мұндай жағдайда мақсат біреу: әулеттегі бір адам, ең бастысы, есті әйел, яғни отанасы осы бақытсыздыққа қалайда тоқтау салуға, тосқауыл қоюға тиіс­ті. Балалары оны қаншама жерден түсінбей, өкпелеп, көкірегі қарс айы­рылып тұрса да, отбасындағы тәр­биені түбегейлі өзгертіп, «сен жаман», «мен жаман» дей бермей, барынша мейірімді болып, сол жолда өзін құрбан етуге тура келеді. Адам өзі жақындарын сыйламаса, баласы анасын қадірлемесе, әкесі атасын құрмет тұтпаса – Жаратқанның жазасы жалғаса береді. Осынау тақырыпқа жазылған талай томдарды ақтара отырып түйгеніміз, әрбір адам өзінің ет жақын­дарының алдында парызы мен қарызы бар. Үйдің еркегі өзі­нің әкелік міндетін атқаруы, қам­қорлығын көрсетуі, асырауы, тәрбие беруі тиіс болса, әйелдің де баласын тауып, ата-енесін сыйлауы, от­басының берекесін келтіруі мойнына жазылған міндет. Адал болу екеуіне де бірдей уәжіп. Ал балаларға келсек, бала ештеңе түсінбейді деп ойлаймыз. Дүниедегі ең сезімтал, ақ парақтай таза сананың иесі сәби екендігін ұмытып кете беретіндігіміз жалған емес қой. Бала – көзін ашқаннан не көрсе, соны бо­йына сіңіріп өсетінін өзіңіз де білесіз. Ауызбен айтқанды емес, көргенін жалғастырады. Не десек те, әке өзінің әкелік борышын ақтамағанда, әйел әйел болып жарытпаған жерде бақытсыздықтар басталады. Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан».  АЛМАТЫ.