• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
15 Сәуір, 2016

Ассамблея – абыройлы ұйым

918 рет
көрсетілді

Кеше Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Ералы Тоғжанов Францияның Экономика, қоғам, қоршаған орта мәселелері жөніндегі кеңесі еуропалық және шетелдік істер бойынша секциясының төрағасы Жан-Мари Камбасереспен кездесті. Кездесу барысында Ералы Тоғжанов шетелдік қонақты қоғамдық келісім мен ұлтаралық бірліктің қазақстандық моделімен таныстыра келіп, Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылу тарихы, конституциялық мәртебесі, міндеттері және еліміздегі этносаралық келісімді нығайту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы хабардар етті. «Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясын құру идея­сын алғаш рет 1992 жылы айтты. Ал 1995 жылғы 1 наурызда Елбасының Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы Жарлығы шықты. Өз тарихында Ассамблея Президент жанындағы консультативті-кеңесші органнан мықты құқықтық негізге және қоғамдық-саяси мәртебеге ие конституциялық органға дейін өсті», – деді Е.Тоғжанов. Одан әрі Е.Тоғжанов Қазақ­стан халқы Ассамблеясы Парла­мент Мәжілісіне 9 депутат сайлау құқығына ие болғанын, осы ар­қылы Ассамблеяның қоғам­дық-саяси рөлі арта түскенін, «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заң қабылданғанын, осылайша бұл ұйым еліміздің саяси жүйесінің толыққанды бөлігіне айналғанын әрі оның қызметінің нормативтік-құқықтық негіздері айқындалғанын атап көрсетті. Сонымен қатар, ол Ассам­блеяның негізгі мақсат-міндетін егжей-тегжейлі түсіндіріп берді. «Ассамблеяның басты мақ­саты – қазақ халқының топтас­ты­рушылық рөлін арқау ете отырып, қазақстандық бірегейлікті және бәсекеге қабілетті ұлтты қалып­тастыру үдерісінде респуб­ликадағы этносаралық келісімді қамтамасыз ету. Ал ұйымның негізгі міндеті – этносаралық қатынастар саласында мемлекеттік органдармен және азаматтық қоғам институттарымен тиімді өзара іс-қимылды қамтамасыз ету, қоғамда этносаралық келісімді және толеранттылықты одан әрі нығайту үшін қолайлы жағдайлар жасау, ел бірлігін нығайту, Қа­зақстан қоғамының негіз қалаушы құндылықтары бойынша қоғамдық келісімді қолдау және дамыту», – деді Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары. Бұдан бөлек, Е.Тоғжанов Қазақ­стан халқы Ассамблеясы мемле­кеттік органдарға экстре­мизм мен радикализм көрініс­теріне қарсы әрекет етуге, аза­маттардың демо­кратия нормаларына негіз­делген сая­си-құқықтық мәде­ние­тін қалып­тастыруға көмек көрсе­те­тінін, этномәдени бірлес­тіктердің күш біріктіруін қамта­масыз ететінін атап өтті. Сондай-ақ, Е.Тоғжанов Ас­сам­блеяға Қазақстан Президенті бас­шылық ететінін, ұйым құры­лымдық жағынан Ассамблея сес­сия­ларынан, Ассамблея Кеңесі мен Хатшылығынан, облыстар­дың, рес­публикалық маңызы бар қала­лардың және Астананың ассамблея­ларынан тұратынын жеткізді. Кездесуге қатысқан Мәжіліс депутаты Наринэ Микаелян өз ке­зегінде елімізде барлық эт­нос­­­тардың мәдениетін, тілін, дәс­түрін дамыту үшін қажет­­ті жағдайлардың барлы­ғы жа­салып отырғанын көлде­нең тартты. Оның сөзіне қара­ғанда, Ассамблеяның еліміздің халықаралық беделін арт­ты­рудағы ықпалы өте зор. Жан-Мари Камбасерес өз ке­зегінде елімізде тұрып жатқан түрлі этностық топтарға тең құ­қықтар мен мүмкіндіктер берудегі Қазақстанның оң тәжірибесін үйренудің артықшылықтары бар екенін атап көрсетті. Соны­мен бірге, ол біздің елімізде жүр­гізіліп отырған бейбітшілік пен келісім саясатын Франция тарапы жоғары бағалайтынын жеткізді. Бұған қоса, Жан-Мари Кам­басерес Қазақстан халқы Ассам­блеясының халықтық дипломатия институты үлгісіне бейімделе отырып, еліміздегі 100-ден аса этностың басын біріктіретін бірегей құрылымға айналғанына қызығушылығын білдірді. Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан»