• RUB:
    5.14
  • USD:
    480.11
  • EUR:
    532.25
Басты сайтқа өту
15 Сәуір, 2016

Дені сау ұлт – мемлекет тірегі

870 рет
көрсетілді

«Тәні саудың – жаны сау», дейді біздің жұрт. Адамзат баласы үшін тәннің саулығы бірінші кезекте тұрса керек. Өйткені, ол – деннің саулығына бастайтын бірден-бір жол. Ал денсаулығы мықтының тәнімен қоса, жаны да сау болатыны айтпаса да түсінікті. Кейінгі жылдары Қызылорда облысында халықты спортқа тарту үшін арнайы нысандар салынып жатыр. Қыстың көзі қырауда қардың өзі қыламықтап түсетін өңірде қысқы спорт түрлерін қалай дамытуға болады? Оның бір ғана жолы бар. Мұз айдынын салу. Міне, аймақта осыдан бірнеше жыл бұрын «Мұз айдыны» сарайы салынды. Бүгінде осы жерде тәлім алған жас жет­кіншектер республикалық дең­гейдегі хоккей жарыстарынан жүлделі оралып жүр. Талай бала аяғына коньки байлап, мәнерлеп сырғанауды үйренуде. Мұның өзі үлкен жетістік. Сонымен қатар, Қызылорда қаласында теннис орталығы салынды. Бекзада өнерді Сыр жастары да меңгеріп, тәлімін арттырып келеді. Жақында ғана Қазақстан бокс федерациясының қолдауымен «Тарлан» бокс орта­лығы ашылды. Олимпия ойындарында бокстан бірде-бір рет қанжығасы бос қайтпаған спорт түрінен қызылордалықтардың да олжа салар күні алыс емес. Мұның сыртында ұлттық спортты дамыту мақсатында ипподром са­лынды. Көкпар, бәйге секілді төл өнеріміздің өркендеуіне бұл да өзіндік үлесін қоспақ. Жалпы, облыс бойынша  2095 спорт нысаны жұмыс істейді. Оның ішінде 1386 кешен ауылдық жерде. Былтырғы жылдың өзінде аймақта 5 спорт кешені салынды. Сөйтіп, Нағи Ілиясов ауылын­да стадион мен спорт кешені, Қа­залы, Жаңақорған аудандарында дене шынықтыру-сауықтыру орталықтары, Қызылорда қа­ласында 3000 орындық иппо­дром және бокс орталығы пайда­лануға берілді. Ал, биыл Қызыл­орда қаласында Илья Ильин атын­дағы ауыр атлетика спорт кешенінің, ескек есу каналының құрылыстарын бастау көзделуде. Мұның бәрін неге айтып отыр­мыз? Соңғы жылдары Қы­зылордаңызда халықтың бұ­қа­ралық спортпен шұғылдануы да артты. Оған аймақта спортпен айналысуға жасалып жатқан жағдайдың оң әсер еткені анық. Елбасы Жолдауында «2020 жылға дейін қазақстандықтардың 30 пайызы бұқаралық спортқа тартылуы керек» деген еді. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындауда Қызылорда облысы барынша ықтияттылық танытуда. Соған сәйкес жұмыс жүйеленіп, іске асып жатыр. Қай дүние болмасын салыс­тыру арқылы анықталады. 2008 жылы Қызылорда облысы бойынша дене шынықтыру және спортпен шұғылданушылар саны – 44842 адам болған екен. Яғни, жалпы тұрғындар үлесінің 7,2 пайызы ғана еді. Бұл республикалық орташа көрсеткіштен әлдеқайда төмен болатын. Былтырғы жыл­дың қорытындысы бойынша қы­зылордалықтардың 25,3 пайызы бұқаралық спортпен шұ­ғылданатыны, саламатты өмір сал­тын ұстанатыны анықталған. Жеті жылдың бедерінде мұндай нәтижеге қалай қол жетті? Әрине, ең алдымен тыңғылықты жұмыс істелді. Екіншіден, халықтың спорт­пен шұғылдануына жағдай жасалды. Бұқаралық спортты дамытудың алғы шарты не? Ол – спорттық нысандардың халыққа қолжетімді болуы дер едік. Осыған орай жүйелі түрде спортпен шұғылданушылар санын арттыру мақсатында нақты жұмыстар атқарылды. Алдымен, облыстық бюджеттен 263 спорт нұсқаушысына қо­сымша штат ашып, олардың айлығы мен өзге де шығындарын өтеу үшін қаржы қарастырылды. Осы мақсатқа 2016 жылы 106,3 миллион теңге бөлінді. Бұл қара­жаттар өз кезегінде қала, аудан әкімдіктеріне жолданып, спорт бөлімдері конкурс жариялап, жо­ба аясында қоғамдық ұйымдар арқылы нұсқаушылар жұмысқа қабыл­данды. Жыл сайын облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы қала, аудан әкімдерімен және білім басқармасымен өзара ын­ты­­мақтастық меморандумына қол қояды. Нәтижесінде облыс бойынша барлық бiлiм беру ұйым­дарының спорт ғимараттары, атап айтқанда, спорт залдары мен алаң­дары сабақтан тыс уақытта сол елді мекен тұрғындары үшiн спорт секцияларының жұмысын қам­­тамасыз ету және спорттық iс-шаралар өткiзу мақсатында пайдаланылып келеді. Жоғарыда аталған нұсқаушылар спорт залдардың тазалығына, тұрғындардың спорт түрлері бойынша шұғылдануына жауапты. Яғни, спорт нұсқау­шы­ларының көмегімен білім беру ұйымдарының спорт залдарында сабақтан тыс уақытта тұрғындар спорт түрлері бойынша дайындалады, жаттығулар жасайды. Елді мекендерде қарапайым спорт алаңдарын салу жұмыстары аймақтың жаз мезгілінің ұзақ­тығын ескере отырып қолға алын­ды. Нақты айтқанда, 2009-2015 жылдар аралығында 160 елді мекенде 337 шағын спорт алаң­дары пайдалануға берілді. Бұл – қаншама адам спортты жанына серік етіп, саламатты өмір салтын ұстануға жол ашты деген сөз. Сонымен қатар, тұрғындардың спорттық нысандарға қолжетім­ділігін одан әрі арттыру үшін 14 елді мекенде дене шынықтыру-сауықтыру кешендері жобасы әзір­ленді. Оның алғашқы нәти­желерін Әйтеке би, Жаңақорған, Тереңөзек кенттері және Шаған, Н.Ильясов ауылдары көріп отыр. Қазір мұнда заманауи, барлық талаптарға сай спорт нысандары халыққа қызмет етуде. Осындай жұмыстар нәти­жесінде аймақта бұқаралық спорт­пен шұғылданатындардың саны артты. Халықтың спорттық ны­сандарға деген қолжетімділігін арт­тырып, дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғыл­да­нушылар саны жыл сайын кө­бейіп келеді. Адам – мемлекеттің негізгі каптиалы десек, онда дені сау ұлт тәрбиелеп, халықтың саламатты өмір салтын ұстануы басты назарда болуы керек. Бұл тұрғыда Қызылорда облысы өзге өңірлерге үлгі боларлықтай жұмыс істеп жатыр деуге толық негіз бар. Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан» Қызылорда облысы