Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесіне арналған брифинг өтті. Оған Парламент Мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұлтанов, Ұлттық ядролық орталықтың директоры Ерлан Батырбеков және Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының бірінші вице-президенті, ҰҒА академигі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұралы Бектұрғанов қатысты.
Басқосуда бірінші кезекте сөз алған депутат Қуаныш Сұлтанов «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесінің адамзаттың дамуындағы мән-маңызына тоқталды. «Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың әлем жұртшылығына ұсынған бұл манифесі тек бiздiң мемлекетiмiз, халқымыз үшiн ғана емес, бүкiл адамзаттың, өркениеттiң дамуындағы үлкен маңызды мәселе. Қазіргі таңда бүкiл әлемде Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы жан-жақты талқыланып, адамзат оған ықылас бiлдiрiп отыр. Себебi, өркениеттi елдер, әрбiр сауатты, көзі ашық, көкірегі ояу адам қазiргi замандағы қауiп-қатердiң шегiн де, себебiн де бiледi, сезiнедi», – дедi Қ.Сұлтанов.
Оның сөзіне қарағанда, 1991 жылдың 29 тамызында Елбасының «Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы» Жарлығы шығып, қазақ жерінде жарты ғасырға жуық уақыт сынақ жүргізілген ядролық қаруға нүкте қойылған. Елбасының осы тарихи шешімі, батыл қадамы бүгінде дүниежүзіне мәлім тарихи фактіге айналып отыр. Сол кезде әлем Қазақстанның бұл қадамын қуана қолдаған-ды.
Бұдан бөлек, депутат өзге де мемлекеттердің басшылары Қазақстан Президентінің бастамасынан туындайтын міндеттерді дұрыс түсінуі қажеттігін айтты. «Мемлекет басшысы басқа елдердің басшыларымен жүздескенде манифестің маңыздылығына екпін беріп, әлемнің назарын аударып келеді. Осы орайда басқа да мемлекеттің басшылары жауапкершілік жүгін сезінуі керек. Әсіресе, ядролық қаруы бар мемлекеттер бұл тұрғыда көбірек ойланғаны жөн. Өздеріңізге белгілі, ТМД халқының біраз бөлігі 1986 жылғы Чернобыль апатының зардаптарын әлі күнге дейін тартып отыр. Ол жай ғана бейбіт мақсатта қолданылуға арналған атом стансасы. Ол қырып-жоюға арналған қару емес. Апаттың салдарынан қаншама адам зардап шекті. Сол сияқты, Жапониядағы Фукусима оқиғасынан қаншама адам құрбан болды. Осындай бейбіт мақсаттағы стансалар көп зардабын тигізіп жатқанда арнайы бағыттағы ядролық қару жарылысының залалын сөзбен жеткізу қиын», – деді Қ.Сұлтанов.
Ал Ерлан Батырбеков «Әлем. XXI ғасыр» манифесі Нұрсұлтан Назарбаевтың бүкіл әлемде қауіпсіздікті сақтау бойынша жұмысының басты кезеңі екенін атап өтті. «Сөзсіз, бұл манифест – әлемдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтау бойынша Мемлекет басшысының негізгі кезеңдік жұмысы. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бері Қазақстан жаппай қырып-жою қаруын таратпау және ядролық қаруды қолдануға қарсы күрес саясатының жақтаушысы болып келеді», – деді ол.
Осы орайда Е.Батырбеков Елбасы Жарлығымен Семей полигонының жабылғанына екпін бере келіп: «Қазіргі таңда ядролық қарусыз әлем құру ісі өте маңызды. Менің пайымдауымша, барлық заманауи технологиялар адамзаттың игілігі үшін қызмет етуі тиіс», – деді. Сонымен бірге, спикер бұл манифест мемлекетіміздің 25 жылдан астам уақыт бойы жүргізіп келе жатқан саясатының жарқын көрінісі екенін жеткізді.
Бұған қоса, Ұлттық ядролық орталықтың директоры Үлбі металлургиялық зауытында 100 тонна ғана төмен байытылған уран болатынын мәлім етті.
«Қазақстан аумағында төмен байытылған уран банкін орналастыру – тиімді ұсыныс. Бұл арқылы Қазақстан жалпы ядролық энергетика жүйесінде маңызды ойыншы бола алады. Маған бұл уран банкінің қаншалықты қауіпті екені туралы сұрақ жиі қойылады. Егер қауіптілік деңгейін салыстыратын болсақ, оның уран өндіретін кәсіпорындардың қоймасындағы өндіріліп жатқан уранның қауіптілігінен еш айырмасы жоқ. Айырмашылығы сол, біз жылына 20 мың тонна уранды үстемелеп отырамыз. Үлбі металлургиялық зауытында бар-жоғы 100 тонна ғана төмен байытылған уран болады», – деді Е.Батырбеков. Оның айтуынша, төмен байытылған уранды қатысушы елдерге бөліп беруде банк бірегей механизм болып есептеледі.
Нұралы Бектұрғанов Мемлекет басшысының көтерген бастамаларын отандық ғалымдар барынша қолдап-қуаттап отырғанын сөз етті. «Əлем. ХХІ ғасыр» манифесі – стратегиялық құжат. Егер ғалымдар бұл құжатты қолдаса, нақты қандай қадамдар жасау керектігін білуі қажет. Осы бағытта маңызды істер атқарылып жатыр. Қазақстан уранды өндіру бойынша бірінші орында. Қазіргі таңда уранды өндіру технологияларын жетілдіру қолға алынған. Нақты айтар болсам, ғалымдар Елбасына қолдау көрсетіп отыр», – деді ғалым.
Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан»