Өскеменде өңір байкерлері Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған ерекше шоу ұйымдастырды. Өскемен, Семей және Риддер қалаларының байкерлері аталған шараны жаңа маусымның ашылуына арнап отыр. Шараға қатысушылар облыс орталығының тұрғындарына мотошоу арқылы қайталанбас шеберлік әдістерін көрсетті.
Өңір орталығының орталық көшелерімен жүріп өткен 80-ге жуық шығысқазақстандық байкерлер колоннасы мерекелік шеруін Комсомолдар аралында аяқтады. Байкерлер отырған мотоцикльдер арасынан аты аңызға айналған «Harley-Davidson» маркасынан бастап көне «Уралға» дейінгі түрлі байк тұлпарларын көруге болады. Шоу аясында қызықты байқаулар өтіп, оған көрермендер де қатысты. Олардың арасында, байк-мәдениетке қызығушылық танытқан қыздар да бар. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жаңа маусымды ашу – байкерлер үшін ғана емес, мотоциклді ұнататын барлық әуесқойлар үшін атаулы мереке. Биыл бұл мерекенің бірлік күнімен тұспа-тұс келуі бекер емес. Байкерлер қауымы қазақстандықтардың ынтымағы мен татулығы берік болуын тілейді.
Көптеген байкерлер бұрыннан мотоөнерге машықтанған болса-дағы, бұл шеруге алғаш рет қатысушылар да кездеседі. Жыл өткен сайын байкерлердің тамаша шоуына ықылас танытушылар қатары артып келеді. Байк-шоу соңында байқау жеңімпаздары марапатталды.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»
ӨСКЕМЕН