• RUB:
    5.12
  • USD:
    483.23
  • EUR:
    534.74
Басты сайтқа өту
02 Мамыр, 2016

Майдангерлер мадақталды

360 рет
көрсетілді

Астанада орналасқан Ресейдің ғылым мен мәдениет орталығында Ұлы Жеңістің 71 жылдығына байланысты кешегі күндей күркіреп өткен сұрапыл соғыста кеуделерін оққа тосып, Отанын қорғаған майдангерлерді мадақтау рәсімі болды. Салтанатты қабылдауға қатысқан қарт сарбаздарды РФ Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Михаил Бочар­ников алдағы айтулы мерекемен құттықтап, адамзатты фашизм аранынан аман алып қалған­дары үшін оларға алғыс сезімін білдірді. Тарих қайталауды сүйе­тіндіктен, тағы айта кетейік, екін­ші дүниежүзілік қырғында бір мил­лионнан астам қазақстандық жауынгерлер қолдарына қару ұстап, қайсарлық пен қаһармандықтың қайталанбас үлгілерін көрсетті. Есіл боздақтардың тең жарымы қаза тауып, сүйектері ұрыс даласында қалды. Қазақстанда жасақталған әске­­ри құрамалардың қатарын­да Ақмола қаласында ұйым­дас­ты­рылған 310-шы, 387-ші, 29-шы атқыштар және 106-шы кавалериялық дивизиялар ба­қай­шағына дейін қаруланған бас­қыншылармен ерлікпен шайқасқаны белгілі. Астана қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Анатолий Голубчиковтың айтуынша, қазір елордада елінің азаттығы үшін етігімен қан кешкен 170 қария тұрады. Солардың сапындағы Қа­дан Бекенов, Ахат Бекмәди, Ма­рия Полторацкая, Моисей Гольд­берг, Алексей Фролов, Барлыбай Тәбешов, Олег Линник және бас­қалар осы кездесуге келді. Таяқ­тарына сүйенген тарланбоздар бір-бірімен қауқылдасып, кейінгі жастарға естеліктерін айтып, кө­ңілдері көтеріліп қалғанын көрдік. Құрметті қонақтарға арналған концертте Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ академиялық драма театры камералық оркестрінің сүйемелдеуімен Құ­дайберген Әбілдин, Азат Тұра­нел, Тұрсын Тө­ре­мұратова, Бақыт­жан Сұл­та­нов, Әлімжан Бақыт­жа­нов сын­ды өнерпаз өркен­дер Исаак Дуна­ев­ский, Никита Бого­слов­ский, Ян Френкель, Сейдолла Бәй­­тер­еков, Василий Соловьев-Седой, Давид Тухманов сияқты көр­некті композиторлардың көп­ші­­лікке әбден танымал әндерін орын­­дап, бәрімізді әдемі әсерге бөледі. Кездесуден кейін әлі де қа­тардан қалмаған қаруластар өз­де­рінің құрметіне жай­ылған дастарқаннан дәм татты. Талғат БАТЫРХАН, «Егемен Қазақстан» Суретті түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ