Ел мен елдің, ұлт пен ұлттың арасына алтын көпір орнатып, жат жерлік болса да жақындастыра түсетін негізгі байланыс күші олардың өнері мен мәдениеті болса керек. Осы қағиданы берік ұстанып, ұлтаралық татулықтың арта түсуіне үлес қосып жүрген Білім және ғылым министрлігі мен KATEV қоғамдық қоры биыл да «Жарқын болашақ» тіл және мәдениет фестивалін өз деңгейінде өткізді.
Бұған дейінгі жарыстар республика шеңберінде шектелсе, осы жолғы дарындылар додасы халықаралық дәрежеге көтерілген. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ұйымдастырылған шараға әлемнің жиырмаға жуық елінен өнерлі өрендер келіп, өз бақтарын сынады.
«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақ тілі ғажап тіл, тек біз оны насихаттай білуіміз керек», деген сөзін ту етіп, жыл сайын «Жарқын болашақ» қазақ тілі олимпиадасы өткізіліп келеді. Бұл олимпиаданы өткізудегі басты мақсат – мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, қазақ және өзге ұлт өкілдерінің қазақ тіліне деген қызығушылығын арттыру, оларға ұлттық құндылықтарымызды, салт-дәстүрімізді, тарихымызды бойына сіңіру арқылы «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясын жүзеге асыруға үлес қосу болып табылады. Биыл 8-ші рет өткізілген «Жарқын болашақ» қазақ тілі олимпиадасына дүниенің түкпір-түкпірінен 5 мыңға жуық дарынды жас қатысып, 172 оқушы жеңімпаз атанған және олардың 42-сіне жоғары оқу орындарының білім гранттары табысталды. Осы жолы олимпиадаға бірінші рет Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолия және Алтай өлкелерінен келген қандастарымыз қатысты. Кіндік қаны тамған жерге келген бірқатар қазақ балаларына да жоғары оқу орындарының гранттары бөлініп, оларға атажұртында білім алуға жағдай жасалды», – деді алғаш болып сөз алған KATEV халықаралық қоғамдық қорының президенті Дархан Өте.
Фестивальдың басталу барысында әр елдің тұрмыс-тіршілігінен, мәдениетінен мәлімет беретін көрме ұйымдастырылғанын да айта кетсек дейміз. Жүзден жүлдегер, мыңнан мықты шыққан оқушыларды марапаттау рәсімінде құрметті қонақтардың құрамын Парламент депутаттары Сауытбек Абдрахманов пен Қуаныш Айтақанов, ҚХА мүшесі, профессор Әділ Ахмет толықтырды.
«Бір мәселені астын сызып айтуымыз керек. KATEV қоры ұйымдастыратын «Жарқын болашақ» фестивалінің деңгейі жылдан жылға өсіп келеді. Бүгінгі құлақтан кіріп бойды алған әсем ән мен би жүректен жүрекке жететін дүниелер. Бұған тәржіме керек емес. Егемендігіміздің 25 жылдығына арналған фестивальға 25 елден келген түлектер бүкіл жер жүзіне ең керегі бірлік пен татулық, достық екенін, соғыссыз өмір керек екенін дәлелдеді. Әлемнің әр жерінен келген жастар ертең өз елдеріне қайтқанда біздің тәуелсіз Қазақстаннан бейбітшіліктің жаршысы болып, достықтың елшісі болып аттанады. Мен бүгінгі фестивальде орындалған әндер мен билер Біріккен Ұлттар Ұйымының бас пәтерінде көрсетуге лайықты дүние деп санаймын», – деп Әділ Ахметов өз ойын ортаға салды.
Олимпиаданы өткізудің басты мақсаты – Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту болса, екінші жағынан, ерекше дарынды оқушыларды анықтау, қазақ тілінде ән айту, мәнерлеп оқу, ғылыми жұмыс қорғау, шығармашылық қабілетін көрсету арқылы Қазақстанның «жарқын болашағы» үшін аянбай қызмет ететін қабілетті жастарға қолдау көрсету екенін де естеріңізге саламыз. Сайыстың іріктеу кезеңінде мемлекеттік және мемлекеттік емес жалпы білім беретін мектептердің, лицейлердің, гимназиялардың арасында еліміздің барлық облыстарынан, сондай-ақ, жоғарыда атап өткеніміздей, шетелде тұратын қандастарымыздың ішінен 7-11 сынып оқушылары 5 бағыт бойынша «Тілші-әдебиетшілер», «Жас ғалымдар», «Жазушылар», «Сөз шеберлері», «Әнші-бұлбұлдар» деген аталымдар аясында бақтарын сынаған болатын.
Айта кететін тағы бір жайт, бұл жолғы жарысқа келген Африка, Сенегал, Корея, Ресей сияқты елдердің өнерлі өкілдеріне жоғары оқу орындарынан бөлінген гранттар берілмейді, олардың келудегі негізгі мақсаты Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын өздерінің өнері арқылы құттықтау сезімдерін жеткізу болып табылады.
Өз тілін өрге шығарып, өзге тілді өгей көрмейтін жастардың бұл жолғы қадамы да қарқынды. Шарапатты шараның жабылу салтанатындағы жүрек тебірентер әсерлі тұстары арқылы фестивальдың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанына көз жеткізуге болады.
Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»
АСТАНА