• RUB:
    5.12
  • USD:
    483.23
  • EUR:
    534.74
Басты сайтқа өту
02 Мамыр, 2016

Келешектің мәселесін көтерген құжат

261 рет
көрсетілді

Тәуелсiз Қазақстан өзінің еге­мендігін ал­ғаннан бастап әлемдiк қауымдастық алдында салиқалы саяси ұстанымы мен нақты бағыт-бағдарын айқындап алғаны белгілі. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев осы жолда табанды саясат ұстанып, аталған ұлттық құн­дылықтарымызды әлемге танытып келеді. Дүниежүзінде алғашқы болып ядролық сұм қарудан бас тарттық. Кеңес заманында  ядролық қару сынағына айналған Семей полигоны жабылды. Бүгiнге дейiн оның зардабы мен зиянын тілмен айтып жеткізу мүмкін емес! Талай адамның жаны мен тәнiне жара салған полигон жабылмағанда, әлi қаншама ұрпақтың тамырына балта шабылар едi. Президенттің сарабдал саясатының өмiршеңдiгi де осында. Оның жаппай қырып-жоятын қарудан бас тарту шешiмi ұрпақ саулығын ойлаудан, ұлт ертеңіне алаңдаудан туған десек, әсте қателеспейміз. Мемлекетіміздің басшысы саммитте бүгiнгi таңдағы көкейкесті мәселелерді көпшіліктің ортасына салып қана қоймай, оны шешудiң нақты жолдарын да ұсынды. Әлем­дік қауымдастыққа «XXI ғасыр: соғыссыз әлем» атты мақ­саты айқын бағдарлама қабылдау керектiгiн айтып, оның негiзгi үш бағытын нақтылап көрсетіп те бердi. Талай ұлттың баласы тату-тәтті тұрып жатқан мемлекетiмiздi айрандай ұйытып отырған Елбасы бiрлiк, ынтымақтастық және достық атты түсiнiктердің тек жекелеген елге ғана емес, бүкіл адамзатқа керек екендiгiн түсінікті тілмен жеткiздi емес пе?! Жалпы, яд­ро­лық қауiпсiздiк жө­­­нiндегi жаһандық жиын­дардың маңызы аса жоғары. Әлемдік қоғам­дастық мұндай саммиттерге байыпты ұстанымы, са­ли­қалы сөзi бар мем­лекеттердiң қа­тыс­­қанын жөн санайды. Мұны біз Ва­шинг­тонда өткен саммиттен де байқап, ой түйдік. Тарихи шындық сол, ядролық сынақтың зардабын айтып, қоғамға қозғау салған «Невада-Семей» анти­­ядролық қозғалысы болды ғой. Бұл ұлы іс  басталған кезде оның мүшелерiнiң алдында Семей ядролық полигонын жабу мен әлемдегi осындай сынақ полигондарын тоқтату секiлдi аса мүбәрак  мақсаттар тұрды. Бүгінгінің биігінен қарап тұрсақ, бұл оқиға осы аз ғана уақыт iшiнде елiмiздiң атын әлемге танытумен қатар, жер бетiндегi атом қаруларын тоқтатуға өзінің жой­қын әсерін ти­гізген еді. Елбасының Вашингтонда өткен Ядролық қауiпсiздiк жөнiндегi саммитте жасаған мәлiмдемесi те­рең мазмұндылығымен құнды болғаны рас. Осыдан ширек ғасыр бұрын Қазақ­станда дүниежүзiнде алғаш болып Семей ядролық сы­нақ поли­гонының жабылғанын Нұрсұлтан Назарбаев «Бұл – әзiрге әлемдiк тәжiрибедегi алғашқы және бiрден-бiр оқиға», деп атап көрсеткен болатын. Тәуелсiздiгiн ендi алған жас мемлекеттiң бұл шешiмi барлық жетекшi державалардың ядролық сынаққа мораторий жариялауына түрткі болғаны даусыз, оны әлем мойындап та отыр. Шын мәнісінде, бұл  дүниежүзілік деңгейдегi өте зор мәселе болатын. Елбасы көтерiп отырған мәселе тек бiр ғана елдің емес, бүкiл дүниежүзiнiң келешектегі өмiрiн айқындайды. Жоғарыда айтылған  қауiп-қатерлер мәселесі байыпты шешiмiн таппаса, адамзат баласының жермен жексен болып жойылып кетуі ғажап емес. Сондықтан Америка астанасының  төрiнен көкейкесті мәселе көтер­ген Мемлекет басшысының мә­лiм­демесi өте маңызды деп санаймын. «Енді өлім себетін қаруларды ғарыш кеңістігіне, Әлемдік мұ­хиттың бейтарап су­ларының тү­біне, Арктикаға орналастыруға тыйым салатын жаһан­­дық шешім қабылдаған жөн. Жаппай қырып-жоятын жаңа қару түрлерін жасау үшін ғылыми жаңалықтарды пайдалануға тыйым салатын ха­лық­ара­лық құжат әзір­леп, оны орындауды міндеттеу маңызды. БҰҰ-да жаппай қырып-жоятын қару жасау және жетілдіру үшін пайдалануға бо­латын ғылыми жаңалықтардың Тір­кеу реестрін құрған абзал», деген Елбасының сөзі біздің жоғарыда айтқан сөзі­мізге жарқын мысал бола алады. Ядролық қауiпсiздiк жөнiндегi қорытынды саммит Қазақстанның және де оның Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдiк қоғамдастық алдында аса зор абырой-беделге ие екендiгiн көрсеттi. Елбасының жаһандық жиында баяндама жасап, «Әлем. XXI ғасыр» атты манифесiн жариялауы – адамзат баласын ала­пат қырғындардан арашалап қалудан туған iзгi ниеттiң жемiсi екендiгi рас. Жұмағали МАҒЗИЕВ, Қарағанды қызмет көрсету және технология колледжінің  директоры, «Нұр Отан» партиясының мүшесі