• RUB:
    5.12
  • USD:
    483.23
  • EUR:
    534.74
Басты сайтқа өту
02 Мамыр, 2016

Еңбек етсем деген адам ғана нағыз қожайын

440 рет
көрсетілді

Бүгінде «Байелі болыс» шаруа қожалығының қарамағында 400 гектар жер бар. Оның бір бөлігінде пияз, картоп және бау-бақша өнімдері өсіріледі.  Он бес гектар көпжылдық шөбі бар. Одан жыл сайын иелігіндегі мың бас жылқыға 400 тоннаға жуық сабақты мал азығын әзірлейді. Мұнда етті және сүтті көп беруімен ерекшеленетін асыл тұқымды қазақтың «жабы» жылқысы өсіріледі. Олар ыстыққа, суыққа төзімді. Қыстай өз аяғымен жайылып шығады. Басқа тұқымдарға қарағанда етті көп береді. Қожалық бұрын жыл сайын 150 бас жылқы семіртіп, оларды сойып, сауда нүктелеріне 50 тонна ет жөнелтетін. Бұған қоса бие сауып, қымыз өндірумен шұғылданады. Биыл 22 тонна шипалы сусын өндіріп, өткерген. Жақында заманауи үлгідегі, қол жұмыстары автоматтандырылған 50 бас жылқыны семіртуге арнал­ған бордақылау алаңын іске қосты. Мұның өзі оларға малды жыл он екі ай үздіксіз семіртуге және  жылына 100 тонна ет өнді­руге мүмкіндік береді. Алаңда жылына 250-ге дейін жылқы бордақыланбақ. Қазір қоғамда жер мәселесіне қатысты түрлі пікірлер өрбіп тұр. Жер мамандары ауыл-аймақ­тарды аралап, Жер кодексіндегі өзгеріс­терді түсіндіріп-ақ бағуда. Өмір бойы жер еміп келе жат­қан диқан ретінде айтарым, жердің сатыл­ғанын өз басым қолдай­­мын. Өйт­кені, Қазақстанда жер жетім қалды. Бұрын бидай, қызыл­ша, мақта егіліп келген жердің бәрі тозған. Арамшөптен басқа ештеңе шықпайтын егістікті көргенде іштей егілесің. Бұлай жалғаса беруі мүмкін емес. Бір нәрсені жасау үшін әлемдік тәжірибені қарау керек. Қазір дамыған елдерде жер жекеменшікте. Бізге де бұдан басқа жол жоқ. Жер жекеменшікте болған кезде ғана шаруа оған жана­шыр­лықпен қарайды. Өйткені, ол өзінің жеке мүлкі. Мен өзімнің шаруашылығыма қажетті жердің бәрін мемлекеттен сатып алып қойғанмын. Жеке мүлкім болған соң жерге отбасыма, малыма қарағандай қараймын. Жердің тозып кетпеуін қадағалаймын, құнарлылығын арттыруға бар күшімді саламын. Жер құнарлы болса, ертең алынатын өнім де жо­ға­ры болатынын жақсы білемін. Өзіңіз ойланып көріңізші, жерді кім сатып алады? Әрине, жерден несібемді тапсам, еңбек­тенсем деген адам алады. Жер­мен айналыспайтын адам оны сатып алып не істейді?! Егер ер­тең алған жерін игере алмаса, өкі­мет қайтып алып қояды. Бәрін жер инспекциясы бақылап оты­рады. Сондықтан, өз басым жер­дің сатылғанын қолдаймын, бұл дұрыс шешім болды деп, есептеймін. Міне, өз жеріміздің болуының арқасында біраз шаруаны дөң­гелетіп жатырмыз. Қайбір жылдары ауыл шаруашылығы саласы басымен қайғы болып, бір қой бір қап ұнға айырбасталып жатқан заманда кәсібімізді жаңартып, жылқы бағуды қолға алдық. Және жоқтан барды құрамай, бұл мәселеге жаңаша көзқараспен қарап, солтүстік облыстардан, Ресей, Қырғызстаннан асыл тұқымды жылқылар алып кел­дік. Сіз білесіз бе? Біздің елде ауыл шаруашылығымен айна­лыс­қандарға қолдау өте зор, көп­теген жеңілдіктер қарас­тырыл­ған. Асыл тұқымды мал сатып алсаң, субсидия береді, дәрі-дәрмегін береді, тіпті, жем-шөбіне дейін жеңілдіктер қарас­тырылған. Қымыз өндірсең, оған да көмек қаржы береді. Тек ерінбей еңбек ету керек. Осындай мемлекеттік қолдаудың арқасында аздаған жылдар ішінде шаруамыз дөңгелеп, мал басы күрт өсе түсті. Нәтижесінде қой және жылқы бағумен айналыса­тын 3 шаруа қожалығын құрдық. Әрине, айтуға оңай. Әйтпесе осы жылдар ащы терге, тыным­сыз еңбекке толы болды. Кей жыл­­дары еттің бағасы тым ар­зан­­дап кетіп, шығынға батып қал­ған кездеріміз де болды. Не­гізі бүгінде ет өндірушіден ара­дағы алыпсатарлар бай тұра­ды. Бағаны да көтеретіндер осылар. Алыпсатарларды айналып өту­дің сан түрлі жолдарын қарас­тырып, ақырында Тараз қала­сы­нан супермаркет аштық. Міне, осы сау­да орындарында қала халқы ет, сүт өнімдерін төмен бағамен сатып алуда. Бү­гін­де ағам Дәулет екеуіміздің шаруа­шы­лығымызда мыңға жуық жыл­қы жайылып жүр. Біз­дің ша­руа­шы­лық қоныс тепкен Қыр­шын­ды жазығы малға өте ың­­ғай­лы мекен. Қыстың күндері жыл­­­қы ну қамыстың ішінде жа­й­ы­­­ла­ды. Әрине, бұл дүниенің бәрі Алланың жазуымен ерен ең­­­б­ек­­­тің арқасында құралғаны бел­­гілі. Сонымен қатар, мемлекеттің қол­дауын, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың осы салаға деген қам­қор­лығын ерекше айтып өткім келеді.  Жұмасейіт НҰРБАЕВ, «Байелі болыс» шаруа қожалығының төрағасы Жамбыл облысы