Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, аса көрнекті ақын Қадыр Мырза Әлінің өмірден озуы қазақтың әдебиеті мен мәдениеті үшін, жалпы ел үшін орны толмас ауыр қаза болды. Алаш үшін азалы осынау күндерде Алтай мен Атырау, Жетісай мен Қызылжар арасындағы қарындас қауым «қазақтың Қадыры» атанған ардагер ақынын күйзеле жоқтауда.
Екі күн алай-дүлей ақ қар қарлата бұрқанып, кеше көкала бұлттан сөгіліп ашылғандай Алматы ардақты ақынға соңғы құрмет-қошеметін көрсетті. Марқұммен қоштасу рәсімі өткен М.Әуезов атындағы академиялық драма театры ғимаратының маңайы да, іші де қарақұрым халық. Иә, Қадекең өзі айтқандай, «сөз сыйлайтын халқы аман тұрғанда» ақынын өлімге бермейтінін айғақтайтын көрініс еді бұл.
Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалин қаралы митингіні ақын рухын асқақтатар тебіреністі лебізбен аша келе, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өкінішті қазаға байланысты жолдаған көңіл айту жеделхатын оқып берді. Қайғыға ортақтасқан мұндай жеделхаттар Сенат Төрағасы Қ.Тоқаевтан, басқа да бірқатар лауазымды, белгілі адамдардан келген екен. Президент Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Дархан Мыңбай ақынның өлмес туындылары оның екінші өмірін бастағандығын атап көрсетті.
Үлкен делегацияны бастап келген Батыс Қазақстан облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов туған елі мен жерінің алып перзентіне деген ыстық сүйіспеншілігі мен соңғы қош-қошын жеткізді. Бұдан кейін сөз алған Қадекеңнің қаламдас та қанаттас һәм мұраттас аға-інілері мен достары Шериаздан Елеукенов, Тұманбай Молдағалиев, Асанәлі Әшімов, Бексұлтан Нұржекеев, Ақұштап Бақтыгереева еліне кенішті жыр, кенен сыр толғап өткен азамат ақын жайында жүрекжарды сөздерін толғады. «Қазақ барда Қадыр бар, халқы барда Қадыр ақын өлмейді», деді олар. Әсіресе, Тұмағаңның қимас асыл досқа арнаған ақ адал жыры көңілдерді елжірете егілтті. Біртуар азаматпен қоштасуға Қызылорда облысы арнайы делегация жіберіпті. Алматы қаласы әкімінің орынбасары Серік Сейдуманов ақын есімін есте қалдыруға байланысты шаралар ойластыратынын айтып жатыр.
Жарты ғасырдан астам «жыр кемесін көк дауылмен жағаластырған» дана шайырдың мәйітін ақырында, өзі айтқандай, Кеңсайдағы «Қабірстан құшағымен қаусырды». Қазақтың тағы бір ұлы ақынының аруағына бағышталып құран оқылып, асы берілді.
Қорғанбек АМАНЖОЛ.