Сөйтіп, Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангер аталар Жаңа жылдың алдында қоныс тойларын тойлады. Облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев өткен жылғы 9 мамырда уәде еткен сөзінде тұрды. Облыс орталығында пайдалануға берілген тұрғын үйдің пәтер кілттерін 108 ардагерге өз қолымен салтанатты түрде табыс етті.
Жаңа тұрғын үйді салу үшін облыстық бюджеттен 460,8 миллион теңге бөлінді. Үйдің бірінші қабатында ардагерлерге арналған медициналық орталық, азық-түлік өнімдерін сататын дүкен жұмыс істейді. Бұл жерде ата-әжелердің басқосып, әңгіме-дүкен құратын демалыс бөлмелері бар. Ардагерлер шахмат, тоғызқұмалақ, дойбы ойнап, домбыра, баян секілді музыкалық аспаптарда ән шырқауға мүмкіндік алды. Жоғары қабаттарға еш қиындықсыз көтерілуі үшін қазіргі заман талабына сай жабдықталған лифті жұмыс істейді. Қартайған шақтарында қолдарын жылы суға малғызатын жайлы пәтерлерге қол жеткізген ардагерлер Мазан Мусин, Николай Гарусов, Александр Сұлтанғазиндер игі тілектер айтып, баталарын берді. Пәтер кілтіне ие болғандардың бірі – баянауылдық Тәуекел Әбжанов ақсақал Елбасының және облыс басшылығының қамқорлықтарына ардагерлер де әрқашан сапта екенін қуанышты көңіл-күймен жеткізді.
Фарида БЫҚАЙ, Павлодар.