Өскеменде жедел жәрдем ауруханасының травматологиялық бөлімінде АES компаниялар тобымен қаржыландырылған күйік орталығы ашылды. Орталықтың ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Серік Тәукебаев, денсаулық сақтау басқармасының және АES корпорациясының басшылары қатысты.
Өндірісі дамыған Өскеменде күйік орталығын ашу бұрын да сөз болып келген. Осыдан бір жарым жыл бұрын облыс әкімі мен корпорация басшылары арасында корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік туралы меморандумға қол да қойылған. Аталған келісім бойынша энергетиктер 3 жылдың ішінде заманауи күйік орталығын ашу үшін 300 мың АҚШ долларын салуға міндеттенген.
Енді, міне, айналасы бір жылдың ішінде аурухана іске қосылды. Күйік орталығының екі маманы Мәскеудегі Вишневский атындағы институтта біліктіліктерін жетілдіріп қайтты. Өңір басшысының орынбасары Серік Шәуенұлы корпорация басшыларына облыс әкімі Б.Сапарбаевтың атынан алғыс айтып, ризашылығын білдірді.
Оңдасын ЕЛУБАЙ, Шығыс Қазақстан облысы.