Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев жақында Катонқарағай сапары кезінде екі бірдей маңызды оқиғаның куәсі болды. Өрел ауылындағы 320 балаға арналған мектептің және Катонқарағайдағы «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша салынған 75 төсектік аурухананың салтанатты ашылуына қатысты.
Төр Алтайдың түкпірінде жатқан Өрел ауылының мектеп бітірген 28 түлегінің 26-сы бірдей өткен жылы жоғары және арнаулы оқу орнының грантына ие болған. Катонқарағай ауданы бойынша шәкірттер былтыр тестілеу қорытындысында 97 балл жинаған. Бұл – өңірдегі ең жоғары көрсеткіш.
Салтанатты жиында өңір басшысы сөз алып, бір ауданда екі бірдей елеулі оқиғаның болуы ел экономикасының артқанының куәсі екеніне тоқтала кетті. Мектеп сыныптары қажетті құрал-жабдықтармен, ал құрылысы 2 млрд. 50 миллион қаржыға түскен аурухана қазіргі заманғы жабдықтармен қамтамасыз етілген.
Оңдасын ЕЛУБАЙ, Шығыс Қазақстан облысы.