• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
26 Қаңтар, 2011

Ұлт ұрпағымен рухтанады

734 рет
көрсетілді

Бақыт дейсің бе? Адам екеніңнің өзі – бақыт. *  *  * Шындыққа уақыт тосқауыл бола ал­май­ды. *  *  * Тереңдік мұхит түбінде жатқан жоқ. Тереңдік көкті де тіреп тұр! *  *  * Әлемдегі шешуі табылмаған жұмбақ­тың бірі – Адам. *  *  * Адамның сөзіндегі қуаныштан көзін­дегі қуаныш шынайы. *  *  * Кей сұрақтың ауырлығын жүрек те көтере алмауы мүмкін. *  *  * Өмірдің жақсылығы мен жаман­ды­ғын айыратын өлшем жоқ, өре ғана бар. *  *  * Адам махаббаты жаулап ала алмайды, Махаббат адамды жаулап алады. *  *  * Өзім ғана деген қоғамда жетімхана азаймайды. *  *  * Ыстық күннің де салқын уағы бола­ды. Суық күннің де жылы шуағы болады. *  *  * Бос уақыт болмайды, зая уақыт болады. *  *  * Халық тілімен бірігеді, жерімен кірігеді. *  *  * Көбіміз ойлануға  уақыт таппаймыз. Ал тапқан уақытымыздың бәрі ой­ла­нуға  тұрмайтын шаруаларға  кетеді. *  *  * Адамдықтың азабын тартсаң да, надандықтың мазағын тартпа. *  *  * Ақын кітабы шыққанда көкте жүреді, кітабы оқылмаса жерде жүреді. *  *  * Өмірдегі орынның бәрі лық толы, Өнердегі орынның бәрі бос. *  *  * Өмір шындығы дегеніміздің бәрі өмір философиясы. *  *  * Ештеңе оқымайтын жастар көбейіп барады, демек, ештеңе ойламайтын бастар өсіп келеді деген сөз. *  *  * Қалжыңмен де қатені түзеп отыруға болады. *  *  * Демократияны қорғай алмасаң, бю­рократияны да  қозғай алмайсың. *  *  * Мылтық бірді жығады, Микроб миллионды жұтады. *  *  * Байдікі мазасыз ұйқы, Кедейдікі масасыз ұйқы. *  *  * Бір-бірінен айнымайтын адамдардың болмайтыны сияқты бір-бірінен айны­майтын армандар да болмайды. *  *  * Өмір парадоксы: ұрылар өзара тү­сі­нісіп жатқанда, ұлылар өзара түсінісе алмай жатады. *  *  * Өнерде 1-ші, 2-ші деген нөмір бол­май­ды, өнерде қайталанбас өмір ғана болады. *  *  * Ақын назаланғанда – найзағай,  ыза­ланғанда – ызғырық, қайғырғанда – қара жер, қуанғанда – көк аспан. *  *  * Адам табиғаттың сұлулығына  той­майды. Тіршілікке жан бітіретін де,  тірлікке тіл бітіретін де осы сұлулық! *  *  * Біреудің көлеңкесімен жүрген жанға күнің де байқалмайды. *  *  * Ұлттың өзін-өзі сақтауы үшін ұлттың өзін-өзі мақтауы өте қажет әрі  міндетті. *  *  * Әр нәрсенің өлшемін ой  байып­тайды, өмір бағыттайды. *  *  * Сезе білмеген адам, төзе де білмейді. *  *  * Кейде темірді иетін адамдар мансап­тың алдында майысып қалады. *  *  * Өмір өгейлік танытпайды, Орта өгейлік танытады. *  *  * Байлықтың күнін күмән күзетеді, түнін үрей күзетеді. *  *  * Мақсатқа құл болғысы келетіндер бірен-саран, ал мансапқа құл болғысы келетіндер жыртылып айырылады. *  *  * Өмір сабырлылығымен, шыдам­ды­лы­­ғымен, кеңдігімен керемет. *  *  * Жаныңды жарқын ететін – отбасы жылуы. *  *  * Өзгені мойындай білген, өзін де өмірге дайындай біледі. *  *  * Әрбір адам өз тағдырының әміршісі әрі авторы. *  *  * – Сұлулықты танып үлгер! – Сұлулық жалт етіп жоқ болады! *  *  * Барлығына бал ашып қарайтын адам сыншы емес, барлығына жаны ашып қарайтын адам сыншы. *  *  * Теледидардың барлық тақырыптарға сені  сөйлете беретіні несі? Өзің де таң қалатын шығарсың. *  *  * Төлқұжатыңнан төлмұратың жар салып тұрсын. *  *  * Өмір еңбексіз ештеңені есігінен қа­рат­пайды. *  *  * Тағдырымен күрескеннің талқаны таусылмайды. *  *  * Рухың көкке көтерілмей, көкжиегіңді көре алмайсың. *  *  * Ойдың биіктігі сөзден аңғарылады, бойдың биіктігі көзбен аңғарылады. *  *  * Біз Өмір атты режиссердің тарихи сахнасының көрермендері емеспіз, қатысушыларымыз. *  *  * Ештеңеге қатысым жоқ деп ойлама. Өмір шындығының бірі өзіңсің. *  *  * Бірін-бірі түсінбеу деген сөз – ой мен сананың үндеспеуі деген сөз. *  *  * Қарапайым адам бейнесінде  сол қоғамның портреті тұрады. *  *  * Махаббат атаулының бәрі мәңгілік сезім болып басталып, мәңгілік сауалдар боп аяқталады. *  *  * Өмірдің сыны – өмірдің шыңына бастайды. *  *  * Адамды биіктететін бойы емес, ойы. *  *  * Өмір бәрімізді өзгертеді, бірақ өзгер­геніңді өмір бойы білмей  өтесің. *  *  * Өз қабілетіне сенімділік белгісі – сынға деген шыдамдылық. *  *  * Мадақ та мүлт кетеді, Атақ та адасады. *  *  * Жұмылған жұдырықты жылы сөз ашады. *  *  * Ойдың тереңдігі көзден байқал­май­ды, сөзден байқалады. *  *  * Өткеннен санақ емес,  сабақ алу керек. *  *  * Өз қателігін білген адам – ең қырағы адам. *  *  * Байлықтың мұрагерінен куәгері көп болады. *  *  * Мінездемені жаза білуге бейіл керек, ал мінезді аша білуге білім керек. *  *  * Жұдырықтың күші жүректің ісіне  әмір ете алайды. *  *  * Өмірдің бәрі сұрақ пен жауаптан тұрады, тірліктің бәрі обал мен сауаптан тұрады. *  *  * Адамдар ұятты жерін білгенмен, ұятты істерін білмей өтеді. *  *  * Ақыл адасып жүргенде, өтіріктің жолы ашық. *  *  * Мансап мақұлмен өседі, кейін ма­дақпен өшеді. *  *  * Адам табиғатты көре алады, ал суретші табиғатты түсіне алады. *  *  * Сөзбен алдауға үйренгеніміз сондай, өзіміз де сөзбен алданғымыз кеп тұрады. *  *  * Өзі туралы өте жоғары ойлау – әрбір пенденің мәңгілік монологы. *  *  * Біздердің айтып жүргеніміздің бәрі жай сөздер, ал айтпай жүргендеріміздің бәрі шын сөздер болса керек, сірә. *  *  * Ізгіліктің бәрі ілтипатта, сөзде,  сәлемде емес – мәдениетте! *  *  * Тендерде жеңгендер ұшақпен ноян болып қайтады, Жеңілгендер пойызбен қоян болып қайтады. *  *  * Теңтөраға деген бір орындықта от­ыр­ған екі басты егіздер секілді боп көрінеді. *  *  * Құлдықтың қамыты түрлі-түрлі бола­ды. Одан құтқаратын ар-намыс. *  *  * Адами ақиқат: бір көз бір көзді көрмейді. *  *  * Бастықтың орнына отыру оңай, ал қиыны бастықтың рөлін ойнау. *  *  * Несін жасырамыз: бақытты ойлап жүр­ген ешкім жоқ, бәрі байлықты ойлап жүр. *  *  * Ешкімнің ойына келмегенді, асықпа, уақыттың өзі-ақ ойлап табады. *  *  * Қолы бос адамның уақыты жоқ, уәжі көп. *  *  * Заңды жазғаннан, орындау қиын. *  *  * Өрен математиктің өзі Өмір есебінің алдында дәрменсіз. *  *  * Өтірікке елең ете қалатын құлақ шындығыңа селт етпейді. *  *  * Тарихта суреттер емес, суреткерлер қалады. *  *  * Халықтың ұлы болам десең, алды­мен құлы бол. *  *  * Шындық үндемей жатса да үрейлі. *  *  * Өтіріктің ойбайы басым. *  *  * Бюрократ – шенеуніктің бүркеншек аты. *  *  * Айқай-шу шыққан жерде ақылдың ізін де таппайсың. *  *  * Ақылдың сәулесін сезген жүрек қана оны сөзге айналдыра алады. *  *  * Тіл мәдениеті дегеніміз – мемле­кеттің мәдениеті. *  *  * Сауатты қоғамның саяси парадок­сы­на қараңыз: ойымызды түсінеді, ал тілімізді түсінгісі келмейді. *  *  * Жұмыс пен жұмыскер біріккенде білек балтаға айналады. Жемқор мен жебір біріккенде құлқыны қалтаға айналады. *  *  * Жақсылығыңның қайтқанына емес, жайылғанына қуан. *  *  * Жақсы іспен мақтанатындардан, тап­сырыспен мақталатындар көп. *  *  * Білекке түскен салмақтан, жүрекке түскен салмақ ауыр. *  *  * Жолайрықта тұрған адамның бар сенетіні – тәуекел. *  *  * Суретті қанша үлкейткенмен сөйле­мейді, сөзді қанша кішірейткенмен сөй­леп тұрады. *  *  * Замана желін тудыратын өмірдің оң мен терістері емес, оның төңкерістері. *  *  * Даудың нүктесі – шындық. *  *  * Әр көктем жаңа түскен келіндей. *  *  * Көздің күлімдеуінде  көңілдің  шуағы жатады. *  *  * Мақтаншақ майда сөзге семіреді. *  *  * Көлгірсуге жол берілген жерде кісілікке орын жоқ. *  *  * Асыл сөздің  қадірін ар-ұяты бар білер. *  *  * Асау ойды жуасытар жүрек бұл! Өйткені, жүрек –  тіл! *  *  * Жершілдік – жікшілдіктің жалауы. *  *  * Сәлемін септегеннен сақтан. *  *  * Шын мен өтірікті “ақылды” компью­терің де ажыратуға дәрменсіз. *  *  * Тілін білмеген тегін ұмытады. *  *  * Ұлы  халық ұрпағын үкілейді. *  *  * Отбасың қалай сөйлесе, орманың солай сөйлейді. *  *  * Жас үйреткеннен гөрі үлгі еткенге елігеді. *  *  * Жақсылық та жайлыға жұғысады. *  *  * Ойға қонбаған – миға қонбайды. *  *  * Тұзсыз дәм болмайды, сөзсіз ән болмайды. *  *  * Қабағы жақсы әйелдің  табағы да жақсы. *  *  * Дәуірдің үні – даналар, ұрпақтың үні – балалар. *  *  * Мақсат – тұлпар, талап – қамшы. *  *  * Сөзге қақпан құрылғанмен, ойға құрық салынбайды. *  *  * Ой таусылмайды, ой тыншиды. *  *  * Барға қанағаттың байлығы бүтін. *  *  * Жақсының айтары көп, жаманның айтағы көп. *  *  * Суырып салардың қуырып салары болады. *  *  * Қаншама өткір сөздер айтылған жерде қалып жатыр, бейне шашылып түсіп құмға сіңген алтын сынықтары секілді. *  *  * Бізде сатылмайтын ештеңе қалмады. Біз тіпті дауысымызды да сатып жүрміз. *  *  * Білімсіз күнің қараң, байлықты ұстап тұру үшін де білім керек. *  *  * Білімдарлық  өмірлік бейнетпен келеді. *  *  * Қысқа сөйлеуден бәйге  жарияланса, қазақ қатты сасуы мүмкін. *  *  * Мәдениеттіліктің көрсеткіші құпия. Сө­зі мен ісіне қа­рап қана ол құпияның кілтін ашуға болады. *  *  * Арман көңілде қалып қалмауы керек. Арманды ұшыру керек, ол сені  алға жетелейді. *  *  * Біз кереметпіз деп сайрағаннан гөрі біз келешекпіз деп қайрағанымыз ғұмырлы сөз. *  *  * Әдебиетке ұзақ баяндамалардың керегі жоқ, әдебиетке әдеп керек. *  *  * Дүние танымы, интеллектісі, қабі­ле­ті, талғамы, білімі адамның  бірауыз сөзі­нен-ақ байқалып тұрады. *  *  * Материалдық игіліктердің санамыз­ды жаулап алғаны сондай, қазір қа­бі­ле­тің­нің өзі  соның көрсеткішімен өлшенеді. *  *  * Сөйлеуге де тәрбие керек. Атақты Сократтың ділмарсыған жас шәкіртіне: “...Менің саған екі ғылымды  бірдей  үйретуіме тура  келіп тұр. Тек сөйлей білу ғылымын ғана емес, сабыр сақтап, тыңдай білу ғылымын да”, – дегені осындайдан туса керек. *  *  * Ақшалы адамдарды ақылман адам­дар­­ға айналдырудың технологиясы жү­ріп жатыр. Оған бәріміз де атсалысып жатырмыз. Кітабын жазып беріп, док­торлығын жазып беріп дегендей... *  *  * Көздегенің қобалжысаң алыстай түс­кендей болады, ал сәл қимылдап ұм­ты­ла бастасаң, жақындай түскендей бола­ды. Демек, тіршілікті сақтап қалатын үміт пен ұмтылыс екен. *  *  * Талғамы биік оқырман үшін жазыл­ған роман мен қарапайым оқырман үшін жазылған роман мерседес пен жигули сияқты болып көрінеді. Халыққа екеуі де керек. *  *  * Мінбеден айтылған сөздің бәрі орын­далуға міндетті секілді көрінеді. Өкі­ніш­тісі, соның бәрі  бір ауыз  бұйрыққа  жетпей жатады. *  *  * Сөз – сезіммен бірге оянады, ақылмен тыныстайды. *  *  * Ақылың жеткеннің бәріне қолың жетпейді. *  *  * Биіктен қарауға болады, ал өреден қарау өте қиын. *  *  * Саясатта шаруам жоқ деп тұрған адам сөзін саясатпен айтып тұрғанын аңғар­майды.  Саясаттың сіңімділігі деген осы. *  *  * Адамдар өзіндегі бардың кілтін жоғалтып алып таба алмай, табанынан таусылып жүрген жансебілдер сияқты боп көрінеді. *  *  * Үміткер болмасаң, уақыт саған үз­ең­гі салдырмайды. *  *  * Біз айтысуға бармыз, ал дәлелдеуге жоқпыз. *  *  * Ашуды құрықтайтын ақыл. *  *  * Құрметке қолдаумен жетпейсің, еңбегіңді қорғаумен жетесің. *  *  * Ауызға түспей жүрген сөз баққа қонбай жүрген бұлбұлдай. *  *  * Өмір есеп емес, күрделі де шешуі жұмбақ математика. *  *  * Жалпыға белгілі жауыр сөзден бір ауыз реплика артық. *  *  * Әрбір адамға кездескен сайын сен жаңалыққа тап келдім деп есептей бер. Өйткені, әр адамда сөзсіз бір таңсық нәрсе болады. *  *  * Бір көргенге сеніп қалмайық. Қармақ салғанның бәрі балықшы емес. *  *  * Демократия сөзден тұрады, сөзбен өмір сүреді, сөзден сүрінеді. *  *  * Ақылды да көтеріп жүретін бас керек. *  *  * Адамның күлкісі де мағынасы бар сөз. *  *  * Жазған дүниеңнің көбігін алып отыруды ұмытпа! *  *  * Тән сұлулығы таңырқатады, жан сұлулығы жадыратады. *  *  * Өмір сұлулармен емес, бір-біріне ұқсамайтын түрлі адамдарымен сұлу. *  *  * Мен ой қумаймын, ой менің қыр соңымнан қалмайды. *  *  * Біз шетелді үлгі ететіндерді емес, шет­елге өзімізді үлгі ететіндерді тәр­бие­леуіміз керек. *  *  * Адамдар көшедегі көлдей ұрандарды көзге ілмейді. Ал есіктегі қияқтай ха­бар­ландыруды қиядан көреді. *  *  * Алға жетудің жолы ұзақ болса, кері кетудің жолы бір-ақ күндік. *  *  * Білген-түйгенің өзіңе қалады, жиған-тергенің өзгеге қалады. *  *  * Сыбайластық та көлеңке сияқты. Көлеңке – Күн төбемізге түскен кезде жоғалады. Сыбайластық – заң өремізге түскен кезде жоғалады. *  *  * Жақсылық жасау арқылы жолыңды ашасың, асудан да асасың. *  *  * Туа бітті әдептілік жүре біткен әдемілікке ұласады. *  *  * Түк ойламай көрші. Түкке тұрғысыз болып қалу екен – шошып кетесің. *  *  * Гәп – қанша кітап  оқығаныңда емес, қандай кітап оқығаныңда. *  *  * Арсыздың өресі өтірігін шығарсаң да өзгермейді. *  *  * Сен өткенге қолыңды сілтеме. Қол бұл­ғап қоштас та, болашаққа қолыңды бер! *  *  * Құбыжықтардан қорықпайтын балалар өсіп келеді. Олардан батыр шыға ма, монстр  шыға ма – өзіміздің де қорқынышымыз өсіп келеді. *  *  * Байлығы таудай болған жан өзінің  төмпешік боп қалатынын  білгені жөн. *  *  * Сөз шындығынан айырылған кезде  шашырап кетеді. *  *  * Балаңа: “Иттің баласы!”, – деп ұр­ысқан кезде өзіңнің кімге айнал­ға­ныңды ескер. *  *  * Тепе-теңдікті сақта. Тіпті ішкі есебің сыртқы  есебіңнен асып кетпесін. *  *  * Кәрілік мұраға көз тігеді, жастық қияға  көз тігеді. *  *  * Адамдар өздерінде қай  аңның қасиеті барын білмегенмен, оны  іс-қарекеті айғақтап жатады. *  *  * Ғаламтануға жол ашық, ал адам­тануға  жол таппай жүрміз. *  *  * Қалалықтар бүгінін кезекке тұрумен, ертеңін есепке құрумен өткізеді. *  *  * Бұрын адамдар Барсакелместің аты­нан қорқатын, қазір бүгулі жатқан “затынан” қорқады. *  *  * Дарын мен қабілет екеуі екі бөлек қасиет. Дарын – өнер үшін, қабілет – өмір үшін жаралған. *  *  * Фактіні өшіре де, өсіре де алмайсың. *  *  * Табиғаттың туындылары көп. Бірақ қазақтың киіз үйіне  тең келер табиғи туынды жоқ. *  *  * Көріп жүрміз: шындықтың шырылын өтіріктің сыбыры басып кетеді. *  *  * Жаны таза жандар Қара жер мен Көк ас­панға сенген жабайы адамдарға ұқсайды. *  *  * Адамдар өмірдің бітім болмысын  бұ­зып бояп, өзгертіп тастаған. Енді оның шынайы түрін іздеп шарқ ұрумен келеді. *  *  * Пенделік психология: биіктегі бәрін көріп отырмын дейді, төмендегі бәрін біліп отырмын дейді. *  *  * Өз ұлтының ертеңі үшін  кейбір озып айтылатын  сөздер болады. Көкірегі ояу­лар үшін ол түсінікті, ал көкірегі бітеулер үшін “аттандаған” айғай-шу. *  *  * Адам тоқтап артына қараған кезде:  – Өтіп бара жатқан өмір-ай! – дейді, алдына қараған кезде: – жүйткіп бара жатқан өмір-ай! – дейді. *  *  * Мақсат көрінбей тұрғанмен, көңілде тұрады. *  *  * Рухани үндестік күшейген кезде ұлттық мүдде  асқақтай түседі. *  *  * Қарапайым ойдың да өмір сүруге хақысы бар. *  *  * Қызғаныштың темпе­рату­ра­сын жамандаумен түсіреді. *  *  * Бүгінде қымбатты қорлау түк те емес, арзанды дәріптеу аншлаг! *  *  * Дағдарысты жасайтын – адамдар,  түзейтін – уақыт. *  *  * Бірін-бірін мақтау көңіл аулау емес, негізі өзіңді-өзің алдау. Жақау ДӘУРЕНБЕКОВ.