• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
26 Қаңтар, 2011

Ғылымның алтын қазығы

592 рет
көрсетілді

Сәкең туралы айту қиын. Әсіресе, ол кісінің азаматтық болмысын бірер сөзбен жеткіземін деу тым үстірт ой. Дегенмен біз – Сәкеңнің соңынан ерген әріптес інілері – үндемей қала алмаймыз. ХХ ғасырдың екінші жартысында Сәтбаев шаңырағын кө­терген Қазақстан ғылымы жан-жақ­ты қанат жайғанда, осы қиындыққа толы жылдарда ғылым әлеміндегі бірегей, ең бір белсенді тұлға біздің Сәкең – академик Салық Зиманов еді. Қазақ руханиятын қалпына келтіруге, жаңа заман талабына сай қоғамдық ғылым­дар дәрежесін, оның ішінде сан салалы заң ғылымының негізін қалап, өркендетуге Сәкеңнің қосқан үлесі бір төбе. Сәкең феноменінің негізі, бастауы неде, қабілетті жас ғалым жүре білімдар болды ма, әлде тума дарын ба еді дегенде Тайсойған құмында дүние есігін ашып, еліміз үшін өте бір қиын ке­зеңде орта білімді алар-алмастан со­ғыс­қа аттанған жеткіншек көз алдыңа келеді. Майданда ерлік көрсетіп, 22-23 жасында майор, артиллерия полкі­нің командирі шеніне дейін көтеріліп, жоғары білімді соғыстан қайтқасын тәмамдап, ғылымдағы жолын Сәкең 50-жылдардың басында бастады. Жар­ты ғасыр ішінде аты мәшһүр академик дәрежесіне көтеріліп, ғылымда айтулы жаңалықтар ашып, бүгінде еліміздің егемендігінің ғылыми негізін қалау­шыларының бірегейіне, көш бастау­шысына айналды. Бұл бір адам­ның маңдайына дари бермейтін құ­былыс, тағдырдың сыйы. Сәкең бүгін­де осыған ие. 1987 жылдың көктемінде Ғалым­дар үйінің үлкен залында Г.Колбин бастап бүкіл орталық комитеттің ап­параты қатысқан идеология мәселесі­не арналған конференция өтті. Оған зиялы қауымның маңдайалды өкіл­дері қатысты. Мәселе – қазақ халқы­на тағылған ұлтшыл деген жаланы ғылыми тұрғыдан жала деп тауып, дәлелдеу еді. Сәкең жиналыста ВКП (б) тарихында ғасыр басында, Ленин қатысқан поляк социал-демократтары мен еврей «Бунд» партиясына тағыл­ған ұлтшылдық айыптарын сынға ала тұра, бүкіл халықты ұлтшыл деп қара­лау қазіргі партия басшылары­ның теориялық дәрменсіздігін көрсе­тетінін, бұл халықтар бірлігіне қағыл­ған қауіпті сына екенін айтты. Келген басшылар Сәкең сөзінен именді, бұлтартпайтын дәлелдер ВКП (б) тарихындағы болған оқиғалармен негізделді. Дана халықтың батыл да парасатты ұлдары бар екені тағы бір дәлелін тапты. Бұл тарих алдында халық тағдырын шешетін ерекше тайталастың бір көрінісі еді. Сәкеңнің шешендігі, терең білімділігі соншалық, ол сөйлеген ортада үлкен әсер қалдырады. Шешендік дәстүр жалпы халқымызға тән қасиет, әйтсе де Сәкең шешендігі өзгеше. Ол ашық дидактика, софистикаға ұрын­байды. Мұнда ғылымға, дәлелге, эру­ди­цияға негізделген шеберлік сан қы­рынан көрініп, көрікті ой табиғи үй­лесімін тауып отырады. Шамасы, көп жылдар философ, заңгер ғалымдар­мен біте қайнап, ұжымға басшылық етуі ол кісіге жан-жақты білімдар­лық­­ты дарытып, шешендік арсена­лын байыта түскен. Сонымен қатар, философия, заң, құқық саласында қа­лып­тасқан көне грек, римдік дәстүр, ал Ресейде атақты Плевако, Кони есімдері әсер етпеді деу де қиын. Кейде Сәкең осылардың бәрінен хабардар, еңбек­терімен таныс, шамасы, кезінде ұқсап бағуға да ұмтылыс жасаған-ау деген ой келеді. Осы үш қайнар әсері ешкімге ұқсамайтын қазақ топырағын­дағы Зи­мановтың шешендік шеберлігін қалып­тастырғандай. Сәкең ғалым ретінде, өмірінің қай кезеңінде болмасын, тіпті қазір абыз атанып, басын ақ қырау шалған ша­ғында да оның бүкіл болмысы толассыз идеяға толы. Республикамыздың тәуел­сіздік жолындағы өмірі неғұрлым шытырман, күрделі шешімдер талап етуіне орай ғалым да мазасыз ізденіс бағытында. Бұл – қатардағы қабілет иесіне емес, тума дарынға тән қасиет. Біз ғылымдағы әріптестері оған сан жыл­дан бері куәгерміз. Біздің ойымызша, Зиманов шығармашылығы бүгінде Алаш зиялыларының рухани жалғасы іспетті. Қиылған қиял-арман, үзілген үміт-мақсат талықсып барып, Зиманов мектебі арқылы ғылымның, білімнің бір басым бағытына айналып, өріс алуда. Зиманов атына өз басым 60-жыл­дар­дың басынан, академияның эконо­мика институтының аспиранты кезінен қа­нық­­пын. Сол жылдар академия инс­ти­тут­тарына Мәскеу, Ленинград, Қазақ университетін бітірген жастар келіп орналасып жатты. Ғылымның өресі, беделі биік кез (академия президенті Қа­ныш Сәтбаев). Осылардың ішінде бір топ талантты жас философ, заңгерлер Сәкең басшылық еткен Философия және құқық институтына топтасты. Бұлар Жабайхан Әбділдин, Ғайрат Сапарғалиев, Науменко, Герасим Югай, Мамия Баканидзе, кеше ғана дүниеден озған Ағын Қасымжанов бар. Сәкең осы таланттарды баулыды. Олар шын мәнінде жоғары, жүйелі дайындығы бар осы саладағы қазақ ғалымдарының бірінші буыны еді. Тоталитарлық заманда Сәкең жастардың еркін, батыл пікірлерін, ой-өрісін қолдай, қорғай білді. Міне, осы жастардың есімдері Одақ көлеміне, шет елдерге кеңінен танылды. Қазақстан философтары мен заңгерлерінің бірінші буынын Сәкең осылай қалыптастырды, республикада деңгейі жоғары, философия, құқық ғылымдары өмірге келді. Қазақстан философтары мен заңгерлері өз алдына бағыт ашып, ғылымда белгілі бір салаларда көш бастады. Бұрын-соңды біз­дің қоғамдық ғылымдарда бірден үзі­ліп, үздік топ жарған мұндай құбылыс бола қойған жоқ еді. Осының басы-қасында Сәкең болды, шын мәнінде көшбасы, ғылымда жаңашыл лидер ретінде та­нылды. Өзі де ерекше тұлға бола тұра, талант табиғатын сыйлап, қорғаштай білетін қайраткер екенін осы жылдар жемісі айқын танытты десек артық болмас. Сәкең өзі де жас әріптес­терімен бірге дүниежүзілік ғылым бұ­ла­ғынан сусын­дады. Оның ірі ғалым болып қалып­тасуы да осы 60-шы жылдардың еншісінде. Күмән жоқ, Сәкең басқарған ғылы­ми ұжым, үздік жастар тобы республикада қоғамдық ғылымдардың дамуына тікелей әсерін тигізіп отырды. Ол кезде ең жас ғылым докторы Жабайхан Әб­ділдин жиналыстарда: «...Біз ғылымның алғы шебіне шығуымыз керек, шы­ғамыз да!» деп суырылатын, ұрандай­тын. Тағы бір ескерер жәйт, Сәкеңнің әріптестері арасында сол кезде қа­лып­тасқан ғылым­дағы беделі, пікірі әр­дайым жоғары болды. Біз осы жағдайды қатар жүр­генімізде әрдайым байқай­тын­быз. Иә, ұстаз пікірімен олар әр­дайым санасып, өздері қазір академик, доктор дәреже­сінде болса да, сөзіне тоқтап отырады. Шамасы, пікір түбінде жатқан шын­шыл­дық, ғылыми парасат пен халқы­мыздың үлкенді сыйлаған ұлы дәстүрі үйлесім тапқандай. Сәкең кезінде Қаныш ағаның жеке қамқорлығына, ілтипатына ие болған адам. Қанекеңнен алған өмір сабақ­тарын, жалпы ол кісінің биік пара­сатын, аурасын Сәкең көбіне ішіне баурап бүксе де, ол кісінің ұлы мектебінің кейбір дәстүрі туралы бізге де ыңғайы түскенде айтып отыратын. Бұл сөз сараңдығы ұлы адамның бейнесіне ұқыптылықпен қарап, сөз шалшығына салып лайламайын деген ойы болуы мүмкін. Әрі Қанекеңе жанасты жүрмін деп айтуды ыңғайсыз көруі, өзін көл­денең тартқысы келмеуі түсінікті секілді. Бұл Сәкең табиғатына лайықты-ақ. 1967 жылы Зиманов академияның жалпы жиналысында академикке сай­ланғанына біз куә болдық. Ол кезде жаңалыққа елегізіген, әсіресе жақсы­лық хабарға тәнті, жас кезіміз болатын. Ака­демик ағамыздың да 45-тердегі дер шағы еді. Біз – жастар, ол кісі бірден көтерілген биікті ризалық сезіммен қабылдағанбыз. Соңынан өз басым 80- жылдар аяғында академик боп сайлан­ғанымда Сәкең қолдайтынын ашық айтты, сараптау комиссиясын басқарды. Бұл жәйтті өмір сабақтастығы, аға­лық қамқорлық дәстүрі деп ұғындым. 70- жылдары Сәкең академияның бас ғылыми хатшысы қызметін атқарды. Мұнда да ұйымдастыру қабілетімен өзіндік із қалдырды. Өзім куә болған соңғы 50 жылға тарта уақытта Сәкең зерттеген, қалам тартқан заң ғылымының мәселелері ұлан­-ғайыр: жалпы мемлекет, құқық тео­риясы, қазақ топырағындағы заң салаларының орнығып, даму жолдары, қазақ мемлекетінің ғасырлар тарихын­дағы құқықтық даму негіздері мен өзіндік дараланған дербестігі. Бүгінгі жас мемлекетіміздің құқықтық егемендігін қалыптастыру жолдары, елдігі­міздің тағдырын шешуге қатысты күр­делі, жаңалыққа толы идеялар, ұсыныс­тар толассыз туындауда. Осыған орай небір беделді халық­ара­лық жиындарда Сәкең жаңашыл, озық ойларын баяндап, кезек күттір­мейтін ғылыми шешімдерге қолдау талап етуі әрдайым келешекке бағыттал­ған ізденісінің айғағы. Сәкеңді бүгінгі таңдағы қоғамдық ғылымдар тағдыры толғандырып, жалпы Қазақстан ғылы­мы­ның келешегі әрдайым мазалайды. Соңғы жылдары академик Зиманов­тың ғылымдағы парызы көшпенді өркениеттің қазақ халқына ғана тән бірден-бір рухани құндылығы – қара қылды қақ жарған билер билігінің тарихи тәжірибесін зерделеп, ғылым әлеміне заманауи дәрежесінде ұсыну. Бүгіндегі жас мемлекетіміздің егемендігін бекіндіріп, құқық жүйесіне негіз боларлық халық мұрасын ұтымды пайдалану жолдарын негіздеп, мәселені халықара­лық конгресс дәрежесіне кө­теруі және осыған байланысты он том­дық монографиялар сериясын орыс, ағыл­шын, түрік, қазақ тілдерінде жа­рық­қа шығаруы академик Зимановтың дүние жүзі ғалым­дарының назарын ау­дарып, қызығушы­лығын танытқан ғы­лым­дағы айшықты үлесі және соны жаналығы. Сәкең шындықтың, турашылдық­тың адамы. Ұсыныстары, тұжырым­дары, зерт­теулері ғылым заңдылық­тары­на, өмір қажеттілігіне, өркениет талабына бағы­на­ды. Сондықтан да ел­дігіміздің дамуына ауадай қажет дәлел. Әрине, кешегі тотали­тарлық үстем жү­йе­дегі заман ағымы, монизм басымды­ғы Сәкең шығармашы­лы­ғына әсер етпей қоймады десек, ағаттық болар еді. Жарты ғасыр­дан аса талмай ізденіс жолында айтулы жеңістер мен шегініс іздері де болуы ғажап емес. Тіпті сол жағдайдың өзінде «Ленин және қазақ мемлекеттігі» деген монографияда қа­зақ қоғамының демократия жолына ж­а­ңа дәуірдегі ұмты­лысын, тар жол, тай­ғақ кешудегі мемлекеттікке тал­пынған тәжі­рибесін Сәкең ғылым тұрғысынан сараптап бақты. Жалпы, академик Зиманов ең­бектері ТМД елдері заң ғы­лымының ажы­ра­мас бөлігі, айшықты жетістіктері сана­тында десек, асырып айтпаған болар­мыз. Бұл келешек ғы­лым тарихын зерттеуші­лердің үлесіндегі әңгіме. Сәкең мектебі, кәсіби деңгейі тікелей дәріс алған ортасынан деу қиын. Өткен ғасырдың 40-50-жылдары жоғары білімнің жаңа қанат жайып, буыны қатаймаған шағында бірлі-жарым профессорлар Ресейден арнайы немесе айдалып келгендерден құрала­тын-ды. Бұл жағдай әсіресе философия, заңгер­лік, экономика білімдеріне тән еді. Осы күнгі білім, ғылымды бастап жүр­ген кейбір азаматтар: «...Біздің ұстаз­дары­мыз осылар болып еді», деп көтеріңкі сөйлеуі көбіне шындықтан әсірелеуге жақын. Шынтуайтында, шешуші рөл атқарған осы қайрат­керлер­дің табиғи қабілеті, іздену талпынысы мен алғыр­лығында ма деп ойлаймын. Ал Сәкең да­рыны көбінесе Одақ көлеміндегі жүр­­ген, араласқан ортасы­мен бiтe қай­нап, республикада ғылым мен білімнің шұ­ғыл дамуында шың­далды деуге болады. Ағамыздың Жа­рату­шы туа да­рыт­қан алғырлық қасиеті, табиғи пара­саты өзі тікелей белсенді араласқан білім, ғы­лым, өмір тәжіри­бесінен сусын­да­ды дер едім. Осы феномен Сәкең еңбек­терінің әрдайым алға, келешекке, дамуға бағыт­талуының сы­рын ашатын секілді. Академик Зиманов шығарма­шы­лығының басты ерекшелігі, өмір­шең­дігі де осы деп тұжырымдауға әбден негіз бар. Сәкеңнің соғыстағы ерліктері өмiрі­нің өз алдына бip ерекше бeттepi. Кезінде төңірегінде топтасқан жас ғалым­дар: «Ол кiciгe жоғары қолбасшылар берген мінездемеде: «Жастығына қара­май айрықша батыл, ұстамды, кескілескен шайқас үс­тінде жауапкершілікті өзіне артып, шұ­ғыл шешім қабылдап, қауіпке төтеп береді», делінген екен деп айтатын. Сәкеңнің өзі де әңгіме ара­сында соғыста басынан кешкен кейбір жәйттерді айтатыны бар. 1943 жылы Кавказдағы үш мың метрлік Аджимушкай асуында тау атқыштары дивизия­сы жау қоршауында қалған екен. Маңыз­ды тау шатқалын біздің жауын­гер­лер бермеу үшін қарсыласып-ақ бағыпты. Көмек келгенше әбден әлсіреп, кейбірі тіпті адам етімен қоректенген де көрі­неді. Сәкең айтады: «Бip күні әлсіреп, қозғалуға шама жоқ, жатырмыз. Жа­нымдағы көмекшім: «Жолдас командир, өлесіз ғой, басқалар әне былай шығып жеп келіп жатыр, мен де солай жасадым, барыңыз», деді. Сонда: «Өлсем де адам болып өлейін», деп шы­дадым, бармадым», дейді. 80-шi жыл­дары сол аймаққа жол түсіп демалыста болғанымда, тау асуын­да арнайы са­лын­ған соғыс музейінде болдым. Сол кезде осы жәйттер елестеп, 22 жасар Салық бейнесі де көз алдымда тұрып алды. Соғыста топ жарған Сәкең батыр­лығы табиғи болмысына тән қасиет бола тұра, өмірге келген ортасының жауынгерлік дәстүрінен де қуат ал­ғандай. Ұлы бабалары Исатай, Махамбет, Сырым рухтары ес білгеннен санаға сіңіп, әсіресе соғыста оның жігерін қайрап, шыңдай түсуі айтпаса да белгілі. Бір қиян-кескі шайқаста Сәкең арнайы тапсырма алып, өз батареясына жау артиллериясының оғын жаудыртып, жалпы полк шабуы­лына жол ашқан екен. Осыны басқару үстінде асқан ерлік, ұстамдылық, әс­кери қабілетінің жарқ етуі кездейсоқ құбылыс емес-ті. Жиырмадан жаңа асқан қазақ жігітінің кеудесіне «I дә­ре­желі Отан соғысы» ордені тағы­лып­­ты. Бұл жас азамат үшін жоғары баға. Бұл оқиғаны Жеңістің 55 жылдық мерекесінде Сәкең Шәрбан апай eкeyi бip жайлы отырыста бізге айтқан еді. Жайшылықта ағамыз өзіне қатысты әңгімені ашылып айта бермейді. Жалпы түйініміз, Сәкең ерлігі таби­ғатына дарыған қасиет деуімізге то­лық негіз бар. Оның дарынды тұлға­сының өмірде толығынан ашыл­май кеткен бip қыры десек те болады. Соғыс бітерде 24 жасар Сәкең подполковникке ұсынылып, Фрунзе атын­дағы әскери академияға жолдама берілгенде, елге қайтуға бел байлап, өз орнына орынбасарын жіберіпті. Ол азамат соңынан генерал-полковник, При­балтика әскери округінің қолбас­шысы дәрежесіне дейін көте­ріліп, академик Зимановты қонаққа келіңіз деп талай шақырғанда бара алмадым дейді. Егер сол әскери жолмен кетсе, Сәкеңнің жаңашылдыққа, дәуір тала­бы­мен сәйкестікке ұмтыл­ған болмысы оны сөзсіз қолбасшы дәрежесіне көте­рер еді деген ойдамыз. Зиманов соғыста жүргенде көп жағдайда өмірдің талай қиындығы мен ғажайыбына көзінің алғаш ашыл­ғанын да жасырмайды. 1944 жылы Минск қаласын азат еткеннен кейін опера және балет театрында фронт офи­церлері үшін балет спектаклі көр­сетіліп, оған жас офицер Зиманов та шақырылған екен. Сөйтіп, Сә­кең тұң­ғыш рет еуропалық театр­ды, оның ішінде балетті тамашалайды. Бірінші акт бітіп, екінші акт баста­лады, бірақ да­ла жігітіне концерттен күткен үй­рен­шікті көрініс – ән естілмейді. Шыдамы таусылып, жанын­дағы командирінен: «Ылғи осылай басынан аяғына дейін билей бере ме?» депті. Маңайын­дағылар күлісіп, соңынан «Зи­манов жолдас, балеттен басқа еш­теңе жоқ па?», деп әзілдейтін болды дейді ол сол бір кезеңдерді еске алған шақта. Академик Зиманов ғылыми, қоғам­дық өмірде ерекше тынымды, сапалы іс-әрекеттерімен Сәтбаевтың рухани ізбасарлары қатарында шоқтығы биік тұлға ретінде танылды. Ол жүрген ор­та­сына, соңынан ерген ұлт азамат­тарына, зиялы қауым, шәкірттеріне үлгі бола білді. Ғылымда, қызметте қолынан іс келетіндерді ғана қолдады. Біз – ғылымдағы, қоғамдық өмір­дегі әріптестері алдымыздағы аға­мыз­ды зиялы қауымның айшықты бірегейі дейміз, ұлттық интеллиген­ция­ның бетке ұстар символы ретінде қадір тұтамыз. Сәкең академик Бә­йішевтің қазасында: «...Шындықтың алтын қазығы еді», деген еді. Бүгінде қазақ интеллигенциясының, зиялы қауымның бағдар тұтар алтын қазығы Сәкең. Бар болыңыз ортамызда! Аманжол ҚОШАНОВ, академик.