– Жаңа айттым ғой, Нұрмахан актерлігі – классикалық үлгі. Ол қандай атаққа да, қандай абыройға да лайық еді. Мінез деген адамның тағдырын құрайды. О баста репетициядағы сценаның құрылуы, сөздің айтылу мәнері төңірегіндегі шарт па шұрттан басталып, кейін ашылып кетті ғой аралары. Нұрмахан киноға түсуге сұранса қайта-қайта жібермей қала берді. Басқа театрлар жекелеген спектакльге шақырса да жібермейді. Содан ақыры ол өтінішін жазып, киностудияға кетіп қалды. Мәмбетов киностудияға директор болып барғанда Жантөрин театрға қайтып келді. Сол тұста актерлік өнеріміздің тарихындағы ең ғажайып рөлдердің бірін – Булгаковтың «Жендеттеріндегі» Мольерді ойнап кетті. Қызық болғанда, Мәмбетов театрға оралғанда Жантөрин киностудияға қайтты... Ірі тұлғалардың арасындағы келіспеушілік те ірі болады ғой. Бірақ, негізінде әу бастағы қақтығыс жеке бастан емес, шығармашылық принциптерден басталғанын айту міндет.
– Қара шаңырақтағы аға-апалардың арасында кімдерді бөлекше үлгі тұттыңыз? – Бөле-жара айтқаным жараспас, бәрінен де үлгі алуға тырыстым. Ал айрықша айту шарт десең, Серағаң мен Сәбира апамды айтайын. Театрдың маңдайалды актерлерінің ішінде маған ерекше жақын болғаны, бөлекше жақын тартқаны – Серке аға. «Оразбаёвский» деп қоятын мені. Үйге келіп, апаммен әңгімелесіп тұратын. Серағаң театрдың киесіндей еді. Ол кісінің жай, репетицияға қатысып кеткенінің өзі үлкен көмек болатын. «Ойбай, Серағаң отыр», деп жұрт жанын салатын. Халтураға жібермейтін. Ағаларымыздың бір-біріне айтатын әзілдері де жарасымды шығатын. Бір күні Серағаң бәріміз репетиция кестесі жазылған тақтаға қарап тұр едік, Құрекең келе қалды. Бізге жақындады да Серағаңа қарап: «Мұрныңды тарта тұршы, өтіп кетейін», деді. «Иә, қалайсың, үйіңдегі мал-жануарларың аман ба?» деп қояды Серағаң да. Құрекең Шолпан екеуі ойнаған спектакльдердегі кейіпкерлердің аттарын балаларына шетінен қоя берген, Қозы, Ақтоқты деген сияқты. Талай әзілді ағаларымыз бізге де айтатын. Асанәлінің алғашқы басты рөлдерінің бірінен кейін Елағаңның рөліңді жумайсың ба деп қажағаны есімде. Асанәлі жумайын демейді, қалтасы жұқалық қылады. Жас актер. Бәріміз пәтерде тұрамыз. Содан қашқақтағанда ғой Елағаңның: «Жарайды, жумасаң жумай-ақ қой. Маған бәрібір. Просто өзің жадный атанасың», дейтіні. Сағи Жиенбаевтың Жамал Омароваға арнаған бір өлеңі бар. «Жамал апа!» дегенде жалт қараймын, кең далам кіріп келе жатқандай-ақ» деп бітеді. Сол айтқандай, сахнаға Сәбира апамыз шыға келгенде театрдың ішіне дарқан даламыз көшіп келгендей болушы едік. Сәбира Майқанованың ойнаған рөлдерін айтып не қылайын, оны жұрттың бәрі біледі. Жарты ғасыр бойы мың-мың жанды күлдірген де, жылатқан да құдіретті талант иесі еді. Өнер адамы ретіндегі ішкі алай-түлейі де ерекше болатын. Не нәрсені де тұп-тура жүрегімен қабылдайтын. Өте бір өкінішті сәт есіме түсіп отыр. Бір жолы гастрольмен Бішкекке бардық. Ол кезде Фрунзе ғой. Гастрольді «Ана – Жер-анамен» ашатын болдық. Спектакль қойылатын күні Шыңғыс Айтматов Әзекеңнен сұрады: «Бүгін Толғанайды кім ойнайды?» деп. Бәріміз түс кезінде шәй ішіп отырған болатынбыз. Әзекең: «Бүгін бірінші состав. Сәбира Майқанова ойнайды», деді. Сонда Шыңғыс: «Сәбира апамның ойыны керемет. Алматыда екі рет көрдім. Жұрт Фарида Шәріпованың Толғанайын да қатты мақтайды. Ертең Парижге ұшып бара жатыр едім. Фариданың ойынын көрейін деп едім», деп тілек айтты. Автор айтса, әрі ол автор Шыңғыс болса тілегін қалай орындамассың. Әзекең Сәбира апайға Шықаңның тілегін жеткізді, бүгін сахнаға Фарида шығады дейді. Содан Сәбира апам бұрқан-талқан ашуланып, қатты күйініп, қатты сөздерге барып, ақыр аяғында аяқ астынан мәшине талап етіп, екі кештің арасында Алматыға жалғыз өзі кетті де қалды. Қанша айтсақ та көнбеді. Ол кісіні де түсінуге болады, қырғыз жұртына Толғанайды көрсетейін деп жылдар бойы дайындалып жүрген адам ғой. Бәріміз де қиналып қалдық. Апамыздың қайтымы тез болушы еді, ашуы басылар дедік. Өйтпеді. Ашуы басылса басылған шығар, өкпесі басылмады. Келді де ауырып қалды. Ауырғанда тіпті орнынан тұра алмастай құлады. Қатты стресс алды. Осыны естіп Шыңғыстың қатты өкінгенін, қатты күйінгенін де білеміз. Әзекең де қиналды. Сәбира апам сол ауырғаннан оңалмады. Ақыры дүниеден өтті. Мұның өзі де сахнаның ұлы шеберлеріне тән күрделі табиғаттың белгісі деп ойлаймын. Неге екенін білмеймін, қайтыс болғаннан кейін Сәбира апам көп жыл атаусыз жүрді. Өзі тұрған үйіне ескерткіш тақта да осы кейінде ғана қойылды. Театрдағы жарты ғасырдан артық өмірімде қазақтың небір асылымен араластым, сыйластым, аға тұттым, апа тұттым, қазіргі жастар енді мені аға тұтады. Жаман атымыз шыққан жоқ. Ағаларымыздың қолына су құйғандай қызмет еттік, гастрольдерде осы Асанәлі, кешегі Райымбек бәріміз Серағаңдар мен Елағаңдардың, Қапан ағаның шабадандарын көтеріп жүретінбіз. Қазіргі жастар, неге екенін қайдам, ондай емес. Әнеу күні Құдайберген қайтыс болды. Қаралы жиын аяқтала салысымен театрдағы асхана жаққа бара қалып едім, бір топ жас актерлер анекдот айтып қарқ-қарқ күліп жатқанының үстінен түстім. Шыдамай, айқайлап жібердім. «Ей, шерменделер! Жаңа ғана Құдайберген шықты осы жерден, қазақтың маңдайалды, марғасқа актері. Сендер немене, бір күнге шыдай алмайсыңдар ма? Шымкенттен ана «Шаншар» театры осында жүр, айтады ғой әкемтеатрдың актерлері қаралы күнде де қарқылдай күліп жатыр деп. Шетіңнен шолақ байталдың құйрығындай шолтаңдап кетіпсіңдер», дедім. Бәрі үн-түнсіз қалды. Арасында бір жасы егделеу актрисамыз бар еді, артынша маған келіп жылады, кешірім сұрады. Кейде жастарымыздың ашық-шашық жүргеніне де шыдамай айтып қаламын. «Сіз Серағаң сияқты болып барасыз», деп кейбіреулер наразылық білдіріп те жатады. Оларға айттым, «Серағаңдай болсам арманым жоқ. Сахна деген қасиетті жер. Осы сахнада ұлы адамдар халқымыздың тарихын жасады. Шаңның астында қалған батырларымыз осы жерде тіріліп, даусы шыққан. Қозы мен Баянның, Ақан мен Ақтоқтының табысқан жері бұл. Сахнаға аттап басқаннан-ақ сен басқа адамсың. Бұл – дәстүрлі театр», дедім. Обалы не керек, жастарымыз кәдімгідей жинақталып қалды. Есмұқанның да орны үлкен. Жиын-жиналыстарымызда сәтсіз айтылған, нәрсіз жеткізілген сөйлемдерге дейін естен шығармай, тезге салып отырады. Шүкір, қазір театр қайта өрлеп тұр. Көрермен көп. Биліктің қабағы да жақсы. Әнеу күні Астанадағы айтысқа жюри мүшесі болып барғанымда Мәулен бауырымыз театр туралы менімен әбден сөйлесті. Сағаттың ұлы ғой, халыққа, халықтың өнеріне жаны ашиды. Министр ініміз Мұхтардың да театрға көңілі дұрыс. Еткен еңбек бағаланып жатыр. Фарида да былтыр, өмірден өтерінің алдында Президент Жарлығымен орден алып үлгерді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында көптеген ірі сахна шеберлері сияқты, Фарида да көп қиындық көрді. КСРО халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты бола тұрып ана бір тұста театрдың негізгі штатынан шығарылып, келісім-шарт бойынша жұмыс істеуге мәжбүр болғаны да жанына батып кетті. Өзі ойнайтын талай спектакльдердің ішінде атақты «Ана – Жер-ана», «Қан мен тер», «Көктөбедегі кездесу» де бар, репертуардан алынып қалғаны да жүрегін күйзелтті. Оның үстіне Ыдырыс өмірден өтіп, тіпті жалғыз қалды. Тура бір жыл ауырып жатты. – Фарида демекші, мынандай бір жағдай еске түсіп тұр. 1974 жылы, «Қан мен тер» КСРО Мемлекеттік сыйлығын алғанда негізінен Ақбала рөлін арқау етіп, «Социалистік Қазақстанға» «Шынайы талант, шын сезім» деп үлкен мақала жазғанмын. Содан бір жылдай өткенде маған сәлем айтып жіберіпті, хабарлассын деп. Хабарластым. «Бәлен күні «Ана – Жер-анаға» сен қалайда кел», деді телефонмен. Нақты не себеп болғаны қазір есімде жоқ, әйтеуір сол күні театрға бара алмай қалдым. Арада біраз уақыт өтті. Көшеде кездейсоқ кездесіп, қатты ренжіді. «Сен келмедің ғой, келмедің, мен Толғанайды енді дәл сол кештегідей ойнай алмаймын, көруің керек еді ғой», дей береді. «Ой, сол күні өлтіріп ойнадым ғой», деп тағы қосып қояды. Сөйтсем, дәл сол күні Шыңғыс деген ұлын әскерге шығарып салған екен. Кешке Толғанайды ойнаған... Ұлын екі жылдық әскерге бейбіт күнде шығарып салған ана жүрегі күйеуін, үш ұлын қан майданға аттандырған Толғанайды дәл сол күні қалай сезінгенін шамалауға болады... – Фарида өте шоқтықты актриса еді. Қабілеті қайран қаларлық. Өзі Қытайдан келген, бір ауыз орысша білмейді, оны айтасың, әуелде біздің жазуды да оқи алмайтын, төте жазумен келген ғой, сөйтіп жүріп Батыс Еуропа театрының тарихы, бейнелеу өнерінің тарихы деген сияқты пәндерді «беске» тапсыратын. Қалай дейсің ғой? Жауаптарды сұрап, түп-түгел жаттап алады. Сахнада ешқашан сыртқы жарқылға жібермейтін. Рөлге дайындалу, образға ену жағынан керемет. Рөл тисе болды қуанып кететіндердің санатынан емес. Талай-талай тамаша образдарды сомдады сахнада. Әсіресе, Толғанайды ғажап етіп шығарды. Ал ол сол тұста Сәбира Майқанованың өзімен өнер жарысына түскен болатын. Тіпті бара-бара Толғанай рөлінде Сәбира апамнан да жиірек шығуға айналды. Сахнадағы бәсеке деген қиын, Сәбира апам театрдағы парторг, ол жағынан да қолында билік бар. Кейіннен Фариданың Толғанайды ойнауы сап тыйылды. Қатты қиналды. Бір күні Фаридаға ақыл қостым. «Сен бұлай жүре берме. Сәбира апамның алдына бар. «Апатай, алдымдағы үздік үлгім тек өзіңіз. Мен тек сіздің ойыныңызды қайталаумен жүрмін», деп айт дедім. «Ойбай, өйтіп айтсам мазақтап тұрсың деп мені қуып шығады ғой», дейді. «Көресің, қуып шықпайды», деп жібердім. Содан бір спектакльден кейін Фарида артынып-тартынып, тәтті-пәттісін алып, бой қыздыратынын тағы салып, Сәбира апамның грим бөлмесіне барған ғой. Айтқанымдай болыпты. Өнер адамдары бала сияқты. «Өй, айналайын, осыны білген ақылыңнан сол. Сен де ойнай бер, сен өзіңше ойна», деп апам жайылып түсіпті. Содан екеуінің арасы дұрысталып кетті. – Фарида Шәріповамен сіз көп спектакльде партнер болдыңыз. Солардың ішіндегі ең ерекшесі «Қан мен тердегі» Сүйеу қарт пен Ақбала шығар? – Өзім де соған келе жатыр едім. Әбдіжәміл ағамыз Сүйеу рөліне Елағаңды – Елубай Өмірзақовты ұсынған көрінеді. Неге екенін, Әзекең көнбей қойыпты. Әбең әуелде алпыстағы Сүйеу рөлінің қырыққа да толмаған актерге тапсырылғанына келіспей жүрді. Оны өзіме айтып та кететін. – Өз басым жиырмасыншы ғасырдағы қазақ театр өнеріндегі он образ іріктелсе соның ортасынан осы Сүйеу қарт ойып тұрып орын алар еді деп ойлаймын. Сүйеу рөлі сіздің атағыңызды асырып, беделіңізді биіктетті. Сахнаның небір сұңғыла шеберлері керемет пікірлер айтты. «Замечательный артист! Артист, отражающий не только дух нации, но и глубину характера, тонкость этого характера, обобщенного характера своего народа. Только так я могу расценить его успех, его удивительно народную, современную актерскую культуру. Как замечательно, что есть такие мастера сцены!» – ұлы актер Иннокентий Смоктуновский сіз туралы түсірілген деректі фильмде осылай деген болатын. Сіз Сүйеу образының кілтін қалай таптыңыз? – Не дейін? Мен Сүйеуге өзімнің бойымдағы бар қабілетімді ғана емес, өмір бойы халқым туралы ойлаған, сезген, білгенімнің бәрін салдым-ау деймін. Адам болып, жер басып жүргеніміз тек ата-ананың арқасы емес қой. Біз бәріміз ең алдымен, халықтың бір баласымыз, ұлттың бір бөлшегіміз ғой. Сол халықтың үшінші мыңжылдыққа осындай тазалығын сақтап жетуіне Сүйеу сияқты қарттардың әсер-ықпалы ерекше болған шығар. Мен Сүйеуге қазақ қарттарының жиынтық образы, халықтық мінездің сығындысы ретінде қарадым. Өз басым сондай кейіпкерді сомдаған Әбдіжәміл ағамызға да 37 жасымда сондай дана қарт рөлін маған берген Әзекеңе де, спектакльдегі Ыдырыс аға, Асанәлі, Фарида, Әнуар секілді партнерлеріме де шексіз ризамын. Әсіресе, Фариданың көмегі көп болды. Сүйеуді тапсырғанда тіземнің дірілдегені рас. «Сәбит, сен саспа. Алғаш Толғанайды бергенде саған барып кәдімгідей жылағаным есіңде ме? «Әзірбайжанға айтып, мына рөлді біреулер маған әдейі бергізіп отыр, мені осы рөлмен құлатпақшы, сөйтіп, біржола құртпақшы. Әйтпесе, жас актрисаға беретін рөл емес қой бұл», демеп пе едім? Содан кірістім ғой Толғанайға. Шықты ғой ақыры Толғанай. Сен де шығарасың Сүйеуді», деді Фарида. Айтқаны келді. – Сәбе, сіздің өнерпаз ретіндегі жұртқа жақсы мәлім тағы бір қырыңыз – әншілігіңіз, сазгерлігіңіз. Композиторлығыңыз демегеніме ренжімессіз. «Төле бидің өсиеті», «Тоқта, ботам, атаң келеді артыңда», «Туған күн», «Анама» деген әндеріңіз әжептәуір танымал. Сіздің әндеріңіз қалай туады осы? – Әндеріңізді қалай шығарасыз демей, әндеріңіз қалай туады дегенің ұнап отыр. Осы сөз дәлірек сияқты. Мен ән шығаруды еш уақытта мақсат тұтқан емеспін. Өлең кітаптарын көп оқимын. Талай өлеңдерді, тұтас толғауларды жатқа білемін. Ана жылдары Сүйінбай мен Қатағанның айтысын толық айтатынмын. Оларды да жаттайын деп жаттамаймын. Оқыла-оқыла жатталып қалады. Сол сияқты Мұқағали өлеңдерін де оқи беремін, оқи беремін. Кейбірін домбырамен сүйемелдеп отырып оқимын. Сөйтіп, шертіп отырғанда өлеңнің ырғағынан ба, ішкі сазынан ба, әйтеуір, бір дыбыстар шыға бастайды. Сол дыбыстардың кейбірі кәдімгідей әнге айналып кетеді. Бары сол. «Көңілімде жүргені-ай бір қауіптің, Сабағындай шырмайды шырмауықтың. Арманменен, үмітпен, тілекпенен, Па, шіркін, барады өтіп зырлауық күн» – Мұқағалидың осындай өлеңдері жәй оқығанда-ақ өзінен өзі әндеткелі тұрған жоқ па? Тіпті әннің қандай ыңғайда шыққаны жөн болатынына дейін аңғарылып тұрған жоқ па? – Асанәлі досыңыздың жазғандарына қарап Асқар Сүлейменов: «Сәбит Мұқановтың үрдісіндегі жазушы екенсіз», деп әзілдейтін көрінеді. Ол сияқты бірнеше кітап шығармағаныңызбен, сіздің де қалам тартатын қабілетіңізді жақсы білеміз. 2000 жылы жарияланған «Сәбит Оразбай» деген кітапта «Актер қаламынан туған шығармалар» деген тұтас бір тарау сіздің театрдағы қилы-қилы хикаяларды баяндайтын жазбаларыңыздан құралған. Газет-журналдарға да мақалалар жазып қоясыз. Бұл қырыңыз да бұрыннан бар ма еді? – Біз өзі қызықпыз, өлең жазбайтын қазақ жоқ дейміз де, сол қазақтың көрген-білгенін қара сөзбен қағазға түсіргеніне сонша көңіл бөліп жатамыз. Мен, мақтанғаным емес, ауызекі әңгімені бір адамдай қызғылықты етіп айта аламын. Жазып жүргендерімнің көбі сол жұртқа айтатын әңгімелерімнің қағазға көшірілуі ғана. Әңгіме айтқанда мимикамыз, дауысымыз қосылып әсерлірек болатын шығар, қағаздағы нұсқаларына көңілім тола да бермейді. Бұл бір жағынан жалпы сөзге бейімдіктен, екінші жағынан өмір бойы оқитын кітаптардың, сөзін жаттайтын пьесалардың да әсерінен деп ойлаймын. Әуезовтің, Мүсіреповтің, Ахтановтың ағылып тұрған ақ өлеңдей драмалық шығармаларындағы рөліңді жаттағанда ақын боп кете жаздайсың. Жалпы, өрелі өнер өзіңді де өсіреді. Өнердің мен үшін ерекше қасиеті де осында. – Сіз жарты ғасырдан астам уақыт бойы бір шаңырақта қызмет істейсіз. Академиялық театрдағы ұстаздарыңыз, тұстастарыңыз туралы жақсы айтып жатырсыз. Ал өзіңізді осындай биікке жеткізген мамандығыңыздың қадір-қасиеті жайында не айтар едіңіз? – Міне, жарты ғасырдан асып кетсе де мен актерлік деген мамандықтың құдіретіне қайран қалумен келемін. Осы мамандықтың арқасында хан да болдық, қараша да болдық, бай да болдық, сері де болдық, қаншама адамның өмірін кештік, солардың тіршілігімен тыныстадық. Ойлап отырсаң, тіпті талай рет өмір сүріп тастағандай боласың кейде. Ал мұндағы адамдар қандай ғажап! Театрдың іші қашан көрсең айтыс-тартыс, бітпейтін де қоймайтын интрига, атақ үшін, рөл үшін мылтықсыз майдан жүреді де жатады. – Ғафу етіңіз, интригаға байланысты бір сөз есіме түсіп отыр. Дулат Исабеков айтып еді. Сочиге ме, Ялтаға ма, әйтеуір, драматургтардың бүкілодақтық семинарына Асқар Сүлейменов екеуі барыпты. «Бұрын драматургия жанры болмаған қазақ әдебиетінде айналасы жиырма-отыз жылдың ішінде классикалық пьесалар қалай туған?» деп сұраған адамға Асекең, мұны енді орысша айту керек, «Драматургия, как известно, жанр интриги. А казахи, это тоже известно, большие интриганы», дейтін көрінеді. – Асекең сондай еді ғой. Тіліп түсетін. Жаңағы ойымды жалғастырайын. Театрда тартыс көп. Біреуге атақ ерте беріледі, біреуге кеш беріледі, біреуге тіпті берілмейді, біреуге рөл көп беріледі, біреуге аз беріледі, біреуге тіпті берілмейді дегендей. Сахна сыртындағы өмірде кейде ашық, кейде жасырын алысып-жұлысып жүретін сол адамдар сахнаға шыға сала өзгеріп сала береді, керек болса бір-біріне өліп-өшкен ғашық жандарға айналады. Соның бәріне сізді сендіреді. Тіпті екі сағатқа болса да өздері де бір-біріне ғашық болып кетеді. Құдірет емес пе? Театр – тұнып тұрған тап-таза өнер, саф таза сұлулық. Өзіңнен өзгені жасайсың. Сахнада саған ешкім көмектесе алмайды. Жалғыздан жалғызсың. Сені биікке көтеретін де өзің, құлататын да өзің. Актерліктің тағы бір тамаша артықшылығы – адамның қасиетін білуге баулитыны. Қанша жерден жаттаған сөз ғой десең де сахнадан айтқан ақылды сөздері көкірегінде сәулесі бар адамның санасына жұқанасын болса да жұқтырмай қоймайды. Құдайға шүкір, осы өнердің арқасында елдің құрметіне бөлендім, биліктің марапатынан да құр алақан емеспін. Мемлекетке жасаған азды-көпті еңбектің өтеуін де көріп жатырмыз. Ана жылы қатты ауырып, өлім аузынан қалғанда айналайын үкіметіміз сонау Германияға жібертті, елдің есебінен емдетті. – Ол дерттің өзін сіз осы театрда жүріп тапқансыз ғой. Солай емес пе? – 1976 жылы Францияның Нанси деген қаласындағы фестивальға «Қозы Көрпеш-Баян сұлуды» дайындап жатқанбыз. Репетиция бітіп қалған кез еді. Асанәлі Қодарды, мен Жантықты ойнап жүргенмін. «Бәле қайда, бассаң аяғыңның астында» деген ғой. Өзімнен болды. Қозы Көрпешті екі жақтап өлтіретін жерімізде мен: «Әзеке, біздің найзамыз көрінбей қалады екен, қайтадан, басқаша жасайықшы», дедім. Әзекең: «Давай, давай», деп жатыр. Сұмдық финал. Мөлдіреген жап-жас Қозыны шаншып өлтіргелі тұрмыз. Сонымызды құдай да қолдай көрмеді ғой деймін. Мен жардың ар жағында құз екенін ұмытып кетіппін. Шегіне бергенімде жардан шалқамнан құлап түстім. Басымда Жантықтың жаман тымағы бар еді, жанымды сол алып қалды. Әуелде есімнен танып қалдым. Бел деген ауырып әкетіп барады. «Жедел жәрдем» шақыртты. Дәл сол күні кешке театрға Димаш Ахметұлы келетін еді. Францияға апара жатқан спектакльді көрейін дегені ғой. Әзекең дәрігерлерге жалынып жүріп, мені қалдыртты. Бөлмесіне алып барып, екі жүз грамдай коньяк құйып беріп еді, тартып жібергҮкімет басшысы ТМД үкіметтері басшылары кеңесінің отырысына қатысты
Үкімет • Бүгін, 16:12
Астанада Тәуелсіздік күніне орай жүзуден республикалық турнир өтіп жатыр
Спорт • Бүгін, 16:12
Алматыда Тәуелсіздік күні қалай тойланады
Аймақтар • Бүгін, 15:52
Цифрлық дәуірдегі ақиқат күресі
Пікір • Бүгін, 15:50
Түркістанда жаңа жылға орай қаланы безендіруге қаржы бөлінбейді
Аймақтар • Бүгін, 15:35
Түрлі-түсті металдар бойынша 60 перспективалы учаске анықталған
Қазақстан • Бүгін, 15:19