Шапқан аттай, атқан оқтай өмір екпініне біреу шыдайды, біреудің басы шыр айналады. Мұндай болжауы қиын сәттер қулық-сұмдықтан ада, болмысы таза, бірде дана, бірде бала таланттарға, тіпті, қиын соғып жатады. Сондай тағдырлы таланттардың бірі өмірден ерте кеткенімен артына өлмес мұра қалдырған қаламгер Төлеубек Жақыпбайұлы еді. Ұмытылып бара жатқан тіл мәйегі хас шеберінің қайта түлеуіне, «Қыран» атты кітабының жарық көруіне ұйытқы болған айтулы ақын Несіпбек Айтұлы, жинақты дайындаған Елдос Тоқтарбай, қаржылай демеген қаны бар қазақ Жәнібек Елекбаев екенін еске сала кетейік. Бүгінгідей толғауы тоқсан уақытта іздеушісі жоқтар, кім де болса қалтарыста қалып қоя берері анық.
Тума талант Төлеубек Жақыпбайұлы туралы сексеннің сеңгіріне көтерілген қабырғалы қаламгеріміз, Қазақстанның халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов: «Ол әдебиетке жол-жөнекей қосылған көлденең көк атты емес, ес білгеннен тартып сөз өнерінің «дертіне» шалдыққан, әдебиет үшін дүниенің өзге көп қызықтарын тәрк еткен өнердің нағыз белбаласы болатын» дей келіп, ол Шығыс Түркістан қазақтарының жаңа бағыттағы жазба әдебиетін бастаушылардың бірі екенін айтып, «Төлеубек творчествосында қыран құс – қашанда ерлік пен қайсарлық символы. Жаралы қыран қапыда мерт болған ерлер бейнесін танытады.
Өнер киесін, сөз иесін бағалаған халық өкілдері өткен жұма күні елордадағы Сәкен Сейфуллиннің мұражайында Төлеубек Жақыпбайұлының алда айтқан «Қыран» атты бір томдығының тұсаукесерін өткізді. Алғашқы сөзді Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Несіпбек Айтұлы алып, ақынның өмір жолына тоқталып, артында қалған мұрасының жарық көруіне ілтипат танытқан Ж.Елекбаев пен Б.Қасымбековтерге алғысын білдірді. Бұдан кейінгі сөз бүгінгі қазақ прозасының көрнекті өкілі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Төлен Әбдікке берілгенде ол: адам өмірінің балалық шағынан кемелдік кезеңге жеткенге дейінгі кезеңдерін тарата айтып, Төлеубекпен жоғары оқу орнында бірге оқығанын, «Жалын» журналын басқарып жүргенде бір туындысын жариялағанын тілге тиек етіп, сол шығармасында салт-дәстүрді әдемі суреттегенін жеткізді. «Өмірде жақсы адамдар өлмесе екен деп тілейсің, артында ұрпақ, мұра қалса екен деп ойлайсың. Міне, Төлеубекті өлді деуге бола ма? Жоқ. Артында мұра да, ұл да, қыз да қалыпты. Тәубе дейік осыған. Өлгендерді ұмытпайық, жақсы сөзін, жақсы ісін еске алайық!», деп сөз аяғын түйді.
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, айтулы қаламгер Қажығали Мұханбетқалиұлы Төлеубектің туындыларын тарата айтып, кейіпкерлері лашын, сұңқар, қыран болса, өзі де сондай сүйкімді мінезі бар азамат болғанын, ойлау жүйесі таза қазақы екенін атап айтты. «Лашын» деген әдемі әңгімесі бар. Сонда суреттелетін лашын қандай болса, өзі де сондай келісті еді. Ал қызметтес болған, қатар жүрген жазушы Қазтай Әбішев аты ұмытылып, шығармасы естен қалып бара жатқан тұста Төлеубекті түлеткен азаматтарға алғысын білдіріп, қазақ сөзінің інжу-маржаны әдемі көрініс тапқан повестері мен әңгімелеріне тереңдеп барып, тағы бір талант иесі, жолы бұралаң болып өмірден жарқ етіп өте шыққан Төлеужан Ысмайылов екеуінің арасындағы достықты да еске түсіріп, қатарда жүргенде қарапайым шығарма жазғанда қырандай шырқау биікке көтеріліп кететініне де дәлел-дәйектер келтірді.
Сүлеймен МӘМЕТ,
«Егемен Қазақстан»
АСТАНА