Әкім есеп берді. Ел не деді?
Қорғалжын аудандық мәслихатының сессиясында аудан әкімі Сұлтан Қасеновтің есебі тыңдалды. Мәдениет үйіне көптеп жиналған тұрғындар баяндаманы белсенділікпен талқылап, толғақты мәселелерге тоқталды. Мінберге көтерілген шешендер өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы атқарылған жұмыстарға сыни тұрғыда қарап, қабылданған қаулы өзекті ұсыныстармен толықтырылды. Залда менімен қатар отырған, күні кешеге дейін аудандық қазынашылық басқармасын басқарып, жыл басында зейнеткерлікке шыққан Рамазан Даңғылов ауданда атқарылған істерге қанық болып шықты. Жиналыстан кейін ол кісімен арнайы әңгімелескенді жөн көрдік. – Рамазан Ысқақұлы, биылғы есептің ерекшеліктеріне тоқтала кетсеңіз. Жалпы, осы шараның қандай артықшылықтары бар? – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауы жарияланды. Баршамыз әкімдік мәжілісханасындағы теледидарды тамашалап, Президенттің салиқалы сөздерін, болашаққа негізделген тапсырмаларын құлшына тыңдадық. Әкім есебі толықтай былтырғы Жолдау міндеттерін орындаудан өзек алғаны көңілге қонымды шықты. Өзім насихаттық топтың жетекшісі ретінде былтыр 81 кездесу, 32 ақпараттық сағат, 32 дәріс, 5 дөңгелек үстел өткізіп, оған 8124 адам қатысқанын жақсы білемін. Ауданның ірі мекемелері 13 билборд қойды. Мұны айрықша айтып отырғанымның себебі, маңызды құжаттың жыл ішіндегі тіршілігімізге тірек болғандығына екпін түсіру. Біздің жерлестеріміз Елбасы алға қойған талаптарды басшылыққа алумен қатар, өзі авторы саналатын тағдыршешті бағдарламаларды жүзеге асыруды абырой санайды. – Өткен жылғы есептік кездесулерде қандай мәселелерге назар аударылып еді және олардың орындалуы қанағаттандыра алды ма? – Президент барлық деңгейдегі әкімдердің халық алдындағы есебін тыңдауды міндеттеуі әкімдердің ғана емес, жалпы жұртшылықтың жауапкершілігін көтереді. Аудан әкімі Сұлтан Қасенов қол жеткен табыстарды көпшіліктің еңбегімен, мақсат бірлігімен байланыстыруы әбден орынды. Ал жоспар, міндеттер күрделі. Ауыл шаруашылығындық өңір 656 527 гектар жерді баптай білді. Жыл ішінде комбайн паркі 25 пайызға, тракторлар саны 6 пайызға өскенімен, бұл тым аз. Яғни, аудандағы 70 шаруашылық құрылымының қаржылық қуаты әлі де талап деңгейінен төмен деген сөз. Шаруа қожалықтарына 195,8 мың гектар жер телімі жалға берілгенімен, өнімділіктің көңіл көншітпейтіні сыналуын дұрыс деп санаймын. Негізінен, былтыр арнайы есепке алынған 37 ескертпе, ұсыныстың назардан тыс қалғаны жоқ. Олардың басым көпшілігінің жедел шешімін тапқаны әкімдік аппаратының іскерлік қабілетін айқындайды. Бір ғана мысал айтайын. «Жол картасының» шарапатын көріп жатырмыз, 7 ауылға көптен күткен сапалы ауыз су келді. Ал, қанағат мәселесіне тұжырымды жауап қайтару қиын. Ұғымды тікелей қабылдау тоқырау туғызады. Бірақ, Светлана Жалмағамбетова, Серік Аяғанов сияқты сенаторлардың, облыстық мәслихат хатшысы Өмірсерік Мұсабаевтың Елбасы Жолдауынан кейін іле-шала біздің әкімнің есепті жиналысына әдейі келіп қатысуы жайдан-жай емес шығар... – Бұл үлкен мерей екендігі даусыз. Сонда да тындырылған қандай істерді алға тартар едіңіз? – Былтыр индустриялық-инновациялық үдемелі жобамен Сабынды ауылында құны 1 миллиард теңгелік заманалық ет комбинаты іске қосылды. Қазір мұнда 165 тонна ет өндірілді. Өткен жылы Қарағанды облысынан – 348, Шығыс Қазақстан облысынан – 742, Павлодар облысынан – 58, өз облысымыздан 725 бас мал қабылдануы комбинат иесі «Астана-Агро Продукт» серіктестігінің келешегі кемелдігінен дерек береді. «Балтабеков және К», «Ақ құлын», «Берекелі 2030», «Алтынай» серіктестіктері асыл тұқымды мал өсіруге мамандандырылған. Аудандағы 8 ауылдық округте жоғары білімді мал дәрігерлері жұмыс істеп жатқандығы бұл бағытта тиісті қайтарым болатындығына сендіреді. Өнеркәсіп саласы, баяндамадан естігеніңіздей, өсіммен жұмыс істеуде. Шағын кәсіпкерлікпен 860 адам айналысуда. Олар салық түсімін былтырғыдан 141 пайызға көбейтіп, 43,5 миллион теңгеге жеткізді. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығын қолдау қорынан 22 адамға мал сатып алу үшін 12,3 миллион теңге несие бөлінгені жұртшылыққа желпініс әкелетіні сөзсіз. – Қазақы қалпымыз қаймақтай ұйыған Қорғалжынның мәдени-әлеуметтік мәселелері баршамызды толғандырады. Осы тараптан не айтар едіңіз? – Былтыр жарыққа шығып, төрімізден орын алған «Қазақстанның таңдаулы азаматтары» энциклопедиясына ауданымыздың 16 азаматы еніп отыр. Бұл алақай қуаныш қой. Оның үстіне Мәриям Жагорқызы достық пен ынтымақтың мәңгілік жаршысы емес пе? Жаңа мәдениет саласына бөлінетін қаржының жыл санап өсіп отырғандығы айтылды. Біздің аудандық мәдениет үйінде ғана 4 халықтық шығармашылық ұжым жұмыс істейді. «Дударай» фольклорлық ансамблі 2009 жылы Түркияда, 2010 жылы Оңтүстік Кореяда өнер көрсетсе, биыл Франциядан шақыру алып отыр. Ауданымызда, міне, он жыл қатарынан ана өлімі тіркелмесе, былтыр 151 нәресте дүниеге келді. Елімізде той көп. Әйткенмен, мемлекет тарапынан әлеуметтік көмек алушылар саны азаймай отырғандығы алаңдатады. Аудан әкімі мұны бірінші кезектегі мәселе ретінде қадап айтқаны ұнады. – Әкімге сілтеме жасап отырсыз ғой. Адами тұрғыдан алып қарағанда, әкімге, нақтырақ айтсақ, оның қызметіне көңіліңіз тола ма? – Мәслихат депутаттары аудан әкімі Сұлтан Қасеновтің есепті кезеңдегі жұмысына қанағаттанарлық баға берді. Мандатым болса, мен де сол бағаны берер едім. – Бәрі ел үшін ғой. Салмақ салғанымызға түсіністікпен қарағаныңызға рахмет. Әңгімелескен Бақберген АМАЛБЕК. Ақмола облысы.Бурабайдағы Мультимедиалық интерактивті кешенге келушілер көп
Аймақтар • Бүгін, 01:26
Аяз, көктайғақ: 16 облыста дауылды ескерту жарияланды
Ауа райы • Бүгін, 00:16
2027 жылы Астанада бокстан әлем чемпионаты өтеді
Спорт • Кеше
Алматы облысының меншігіне 86 мың га жер қайтарылды
Аймақтар • Кеше