Елордалық М. Горький атындағы орыс драма театрында сахналаған «Жандану» қойылымы көрерменге тылсым құбылыстың сырын баяндауымен құнды.
Жалпы, әлемде өзара тәжірибе алмасу дәстүрі ежелден бар үрдіс десек, соңғы уақытта мұндай ортақ жобалар заманауи сипатқа ие болуда. Олардың ішінде іргелес республикалар үлесіне тиетіндері де жетіп артылады. Бұл ретте көршілес Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан елдері режиссерлерінің Қазақстан театрларындағы қойылымдары сарапшылар тарапынан өте жоғары бағаға ие болуда.
Жақында М.Горький театрында көрермен көзайымына айналған спектакльдің режиссері, театр саласындағы «Золотая маска» сыйлығының лауреаты, белгілі театр және кино режиссері Сергей Потаповтың есімін (РФ, Саха Республикасы) жұртшылық оның А.Чеховтың «Шие бағы» пьсасы желісінде Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық-драма театрында сахналанған «Шие» қойылымы арқылы жақсы таниды.
Сонымен қатар, қойылым мәтінінің авторы Софья Баранова-Сергучеваның өнер саласындағы даңқы да бүгін шығып отырған жоқ. Ол туралы театрдың баспасөз қызметі қысқаша мынадай мәлімет берген: Саха Республикасының (Якутия) еңбек сіңірген әртісі, Ресей Мемлекеттік академиялық Кіші театрының жанындағы М.С.Щепкин атындағы театр училищесінің түлегі. 1974-1978 жылдар аралығында П.А.Ойунский атындағы Якут мемлекеттік драма театрында драма әртісі ретінде еңбек жолын бастаған, 1978-1984 жылдары ЯАССР ІІМ қызмет істеген, араға біраз уақыт салып шығармашылық ортаға қайта оралған оның 1984 жылдан бергі өмір жолы П.А.Ойунский атындағы Саха академиялық театрымен тікелей байланысты.
Бүгінде сахна саңлағы «Сыновний колокол», «Пробуждение», «Алгыс», «Кэнчээри-1966» драматургиялық шығармалары арқылы әріптестері арасында үлкен құрметке ие.
Премьераның ерекшелігі неде десек, треш-драма үш адам жайында қатар баяндайды. Әр кейіпкердің өмірі мен тағдыры бөлек көрінгенмен, оқиға барысында олардың жолы өзара қабысып, қаталдықпен қатар еріксіз езу тартқызатын тұстар кездесіп отырады. Ең бастысы, режиссерлік шешім көрерменге ой салдырады.
Мистикаға толы оқиға соғыс ардагерінің ғұмырынан сыр шертеді. Қария өзіне қол жұмсап, бұл фәниден тезірек о дүниеге аттануға асығады, алайда, оны әлдене тұсаулап тұрғандай... Жұмбағы мол сансыз құбылыстың сырын ұғуға жаратылған пенделер бұл дүниеден тыс басқа да бөлек әлем барын, әр қилы тағдырлар ғұмыр кешіп жатқанын сезе ме? Бірі қарияны о дүниеде күтсе, екіншісі керісінше, оның ғұмырын ұзартуға барынша күш салып бағады. Не үшін адамдар өмір үшін жанталасады, жанұшырады? Мына жалған дүниенің мәнін түсінетін жан бар ма өзі? Жер басып жүрген жұмыр басты пенденің бәрі бір сәт те болса жарық дүниенің нарқы мен парқы жайында осылай ойланса, ішкі түйсігіне тереңірек бойласа алапат апаттар мен қан қақсатар қасірет шегулер өзекті осыншама күйдіре өртер ме еді?!
Қаршыға КҮЛЕН