Арқалы ақын, белгілі жазушы, аудармашы Әбіраш Жәмішұлы Сыр өңірінің тумасы. 1945 жылы орта мектепті тәмамдап, Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінен дәріс алған оның еңбек жолы қатардағы қаламгерліктен бастау алады.
Бертін келе ол «Социалистік Қазақстан», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде басшылық қызметтер атқарған. Барынша қарапайымдылығымен ақырын жүріп, анық басқан Әбекең мерзімді баспасөздің тынымсыз тіршілігінде жүрсе де, қолынан қаламы түспеген жан. «Арай», «Күміс кірпіктер», «Дала шұғыласы», «Төскей» және т.б. жүрек жазбалары соның нәтижесі. Айта кету керек, Әбіраш Жәмішұлы аударма саласында да аз еңбектенген жоқ. Ол аты әлемге әйгілі ақын А.С.Пушкиннің жыр жолдарын қалың қазақ оқырмандарына тарту етті. Сондай-ақ татар, өзбек, армян, тәжік ақындары шығармаларының шырайын кіргізумен қатар Шығыстың ұлы шайырлары Хафиз бен Физули ғазалдарын, Қожа Ахмет Ясауи хикметін қазақ оқырмандары жата-жастана оқитын дүниеге айналдырды.
Қазақ халқы қашанда артында өлмейтұғын сөз қалдырған қаламгерлерін аса құрмет тұтып, қадірлеген. Есімі Сыр аймағына ғана емес, елімізге етене танымал Әбекеңді кейінгі ұрпақтарына ұлағат етуді мұрат тұтқан ауыл тұрғындарының ақынға жасап жатқан құрметіне ел риза. Өзі туған Шіркейлі ауылының тұрғындарының сұранысына сәйкес, 1996 жылы ҚР Министрлер кабинетінің шешімімен Шіркейлі ауылындағы №129 орта мектепке Әбіраш Жәмішевтің есімі берілді. Әбіраш бейнесін мәңгілікке мұра етуді, яғни тұғырға қондыруды көздеген ауыл тұрғындарының тағы бір бастамасы өз шешімін тапты. Яғни, ауыл тұрғындары асыға күткен Ә.Жәмішевтің тұғырға қонған тұлғасы өз атындағы мектеп алдынан орын тепті. Ақын ескерткішінің ашылу салтанатына қатысушылар Әбіраш Жәмішев жайлы жүрекжарды лебіздерін жеткізді. Алғашқы сөз алған аудан әкімі Сұлтанбек Тәуіпбаев:
– Әбекеңнің өзі өлсе де, оның артында қалған сөзі өлмейді. Содан да оның жазбалары біздің жүрегімізде мәңгілікке жазылып қалған, – деген ол ауыл тұрғындарына, оның ішінде қарымды қаламгердің мүсінін тұғырға қондыруға қаржылай демеушілік жасаған «Мәди қажы» ЖШС директоры, аудандық мәслихат депутаты Аббас Камалатдинге ризашылық сезімін білдірді. Салтанатты шарада облыс әкімінің кеңесшісі Ержан Уәйіс, ұлағатты ұстаз Қанатбек Әбілқасымов, демеуші Аббас Камалатдин, Ә.Жәмішұлының қызы Гүлнар Әбірашқызы, ауыл ардагерлері сөз сөйлеп, тұғырлы тұлғаға тағзым жасады.
Еркін ӘБІЛ.
Қызылорда облысы.
Сырдария ауданы.