Өткен жылдар шежіресі ғасырға бергісіз кезең болды. 2007-2009 ж.ж. дүниежүзілік экономикалық дағдарыстан кейінгі бірінші жыл болған 2010 жылдың экономикалық қорытындысы Қазақстан үшін барлық талдаушылар мен сарапшылардың күткенінен асып түсті. Жыл басында экономиканың өсуі бойынша сақтықпен жасалған болжамдар іс жүзінде 2 есе артық болды, 2010 жылдың қорытындысы бойынша экономика 7 пайыздан аса өсті. Бұл әлемдегі және ТМД-дағы ең жоғарғы көрсеткіштердің бірі.
Тәуелсіз 19 жылдың ішінде біздің ел 1994 жылы жан басына шаққанда жалпы ішкі өнімі 700 доллардан келетін шын мәніндегі кедей елден өңірлік көшбасшыға – 2010 жылдың қорытындысы бойынша 9000 АҚШ долларынан келетін әлемдік өлшемдер бойынша бай елдердің қатарына дейінгі үлкен жолдан жүріп өтті. ІЖӨ жан басына шаққанда 12 есе өсті. Мұны кездейсоқ факторлармен немесе табиғи байлықтармен ғана түсіндіруге болмайды. Бұл – Елбасының тәуелсіздік жылдары жүргізіп келе жатқан толассыз жұмысының, дана және көреген саясатының нәтижесі. Жолдауда айтылған «Біз аяғымыздың астына қарамауымыз керек, біз алға қарауымыз керек» деген сөздер Қазақстанның экономикалық және саяси табыстылығының негізгі өзегі болып табылады.
Уақыт талабын алдын-ала сезе білу қабілеті әркімге берілмеген. Ал, болашақты айналадағылар көре алмай тұрғанда, уақыттың тамырын дөп басып, батыл әрекет жасау санаулылардың ғана маңдайына жазылған бақ. Бүгінде әлемдегі көптеген саясаткерлер мен экономистердің «табыстың қазақстандық үлгісі» деп орынды атауының да басты сыры – Елбасының осындай бірегей көшбасшылық қасиетінде болып отыр.
Мемлекет басшысы Үкіметтің, Парламенттің, қоғамның алдына тағы да жаңа көтеріңкі және ұзақ мерзімді міндеттер қойды. Олардың ең бастысы – қарапайым Қазақстан азаматтарының өмірі мен жағдайын жақсарту. Мемлекет басшысы алға міндет қойып қана қоймай, сол мақсаттарға жету жолдарын да көрсетеді.
Біріншіден – бұл әртараптандыру және индустрияландыру арқылы экономиканы дамыту, өнімділікті арттыру. Ұлт Көшбасшысы ел азаматтарын жұмыспен қамту, кәсіпкерлік әлеуетті дамытуға жағдай жасау үшін анық міндеттер қойды. «Ауылым – алтын бесігім» деген қанатты сөзді біз жиі айтамыз. Халқымыздың алтын тамыры ауылда екенін ескерсек, ауылдың және ауыл шаруашылығының бүгінгі жай-күйі қандай?
Ұлт Көшбасшысы – Елбасы осы Жолдауында өз бетінше жұмыспен қамтылған, әсіресе, ауылды жерде тұратын халықтың проблемасын көтерді. Ауыл өмірін жақсарту, жаңа жұмыс орындарын құру үшін ауыл шаруашылығын индустрияландыру қажеттігін баса айтты. Қазақстан әлемдегі астық пен ұнның ірі экспорттаушысына айналды, енді ауылда жаңа жұмыс орындары мен өндіріс орындары жедел түрде мал шаруашылығын дамыту арқылы құрылатын болады.
Қазақстанды индустрияландыру өңірлік саясатпен қатар жүргізілуге тиісті. Бұл тақырып, осы мәселеге жауапты болғандықтан біздің министрлікке өте жақын. Елбасы Қазақстанның облыстары мен аудандарының экономикалық әлеуетінің белсенділігін арттыруға бағытталған өңірлерді дамытудың арнайы бағдарламасын әзірлеуді тапсырды. Сол арқылы облыстарда, ауылдарда перспективалы өсу орталықтарын белгілеу және онда кәсіпкерлікті, шағын несие беруді, мәдениетті, білім беруді, спортты дамыту жөнінде Үкімет алдына нақты міндеттер қойды. Бұл міндеттерді орындау ауылдағы қарапайым азаматтардың өмір сүру деңгейін көтереді.
Тәуелсіздіктің 19 жылы ішінде қаланған Қазақстанның берік экономикалық іргетасы қазіргі таңда ең күрделі және шығынды сала – ауылдағы өмір сүру деңгейін көтеру, онда жұмыс орындарын құру, ауыл тұрғындарының жағдайын жақсартуда жаңа экономикалық саясатты жүргізуге толық мүмкіндік береді.
Ауылды ауқымды индустрияландыру негізінде Елбасы ауылда 20 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын құру, 100 мың ауыл тұрғынын жақсы табыспен қамтамасыз ету міндетін қойды.
Экономикалық тұрғыдан алғанда ауылды дамыту бүкіл Қазақстанды дамытуға, жан басына шаққандағы ІЖӨ-нің бұдан әрі өсуіне үлкен түрткі болады.
Екіншіден, бұл әр қазақстандық үшін сапалы білім.
Біз мемлекеттің асырауындағы масылдық қоғамды емес, білімі мен машығы бар, өз еңбегімен әлем рыногында сұранысқа ие болатын тауарлар шығарып, қызмет көрсете алатын білікті азаматтар қоғамын құрамыз. Әр қазақстандықтың еңбек етуге және өзін сапалы өмірмен қамтамасыз етуге мүмкіндігі болуы үшін Елбасы Үкімет алдына білім беру жүйесін жетілдіру міндетін қойды. ЖОО, кәсіптік техникалық білім беру, ғылыми дәреже беру жүйелеріндегі уақыт талабына сай келмейтіннің бәрі тарихқа кетуі керек және бұдан әрі дау-дамайдың тақырыбы болмауға тиісті. Еліміздің ғылыми әлеуеті сауатты құрылымдық жүйеге бағытталып, жаңа «Назарбаев Университетінде» және Қазақстан бойынша интеллектуалды мектептердегідей білім беру сапасын өсіру арқылы әлемдік стандарттармен дамытылуы қажет.
Үшіншіден – бұл Ұлт денсаулығы. «Тәні саудың, жаны сау» деп бекер айтылмаса керек. Қазір медициналық технология жоғары дамығанның өзінде денсаулықты сатып ала алмайтыныңыз айдан анық. Алайда, денсаулықты қорғауға болады. Әрқайсымыз жаратушымыз нәсіп еткен ғұмырымызды – қызмет жасай алатындай, отбасымыз бен жақындарымыздың қуанышы мен табысын бірге бөлісе алатындай, ең аяғы, берекелі қарттығымызды көре алатындай етіп сақтауымыз қажет. Бұл үшін Елбасы аурулардың алдын алатын жүйені, әсіресе, біздің отандастарымыз сапалы медициналық қызметке мұқтаж ауылды жерде дамыту міндетін қойды. Осы шаралардың арқасында өмір сүру ұзақтығы 72 жасқа дейін өседі, Елбасы атап өткендей, бұл цифрлардың артында мыңдаған құтқарылған өмір мен біздің отандастарымыздың денсаулығы тұр.
Жұмыспен қамтудың жаңа саясаты, жаңа әлеуметтік саясат, жаңа өңірлік саясат – бұлар негізгі болғанымен, Елбасының Қазақстан халқына 2011 жылғы Жолдауында ұсынылған жалғыз ғана бастама емес. Ұлт Көшбасшысының басты мақсаты – ол қазақстандықтардың өмірін тұрақты түрде жақсартып отыру. Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында біз Елбасының – Ұлт Көшбасшысының басшылығымен ең күрделі экономикалық міндеттерді шешеміз.
Алдағы 10 жылдықта Президенттің 2020 жылға дейінгі Стратегиясында белгіленген барлық міндеттер орындалады деген нақты сенім бар.
Қуандық БИШІМБАЕВ, Экономикалық даму және сауда вице-министрі.