01 Ақпан, 2011

«Өз қорқынышыңды жеңу – ең үлкен жеңіс»

994 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Фристайл

Барларын салған Дмитрий Рейхерд пен Юлия Галышева могулдан Азиада алтынын алды Шаңғы бағдарлау жарысында абыройымызды асырып, жанкүйерлерді желпінтіп кеткен Ольга Новикованың алтынынан кейін де табыссыз болған жоқпыз. Фристайлшылардан бірінші болып доданы могулшылар бастады. Осылайша қазақстандық  Дмитрий Рейхерд  могулдан Азиада чемпионы атанды. Қыздар арасында Азиаданың кезекті алтынын Қазақстан қанжығасына Юлия Галышева байлады. Осы арада шейпер-архитектор Валентин Котляровтың мәлім­деуі­мен, «Табаған» спорттық кешеніндегі фристайл жолы  бар болғаны 10 күн ішінде салын­ғанын айта кетелік. Қазақстандық 22 жастағы танымал могулист Дмитрий Рейхерд маусымды Финляндияда өт­кен әлем кубогында төртінші орын алып, жақсы көрсеткішпен бас­таған болатын. Жарыс ал­дында Дмитрий: – Қазір бар ойым Азиадада. Өзім­ді де, жанкүйерлерімді де қуант­қым келеді, сондықтан қайтсем де алтын алуым керек. Ол үшін барлық жағ­дай жасалған, мүмкіндік мол. Жарысқа мықты қарсыластардың келгеніне өте қуаныштымын. Оңай бәсеке болайын деп тұрған жоқ, – деген еді. Дмитрий 12 жасынан бастап фристайл спортымен айналыса­ды. Спорттың бұл түрін ол өзі таң­даған. Өз қорқынышыңды жеңу – ең үлкен жеңіс деп санайды. Ал­тын алмай тұрып-ақ жерлесіміз: – Кез келген спортшы үшін жарыста жеңіске жету – бұл өз-өзіңді жеңу, өзіңді барынша қолға алып, жүктемені жоғары деңгейде орындау деген сөз. Бұл керемет сезім! Дегенмен, бұл жерде тәжіри­бенің маңызы зор. Мен 10 жылдан астам әлемдік деңгейдегі жарыс­тар­ға қатысып жүрмін, сондықтан әлемдік жарыстарды жаңадан бастап жүрген спортшыларға қараған­да маған әлдеқайда оңай. Екінші жағынан, маған жүктелер жауапкершілік те әлдеқайда жоғары, – деп ағынан жарылған еді. Қазақстандық фристайлдың жас жұлдызы болып есептелетін, Францияның Мерибел қаласында өткен Әлем кубогының жеңім­пазы Юлия Галышева да Қысқы Азия ойындарында фристайлдың могул түрі бойынша алдына жан салмауға уәде беріп, қысқаша сұхбаттасып үлгерген едік. – Фристайлмен қай уақыт­тан бері айналысасыз? – 4 жастан 6 жасқа дейін ба­туттағы акробатикамен және жал­­пы дене шынықтырумен айна­лыс­тым. Сол уақытта жасаған жатты­ғу­лардың барлығын кейін шаңғы­мен секіріп жасайтынымды кім білген. Фристайлмен айналыса бас­­та­ған кезде спорттық жиын­дарға бардым. Көп уақытымды тауда өткіздім. Мені мұнда барлығы қызықтыра бастады. – Азия ойындары бастал­ғанға дейінгі жаттығуларыңыз қалай өтті? – Маған аспан шайдай болған ұнайды. Күн жарқырап тұрса, көңіл күйің де көтеріңкі болады. Жарыс­қа жайлы жағдай жасала­ды. Трасса әлі жұмсақ, төбешік­тер әлі кішкентай және жазылып үлгерме­ген. Бірақ сайыс бастал­ғанша бар­лы­ғы дұрысталады деп ойлаймын. – Өз командаңызға қандай баға бере аласыз және сізге басты қарсылас болатын кім? – Командаға ең мықты фристайл спортшылары жұмылды­рыл­ған. Бізге басты қарсылас бола алатын жапондықтар шығар. – Азиададан кейін немен ай­налысасыз? – Алдағы уақытта әлем кубо­гының кезеңдеріне қатысуды жос­парлап отырмын. Міне, осылайша тілдескенімізге тәулік өтпей жатып Га­лышеваның арманы да, болжамы да орындалды. Қыздар арасында екінші орын­да – жапондық Мики Ито, үшінші орын қытай қызы Квин Нингке бұйырды. Азиаданың жаңа чем­пионы Галышева жарыстағы жеке көрсеткішін 22,09 баллға көтерді. Квалификация бойынша соңғы нәтиже көрсетіп, қола жүлдені иеленген Қытай қызы мамандар мен көрермендерді ақтық сәттерде таң қалдырып, мәре сызығына жақын­дағанда жапон­дық Тае Сатое мен Юлия Ро­дионованы басып озды. Ерлер арасында өткен могул жарысында екінші орынды жа­пон­дық Осаму Уено алса, үшінші орын да қазақстандықтарың үле­сінде. Қола жүлдені Дмитрий Бармашов жеңіп алды. Мамандар осыған дейін Азиадаға қатысатын Қазақстан могулшілері күштілер­дің қатарында екенін айтып келген. Солардың арасында Барма­шов­тың орны бөлек болатын. –          Дмитрий, сіздің спорт­та­ғы алғашқы қадамыңыз қа­лай басталды? – Әуелі 7 жыл тау шаңғы­сымен шұғылдандым. Сонда жү­ріп 5 жыл бойы оңды-солды бұ­рылудың тәсілдерін үйрендім. Тек содан кейін ғана могулге ауыстым. Қазір 26 жастамын. Басқаша айтқанда, осы спорттың қыр-сырын толық мең­гер­ген сияқтымын. –  Фристайлшының басты са­палық бейнесі туралы не айтар едіңіз? – Бұл спортқа барлық жан-тәніңізбен берілуіңіз керек. Сон­дай-ақ, өз шеберлігіңізге міндетті түрде сенуге тиіссіз. Көңіліңізде қобалжу болса, құлап, жарақат алуыңыз әбден ықтимал. Сон­дық­тан іс-тәжірибеңізге сеніп, тек алға ұмтылуыңыз керек. Сонымен «Табаған» спорт кешенінде өткен ерлер могулы жа­рысында бес елден   10 спортшы бақ сынады.   Бұл спортшы­лар­дың барлығы фристайлдан бірнеше халықаралық жарыстардың жеңімпаздары болатын. Осы арада Азиада додасы басталар алдында ғана фристайл бо­йынша Қазақстан құрамасының бір бөлігі 25 Халықаралық қысқы Универсиада өткен Түркиядан алтын мен қола медальды жеңіп әкелгенін айта кетуге болады. – Үйге жеңіспен оралғаны­мызға қуаныштымыз, өйткені бұл – Азиададағы біздің фристайл­шылар үшін жақсылықтың белгісі, – деп атап көрсетті могул бо­йынша Қазақстан құрамасының бапкері Вадим Соколов. Универсиадада Қазақстан құ­ра­масы тек могул бойынша ж­арыс­тарға қатысқан. Қазақстан­дық Дарья Рыбалова екі ресейлік қыздан озып шығып, чемпион атанды. Ерлер арасында бірінші және екінші орындарды ресейліктер алса, үшінші орынды қазақ­стандық Денис Моисеев иеленді. Төртінші орында қазақстандық Андрей Соколов тұр. «Енді біздің спортшылар Азиадада жақсы нәтижелер көрсету керек: Алматыдағы жол қиын, ол әлемдегі қиын жолдардың бірі. Біздің жігіттерден басқа жапон­дықтар да алтыннан үмітті деп ойлаймын. Барлығының мақсаты бір – медаль үшін күресу», деген еді Вадим Соколов. Қазақстан құрамасының фрис­тайлдан бас жаттықтыру­шысы Вик­тор Лемешко өз команда­сы­ның могулдағы алғашқы жатты­ғуынан кейін трассада барлық техникалық ережелер сақтал­ғанын айтып: – Жол өте күрделі, сондықтан жігіттер оны ойдағыдай жүріп өтуі үшін уақыт керек. Мен өз коман­дамның күшіне сенемін, сондық­тан жеңіс тұғырына кө­тері­летіні­мізге сенімдімін, – деген болатын. – Азиадаға команда қай жерде дайындалды? – Негізгі жарыстарға біз Алтайда дайындалдық. Ол жақта қар қалың, қанатты жол да жылдам жүреді, сондықтан Алтайда жатты­ғу өте ыңғайлы. Одан бөлек, Өске­менде де жаттығуға ыңғайлы жоталар бар. – Жаз мезгілінде қайда жаттығасыздар? – Шығыс Қазақстанда немесе Австрияда. Айнаш ЕСАЛИ. Алматы.