Сенбі күні Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында Қытай – Солтүстік Корея және Қазақстан – Оңтүстік Корея құрамаларының арасында матч өтті. Бірінші кезеңде қытай қызы Маның соққан шайбысына ойын бітуге 5 минөт қалғанда корей Кимнің шайбымен жауап беріп, бейбіт тарқасқан.
Екінші кезеңде қытайлықтар шабуылды күрт күшейтіп жіберді. Комбинациялық ойын өрнегі жақсарды. Есепті 5:1-ге жеткізіп тастады. Соңғы кезеңде Қытайдың 16-шы нөмірлі сайыпқыран қызы Ма екі шайба соғып, екі минөт қалғанда Чанг еселеді. Есеп 8:1.
Ал қазақстандық қыздар Оңтүстік Кореядан келген әріптестерін 11:0 есебімен жеңді. Бейнелеп айтсақ, корей жақ алаң мұзының ақ жемі шығып, біздің қақпа алдына коньки ізі тимеді десе де болғандай. Қазақстан құрамасының сұрмергені Наталья Яковчук алғашқы шайбаны соғып, соңғы екі голды өзі қорытындылады.
Осы ойыннан кейін-ақ негізгі тартыстардың қай құрамалардың арасында өтетіндігін анықтауға жұлдыз-жорамалшы, бақсы-балгер, көріпкел-құшынапшының керектігі жоқтығы көрініп қалды.
Әлемдік рейтинг бойынша Қытай, Қазақстан және Жапония құрамалары іркес-тіркес келеді. Біздің ой – құрамамыздың өз жерімізде өтіп жатқан Азиадада топ жаруы. Оған мүмкіндіктер жоқ емес. Біз есептен, жеребе бойынша қос корей құрамасымен кездесуіміз ойыншыларымыздың өз ойын-өрнегін табуына жәрдемдесті. Александр Мальцев пен Сергей Соловьев жаттықтыратын командада ақсап жатқан тұстары аз емес. «Шешесі ұрған таяқ балаға өтпейді» дегендей қыздарымыз түсінеді деп ойлаймыз. Екі ойыннан көңілге түйгеніміз, құрама ұжымдық ойын ойнауға бастықпаған. Көбіне жеке ойнайды. Шайбаның соңынан кейде түйдектеліп екі үшеуі қуып жүреді. Баяғыда Харламовтардың дәуірлеп тұрған заманында Борис Михаилов қарсыласының қақпасының түбінде табандап тұрар еді. Кеудемен итерсе де, шалып жығып конькимен балтырын басып өтсе де кетпейтін. Харламов пен Петров қарсыластарын алдап өтіп, тосқауылда тұрған Михайловқа шайба шығарып берер еді. Соғатын. Сондай Михайлов-Михайловалар жоқ бізде. Қарсы команда шабуыл күшейтіп жіберсе, қыздарымыз сасқалақтап қалады. Бұл – жақсылық емес. Оңтүстік Кореямен ойын барысында біздің шабуылшыны қақпа алдында қос жақтап қаусырмалап қысып құлатқандықтан қос корей қызы Ли мен Хо екі минөттік айыпқа тартылды. Біздің бестікке корейлік үш қыз ғана қалды. Сақа командалар мұндайды апшыны қуырып кемінде екі-үш шайба соғып алады. Ал біздің қыздар осы қолайлы сәтті түк те пайдалана алмады.
Кеше Қытай – Оңтүстік Корея, Қазақстан – Жапония құрамалары мұз айдынына шықты. Осы ойындардан кейін көкейдегі біраз сауалдарға жауап табылады. Қазақстан құрамасымен кездесуде алғашқы екі кезең Жапондардың басымдылығымен өтті. Ол соғылған екі голға ғана қатысты емес, ойын өрнегі солай өрілген. Қазақстандықтар қамау тері алынбаған сәйгүліктей жылдамдықтан да, тактикадан да ұтылып жатты. Шешуші үшінші кезеңде Қазақстанның басқа, түлеген командасын көрдік. Өз алаңында жүргендей еркін сезінген жапондықтардың екі аяғын бір етікке тығып жіберді. Күшке басты. Әуелі Лариса Свиридова, сосын Зарина Тухтиева гол салды. Соға алмай қалғандар қаншама. Есеп 2:2. Овертайм. 5 минөт ішінде кім бірінші гол салса, жеңіс соныкі. Ойын соңғы минөттерде қазақстандықтардың басымдығымен өтіп, есеп 3:2 болып аяқталды.
Ал екінші кездесуде Қытай құрамасы Оңтүстік Корея командасын 10:0 есебімен ұтып, екінші мәрте жеңіске жетті. Қытайлықтар арасында қарсыластардың қақпасына Руи Сун бес бірдей шайба салып, көзге түсті. Енді Қытай келесі ойыннан бүгін Жапонияға қарсы өткізеді. Ал КХДР болса, Оңтүстік Корея командасымен күш сынасады.
Бақтияр ТАЙЖАН.
Алматы.