02 Ақпан, 2011

Жыр жүрек

13332 рет
көрсетілді
25 мин
оқу үшін
Жәркен ақынның жыр әлемiне шолу жасағанда «Айналмас шен мен шекпенге, Өлеңiм – арым, ұятым» деген жүрекжарды сөзi алдымен ойға оралады. Себебi, өлеңдерiнiң – ай­тыл­ған әрлi әр сөзiнiң, шуақты шу­мақтарының жаны жаурағанды жы­лытар оты бар екендiгi ақиқат. Ақын­ның ағынан жарыла айтқан «Дәмдi сөздi аузыма, Құдай өзi салып тұр» деген сырына да құлақ асасыз. Ортаға салған осы пiкiрiмiздi дәлелдеу үшiн нақты мы­сал­дарға жүгiнгенiмiз жөн болар. Айталық, жүрегiнен жыр сауған Жәркен ақынның өнердi өлеңге ай­нал­дырған қаншама шұғылалы шы­ғар­малары бар. Соның iшiнде,   әлем­ге әй­гiлi француз суретшiсi Винсент Ван Гог пен қазақтың көрнектi қыл­қа­лам шеберi Үкi Әжиевтiң өмiр-тағ­дыр­лары мен кейбiр шығармала­ры­ның сыр-сипатын өлеңде өрнек­те­ген поэ­маларын бөле-жара  атап айту өте орынды. Тiршiлiгiнде тiрi жанға керегi бол­маған, еңбектерiн ешкiм елемеген Ван Гог өзi өлген соң ғана дүйiм ел, дү­­ние жүзiне даңқы асқан дарынды суретшi екендiгiн мойындатқан едi. Жәркен сол бiр өле-өлгенше кедей­шiлiк күн кешiп, өмiр бойы өрен өне­рiнiң қы­зығын көрмей, тау мен дала кезiп, қаң­ғыбас атанып, ақыр со­ңында  айық­пас дертке душар бо­лып, аты­лып өлуден басқа амалы қал­маған қанатты қылқалам шебе­рiнiң қилы тағдырын асқан ақындық ша­быт­пен жырына қосқан. Бүгiнде қазақ қылқалам шебер­ле­рiнiң арасында тамаша талантымен танылып, атақ-даңқы алысқа тараған суретшi Үкi Әжиев туралы дастан да сәттi туынды. Онда бала кезiнен тау-тас аралап, табиғатпен туыстасып кет­кен жас суретшiнiң шығар­ма­шы­лық жолының әдемi әдiптелiп, өнер­дiң таңғажайып туындыларының сөз ар­қы­лы суреттелуi ғажап. Ақын тау мен қаланың сан алуан өрнегiн салып, батырлардың  бейне­ле­рiн сомдаған атақты  суретшiнiң бояу­ларын сөйлетедi. Бұл жерде Жәр­кен ақынның поэмасы тақырыбы жа­ңа­лы­ғымен қатар, формалық жағынан да жаңашыл екендiгiн айту парыз. Поэ­мада Үкiнiң «Медеу», «Күз», «Те­ңiз», «Гоби үстiндегi түн», «Қы­зым­ның пор­третi», «Автопортрет», т.б. су­рет­те­рiндегi бояулар баяны жыр жол­дарына көшкен. Ақын суретке қарай отырып суретшiнiң көрер­мен­мен бояу тiлiмен бөлiскен ой-ар­мандары туралы сыр ақтарып, оқыр­манмен пiкiрлесiп отырғандай. Оның дәлелi ақынның әр суреттен өзiндiк ой қорытуы. Болғандықтан күн қуатты, жер семiз, Пiспей қалар ештеңе жоқ келсе күз... ...Жою жайлы соғыстың, сұм қаруын, Адамдардың сөзi әлi де жоқ пiскен. («Күз») Суретте күрсiне толқыған көк теңiз ақ кенепке көкшiл болып көшкен екен. Осы «Теңiз» аталған суреттi салу ба­ры­сында суретшi көп iзденiп, ақыры туындысының арқауын тапқан. Ақын­ның бiздерге түсiндiруi соны айғақтап тұр: ...Еске алғанда Хиросима тағдырын, Бүкiл жапон күңiренедi теңiз боп. Бұл қиялдан туған туынды емес, суретшiнiң Жапонияға шеккен сапары салған ойдың жемiсi. Ал «Гоби үстiндегi түн» суретiнiң әсерiн ақын қалайша қисынды  қиыс­тырған десеңiзшi. Төрт мұхитты түгел сарқып құйсаң да Гоби шөлiнiң су­сынын қандыру мүмкiн емес дей келе, суретшiге қосыла ақын да: ...Өзiм де осы Гоби шөлi секiлдi, Сусыным бiр қанбай қойды-ау өмiрге... – дейдi. Өмiрдiң философиясы өлең­де осылайша өрнектелуiне қалай ғана сүйсiнбессiң. Суретшiнiң «Қызымның портре­тi­нiң де» мерейлi сезiм, мағыналы мақ­сатпен кескiнделгенiн бiрден сезесiз. Өмiр озар, ажар тозар, сол кезде қыз­ғалдақтай құлпырған қыз күнiңдi са­ғы­нарсың. Сонда осы  сурет арқылы сол сағым жылдар ойыңа оралар. Су­ретшiнiң ой-тұжырымы осы. Ақын бол­са жастық шақтың бояуын сақтап қалған қылқаламда бiр құдыреттiң бар екендiгiн, яғни суретшiнiң шын шебер екендiгiн еске салып отыр. Көңiлi көктем суретшiнiң аяулы ар­манын ақын жерiне жеткiзе жыр­лаған-ақ: Барлық бояу, бала жастан досым ең, Мен иiсiңдi сезем де көсiлем. Бояу иiсi, Жөргек иiсi, Гүл иiсi Дүниенiң арылмасын төсiнен... Суретшi «Ұйқастырып жырларын­дай ақынның, Бояулардың басын қо­сып жатырмын» деп сыр ағытса, ақын оның астарлы iшкi ойын екi жол өлеңмен түйiндей салады: ...Күллi адамзат  тiл табысса бояудай, Планета кетер едi гүлденiп... Қысқаша қайырып, тұжырымды пi­кiрiмiздi айтар болсақ, ақын Жәркен Бөдешұлының жоғарыда әңгiмеге ар­қау болған қос поэмасы тақырып, мазмұн, түр жағынан да, көркемдiк өрнегi – тiлi, стилi жағынан да қазақ поэзиясына  жаңалық әкелген, рухани олжа салған толымды туындылар. Жалпы алғанда Жәркен ақынның поэмалары саналуан әрi сан тақы­рып­қа арналған. Бұл орайда  Махамбет ақын­ның Қараойдағы бейiтiне барып қайтқан сапардан кейiн жазылған «Жол киесi», әзiз ақын Мағжан Жұ­ма­баевтың пеше­несiне жазылған тау­қы­меттi тағдырдың мехнатты жолы  ар­қау болған «Бозтор­ғай-жүректе», ата­ме­кенiне ат iзiн сала алмай, арманда кеткен әрi ақын, әрi әншi Әсет Най­ман­байұлы туралы «Ақ марқа» поэ­ма­лары құбылмалы қоғам, алма­ғайып заман басқа түсiрген ауырт­палықтың тоқ­сан толғауы десе болар. Жiлiктеп бөле-жарып, жеке-жеке тал­дауға мақала ауқымы көтермейтiн бол­ған соң, таңдамалы санатындағы соңғы кiтабы «Құбылысқа» қосылған тоғыз поэмасының мазмұнына емес мақса­тына, түйiнiне тоқталып, бiр-екi ауыз пiкiр айту парызымыз. Айталық, «Жалғыз»  поэмасының түп­кi мақсаты жаратқан Иемiз – Құ­дай­дан бастап бар дүние-әлемде бәрi жал­ғыз екендiгiн еске сала отырып, сол даралықты санаңмен саралап, бағасын бағамдай бiлу жөнiнде философиялық ой түйiндеген толайым туынды. Осы бiр шығар күндей шындықты жете­мiз­ге жет­кiзудi мақ­сат еткен ақын көкiрегiн кернеген ағыл-тегiл ой­ла­рын ор­таға салуға асық: Бұл жалғанда кiм жалғыз? Ақ борықтай Ай жалғыз, Айдан нұрлы Күн жалғыз, Жарқырап тұрған Шолпан да, Жалғыздығын сезiнер... Жыр боп мәңгi жасарға, Абай жалғыз қашанда, Абай жалғыз болғасын, екеу емес Мағжан да... Көңiлде бар көп түйткiл, айтыла бермес көбiнде, Өмiр жалғыз болғасын, екеу емес өлiм де... Кiм жалғыз бұл жалғанда? Қара жер жалғыз қашанда, Адамның жетпес ақылы қолдан оны жасарға... Әлбетте, ақын жалаң жалғыздықты әуезе етiп отырған жоқ. Оның көксегенi ғұмырлы ғұламаларға жарасқан жалғыз­дық әлемi. Осыдан шығарған түйiнi де түйсiндiретiн шалқар ойға шомыл­дырады: Жалғыздықты – даралық, даналық деп түсiнем, Тағдырлар бар сан алуан, iшiнде ала-құласы. Жалғыздықтан жаралған адамзаттың баласы. Данасы мен дарасын мәрмәр тасқа қашайды ел, О, жалғыздық, жасай гөр, о жалғыздық, жасай бер. Осыдан келiп жарық дүниеде Ақын­ның да, Дананың да жалғыздығы секiлдi Өмiрдiң де жалғыз да жалған екендiгiне, сағым өмiрдiң бiр сәттiк екендiгiне көз жеткiзе түсесiң. Келесi поэма «Шер». Осынау шағын дастанға қазiргi заманның зар-мұңы шер­тiле отырып, соның себеп-салда­рына ой жүгiрткен ақынды алдағы күн­дер алаңдатады. Жәркен ақынның бұл туындысының құрылымы да өзгеше. Оқыс оқиғадан аяғы сынып, балдаққа сүйе­нiп қалған жарына жаны ашыған, қайғырып-қамыққан ақын көшеде ке­шегi қанды қырғын Ауған соғысына қатысып, майданнан мүгедек болып орал­ған жауынгерге жолығып қалады. Оның да сүйенгенi қос балдақ. Осы ұқсас екi тағдырдың тартқызған тақ­сыретiн баяндай отырып, ақын бүгiнгi қоғамның зарыға шертер зардаптарын жайып салады: Жолбарысы кеткесiн жұтаң тартты нарқамыс, Айбынды еркек ай қарап, ала­сарды ар-намыс. Сыйынып аруақ, Тәңiр­ге, көз салсаңыз жан-жаққа. Өрке­ниет заманы сүйенiп тұр балдаққа... Ақыл  ақ­сақ. Ар ақсақ. Намыс ақсақ. Сана ақсақ. Қиял ақсақ. Ой ақсақ. Сенiм ақсақ. Серт ақсақ. Ақсақ. Ақсақ. Бәрi ақсақ... Өтпелi кезеңнiң өкiнiштi  тұстарын тiзбелей келе,  ертеңгi күндерге алаңдап, тән жарасы жазылар-ау, ал жан жарасын қайтемiз деген философиялық салмақты сауалымен-ақ бағасын асырып тұр. Жәркен ақынның тағы бiр филосо­фиялық туындысы – «Қаныштың кар­та­сы» поэмасы. Осынау ғұлама ғалым  Қаныш Сәтбаев өмiрiнiң үзiк сырын шығармасына  арқау еткен ақынды пәл­са­палық парасат биiгiнен танытқан бұл поэма да қазақ поэзиясына олжа салған өрелi туынды. Поэма ақын мен ға­лымның сырласуы, iшкi монологтары арқылы айшықталған. Қаныштың әрi қарапайым, әрi те­ңiз­дей терең ойларына: «Қазаныңа қа­за­ғым, ет қайната бергенше, тасырлатып тас қайнат. Сұрғылт тастың құны артық. Бәрiн жалмап жұтады, бұл жалғанның тозағы. Тастан өзге өмiрдiң бәрi шiрiп, тозады». Осынау жыр жолдары жас ұр­паққа «Қой бағып, жылқы қайыра бергенше, өмiрдiң жаңа жолына түс, өн­дiрiске аралас, бүгiнгi уақыт талабына бет­бұрыс жаса» деген  кемеңгерлiк ке­ңес­ке, тас арқылы: «Туған жерден ау­майды, жат емшегiн саумайды» мадақ сөздi қоса айтуы да зерделi жанды ой­лан­дырса керек. Ақын атақты ғалымның аузына: кен байлығының  кереметтiгiн, халықты асырайтын, табылса таусыл­майтын қазына, сондай-ақ оның  отан­шыл,  ұлтшыл адамдар секiлдi  кiндiгi атамекенге мәңгi байлаулы екендiгi ту­ралы тәпсiлдi тегiн салып отырған жоқ. Жер байлығы – ел байлығы. Елi бар ер, елi жоқ ер қор. Тастай қатып туған жерден табан аудармасаң ғана азаматсың. Оқырманмен бұдан артық ой бөлiсу мүм­кiн бе, иә қажет пе? Тау-тастың қо­йын-қойнауы толы қазба байлық, елiң­нiң ырыс-несiбесi әрi ол тоңып-жаурасаң панаң дегендi айта отырып, ақын одан да санаңа сабақ алатын парасатты ой сабақтай бiлген. «Панасы бар тау артық, қайыры жоқ паңдардан» дегенiне қалай­ша қосыла кетпейсiң. Сондай-ақ, сөз арасында, қисынын келтiрiп айтылған: «Өрт шалса да күй­мейдi, тасқа түскен өрнегiң – Не жазсаң да тасқа жаз, еш кетпейдi еңбегiң» пiкiрi де тарихта тасқа таңбасын қалдырған түркiнiң көне жазбаларын тiлге тиек етiп, көшпелi болсақ та көне мәдениетi, байырғы жазуы бар еңселi ел болған­дығымызды, менсiнбей, мұрын көтерген өркөкiректердiң меселiн қай­та­рып, көкiрек көздерiн ашу үшiн айтып отыр­ғаны да түсiнiктi.  Сөйтiп, ұлт тағ­дырын, қазақ елiнiң бүгiнi мен болаша­ғын ойлап, ұлы мақсатын ұрпағының бақыты  жолына арнаған кемеңгер ға­лым Қаныш өмiрi өлеңге, өнегеге ай­налып тұрғаны да Жәркен ақынның жыр қашаудағы жетiстiгi. Жәркен ақынның дастандарына дара-дара тоқталып, әрбiрiне  әлiмiзше – ой-сана­мызға салып саралап, түйiн түй­ме­сек обал болатындай. Сондықтан поэ­малары жөнiндегi сөзiмiздi жүйелей жал­ғастыра  бермесек болмас. Ендеше,  ендiгi әңгiме әуенi тарихтан терең сыр ашқан «Аңырақай бекетiнде», «Жақия», «Жол киесi», «Бостандық басы» поэ­ма­ларына ойыссын. Бұл поэмалар да  тақы­рып­тарынан-ақ байқалып тұрғандай, қал­мақ шапқыншылығы кезiндегi қазақ батырларының елiн қорғау жолындағы қиянкескi күресi және отаршылдықтың қыл бұрауынан құтылып, бодандықтан бостандыққа ұмтылған намысты ұлты­мыз­дың ұландары Исатай мен оның ұлы Жақияның, он жыл бойы ат үстiнен түспей арпалысқан айбарлы Кенесары хан­ның ерен ерлiктерi айызыңды қан­ды­рып, құмарыңнан шығаратын шуақты жыр шумақтарымен өрiлген. Бұл  поэ­ма­лар­дан санаңда сабақтап, зердеңе тоқып алатын ортақ ой бiреу. Елдiгiңдi сақтау үшiн ерлерiңдi ардақтап, олардың ерлiк­терiн өмiрлiк өнеге, ұлттық ұран деп дәрiптеу қажет. Сонда ғана тәуелсiздiк туы мәңгi желбiреп тұрмақ. Ұлтымыз­дың ұлы мұратын  ғасырлар бойы ұлық тұтып, халқының бақытты ғұмыр кешу­лерiне даңғыл жол ашатын сол даңқты дарабоздардың мұрагерлерiне аманаты осы поэмаларда ар-намысыңды оятып, жан-жүрегiңмен сезiнетiндей отты, жа­лын­ды жырлар арқылы жеткiзiлген. Тәуелсiздiктiң елең-алаңында, ел-жұр­тымыз ендi есiп жиып, етегiн қым­тай бастаған тұста – сонау тоқсаныншы жылдардың басында Орал қаласында болған оқыс оқиға әлi ұмытыла қойған жоқ. Жергiлiктi казактар азаттығымызға арам пиғылмен қарсы шыққан болатын. Өшпендiлiк өртi ендi болмаса тұтанар тұста – қаршадай қазақ әйелi ортаға шы­ғып, ақ орамал тастап, бозторғайдай шы­рылдап пәтуаға шақырмағанда қанды қырғын болуы кәдiк едi. Ақын Жәркен осы сойқанды тоқтатқан ақылгөй Ана­ның ерден бетер ерен ерлiгiн жан-жүрегi жарыла, ақтарыла жырға қосып: ...Менiң халқым талай ғасыр бұйыққан, Көшiн алып шықты бүгiн тұйықтан. Алтын басым азаттықтың жолында, Арманым жоқ ыршып түссе иықтан, – деп кейiпкерiнiң аузына сөз салған ақын ұлтының жiгерiн жанып, қайтпас қайсар ерлiкке шамырқана шақырып тұр ғой. Сондай-ақ, ақынның: ...Бостандықтың бостау әлi белбеуi, Есiнемей есiңдi жи естi жұрт, – деген ескертпесiн де жадымызға жа­зып қойсақ артық болмас едi, ағайын. Ендігі әңгiме желiсiн ақынның туған жер туралы толғауларына қарай бұрған­ды жөн көрдiк десек, Жәркен жырлары жаңа қыры, соны сырымен бөлекше тұр. Осы жерде оның мен емес, тағдырым ақын деген аталы сөзi ойға оралады. Атамекендi аялаудың өлмес өнегесiн ақын жыр жолына төмендегіше түсірген: Туған жердiң қар, мұзы, Аязыңмен жуындыр. Туған жердiң бал қызы, Бұрымыңмен буындыр... Жәркеннiң жүрегiңдi шымырлатып, шым-шым ойға батыратын, құмарыңды қан­дыратын жауһар жырларын оқи бас­таған сәттен көңiлiң күйдей күмбiрлеп, сезiмiң селдей тасып, ерекше емiренiп,   тебiренiп, ойың тол­қып, тол­ғанып, қия­­лың қы­ран­ша қалықтап, бiр рахат күй кешесiң. Ал бұл өрнегi бөлек өлеңдердiң  кемел ойы көркем сөзбен әдiптелiп, оқыр­ман жүрегiне тура жол тауып, ой-сезiмiнiң қылын шертiп, шындықтың шы­райын шығарып тұрғандығының ай­ғағы. Жәркен жырлары жүрек ел­жiретер сыр­лы әуе­нi­мен, терең ойға батырып, сезiм сұлулығымен сиқырлай арбап, көр­кемдiгi көкiрегiңде суреттей сақта­лар орамды образдарымен, тұңғиық та  тылсым сырларымен бөлiсiп, түсiну мен түйсiну арқылы жан дүниеңдi байы­та­тын бейнебiр рухани қазына қой­ма­сындай. Ақынның  өмiр-тiршiлiктiң құпия да терең қатпарлы қыр-сырын көруi, се­зiнуi, тануы, оны ой-сезiм көрiгiнде  шың­дауы да елден ерекше. Оның ай­рықша – сұңғыла суреткерлiгi – өлең­дерiнiң өзгеше өрнектiлiгi мен сезiм тербер саздылығында. Жәркеннiң табиғат­тың таңғажайып көрiнiстерiн өлеңде­рiнде төгiлте, тамылжыта, тамсандыра, таңдандыра өрнектеуi қандай ғажап. Сөз қолданысындағы соншама зергерлiгi зер­­деңе сәулесiн түсiрiп, ойыңа ұя са­лары да керемет қасиет қой. Ақынның сырын шертiп, мұңын шағуы оқыр­мандарын ойлантып, толғантудың табылған амалы. Жәркен өз жырларында оқырман ойын, қиялын, арман-аңсарын астарлап та, ашып та айтуға асық. Оның осы орайдағы орамды ойлары, тыңға түрен салған iзденiстерi қуантады. Оқырман жанын жадыратып, жүрегiн жылытып, көкейiне қона кететiн iзгi ойы орамды да арналы жыр шумақтарынан айналасына нұрлы шуақ шашылып жат­қандай әсер-сезiмге бөленесiң. Қыран қиял, еркiн ойдың бесiгiн тербеткен ақын­ның нәшi келiскен нәрлi жыр жол­дары жан сусыныңды қандырары хақ. Ақынның қай өлеңiн оқысаң да мазмұны мәндi, пайымы парасатты, идеясы иман­дылық пен iзгiлiктi, ар-ожданды асқақ­татуға арналған арналы, шындықты шыр айналған шығарма екендiгiне иланасыз. Қоғамдағы рухани сырқатты санаңа сiңiрiп, еңсеңдi басқан бейжай тiршi­лiгiң­нен сергiп, серпiлiп, жан-жүрегiңдi тазартып, аярлықпен алысып,  елiңнiң ба­қыт­ты болашағы жолындағы күреске бел буып, азаматтық болмысыңды на­мыс қайрағына жанып, жанданып, жал­данып, өмiрiңдi өзгертiп, халқыңа қыз­мет көрсетуге тәуекел етуiңе де ақын­ның асқақ рухты жырлары қанат­тан­ды­ратынына қайран қаласың. Ал бұлайша оқырман ойын оятып, сезiмiн сергiтiп, жан дүниесiне серпiлiс жасау тектi таланттың ғана еншiсiне бұйыратын айрықша қасиет. Қазақ поэзиясында қандай өлең жазса да шыңырау ойға батырып, асығы алшысынан түсiп жүрген Жәркен ақын­дай талант тарландары сирек. Тәуел­сiздiк таңы атқанда арда ақын көкiрегiн жарып шыққан шат­тығын бейнелеген өлең шу­мақ­тары қандай асқақ: Ерiктiмiн, құстардай ерiктiмiн, Қара тастан мықтырақ берiктiгiм. Жүрегiмнiң жылынып шуағына – Алма, жиде... ашады өрiк гүлiн... Қолдан бермес намысын, бөрiктi ұлмын, Көкiрегiмдi ханға да керiп кiрдiм. Азияның шығып ап төбесiне, Еуропаның ар жағын көрiп тұрмын. Азаттықтың арайына бөленген бүгiн­гi заман, оның саясында тыныш тiршiлiк кешкен замандастарының жүрекжарды сырын жырына қосқан арлы ақын Қазақ елiнiң бүгiнгi шындығы болашақтың аңызы болып жалғасатынына Құдайдай сенедi, бiздi де сендiредi. Ал бұл жы­рының отты жасындай Жәркеннiң көре­ген көкiрегiне семсер сөз, қырғи тiл, шы­ңырау ой, асқақ арман ұя салған ақсұңқар ақын болып жаралғандығының айғағы. Ақынның ана тiлiмiздiң бағы жанып, тиiстi  тұғырына қонуына деген iзгi тiлегi жалпақ елдiң жүрегiндегi сөзi – арманы екендiгiн айта кету де артық болмас. Ақтарылар ақының, сәуiрдiң нөсер бұлтынша, Бесiктен белi шыққанда кiлең қара домалақ, Қазақша сайрар күн туса... Тiлiмiз жаулап жер жүзiн ағылшын, жапон жұртынша... Рухы биiк, саналы қазақ баласының атынан айтылған мына бiр жыр жолдары ұлтының атынан ұрпағына берген сертiндей: Пайғамбардың демеймiн теңдесiмiн, Жаратқанның мен де бiр пендесiмiн. Айнымаймын тiлiмнен, дiлiмнен де, Қашан бөлеп алғанша жер-бесiгiм... Мiне, тап осындай тегеурiндi жыр шумақтарындағы сел сезiм жүрегiңдi селт еткiзе серпiлтiп, дарияның дауы­лындай жан дүниеңдi дүр сiлкiндiретiн ғаламат қуат-құдыретiмен алыс арман­дарға, межелi мақсаттарға құлшын­дырады. Жәркен жаныңды тазартып, жүрегiңдi  жылытатын, рухыңды өсi­рiп, өмiрге деген құштарлығыңа қанат байлайтын жауһар жырлары арқылы ақындық асқақ биiкке көтерiлген кемел талант. Ақын өлең ұйқасын қиыннан қиыстырып, оны ұшқыр ой, үкiлi сезiмге үйлестiре өруге де өте шебер. Өлең­дерiнiң өзгеше өр­нектi, көр­кем кестелi жолдары жадыңда жатталып қалуының сыры осында. Жәркеннiң ақындық жарыс­та атын оздыруының бiр сыры – оның қазақ сөзiнiң қаймағын қалқып алып, маржандай тiзе бiлетiн шеберлiгiнде. Бұған дә­лелдi әр өлеңiнен алып көр­сетер болсақ, оған арнайы мақала арнау қажет болар едi. Сонда да болса көз жүгiртiп өтелiк: «Ақ қайыңды жел жа­тыр шешiндiрiп... Жапырақтар дабыр­лап, жел ескенде, Аспан мен жер ұқ­сайды кеңескенге... Қайғының қара бұл­тын қақ айырып, Кеудеңде бiр бұрқ етiп сөндi жасын... Екеумiз күлiп тұрып қош­тасып ек, Ендi бiз жылап тұрып кез­деселiк... Екеу­мiздiң көңiлiмiз сияқ­та­нып, Алмалы сай тасиды суға жа­рып... Қара қасты, қара мұрт, қарайды түн қадалып... Көлеңкелер қалғиды, шым­қай жарық сәулелер, Жалтыл­дайды жал – қыр­да... Тұрды орнынан Ала­тау, шыққан күндi қарсы алып... Жұлдыздар көктен та­мып тұр, Жыл­тылдап көздiң жасын­дай... Шөлдесем күн шуағын құйып iшем, Гүлдердiң кесе жасап қауашағын... Құс­пен бiрге қо­нақтап, аймен бiрге қалғиды... Көбелек қос қанатын, Гүлге жайып кептiрдi... Шайқап кеттi шөп шығын, Шегiрткелер секiрiп... Күздiң сары шуағына зер түстi, Ең алдымен сап-сары боп жер иiстi... Қас тұлпардай үкi­леп, ескен жел­дей үпiлеп... Қыс түскенде ағарып, көктем туса көгерер... Жанарым жайдай жарқылдап, намы­сым бөздей жыр­тылды... Таңға жақын талық­сып қар ба­сылды, Ақ ұлпасы үлбiреп талға асыл­ды... Дiрiлдейдi жұл­­дыздар, ай қал­тырап көктегi... Жүгiрдi тал мен қа­йық су жағалай... Ақ қайнарлар шы­мырлап, Күн көзiне қайнайды... Қырға шыққан қызғалдақ, айдарындай әтеш­тiң... Жел­кесiн же­тесiздiң қиып түсер, Шын­дық­пен суа­р­ылған орақ тiлiң... Ай сар­ғайды, түн өлiп... Ақиқаттың тiзесi се­кiлдi олар, Жалғандықтың алдында бү­гiл­меген... Жағада шынжырлаулы ескi қайық, қа­райды сол қайыққа кеш мұ­ңайып... Гүл құлпырып тұрғанда – Кө­белектiң тойы көп... Сағынары жоқ адам – тiрi күйiк, тiрi өлiк... Қарашы маң­дайыма кере қарыс, Әжiмi иiрiм-иi­рiм терең ағыс... Бiр шымшым то­пырағын ап келмедiң бе, Иiскеп жүрер едiм насыбайдай... Басыма жастап тұ­рып ұйықтар едiм, Келмедiң бе бiр тү­йiр тасын ала?.. ...Тағдырдың суық қа­ры, Са­майға ерте қонды...» Осымен ұзын сөздi қысқартып, ақын­ның көркем де айшықты тiлiн, тың теңеу, айрандай ұйыған ұй­қастарын, сөз­дiң дәмiн де мәнiн бi­летiн ұсталы­ғын айқындайтын өлең жолдарын тiз­белеудi тоқтатайын. Бұл жерде жо­ғарыдағы мы­салдар Жәр­кеннiң «Нұрлы бояулар», «Жұл­дызға орнын ай бермес», «Бөрiнiң асығы» аталатын үш кiтабынан ғана алын­ғанын ескерте кетсем деймiн. Егер оның ондаған кi­тап­тарын парақтасақ жүздеген бетке жүк болар айшықты тіл нәрі аз емес. Сөз соңына қарай қадап айтар тағы бiр шындықтың шырмауын тарқата кетсем деймiн. Талантты ақын да, жоқ iз­деген жолаушы да бiр. Жәркен ақын­ның соңғы екi кiтабы да сол сабыла iз­денiстен тапқан олжасы. Бұл екi жыр жинағының да аттары заттарына сайма-сай. Иә, «Бұрылыс» пен «Құбылыс» жал­­ғыз Жәркен ақын емес, қазiргi қазақ поэзиясының рухани қазынасын байы­тып, оны жаңа биiктерге көтерген көркемдiктiң көшбасы екендiгi күмәнсiз. Мұның жарқын мысалын «Бұры­лысқа» енген қысқа қайырым, маз­мұ­ны терең, мақсаты айқын, ойы ордалы  өлең­дерден оқып-бiлдiк. Бұл әри­не, қазақтың байырғы қара өле­ңiнен жерi­гендiк емес, қайта оның жайлауын жа­ңартып, өрiсiн өзгерту, яғни со­нылыққа соқпақ салу. Iзгi ниеттен туған игi iзденiс жыр жемiсiн гүл­­дендiре түскен, жаңалыққа жол ашқан құбылыс болды. Иә, бұрылыс арты құбылысқа айнал­ғанына шын жүректен қуануымыз керек. Таби­ғат­қа тiл бiтiрiп, жара­ты­лысты жырға айналдырып, Елдiк пен Ерлiктi, Бос­тандық пен Бiрлiктi, Ар­лылық пен Адалдықты көксеген көр­кем ойлы, арналы да арманды өлең-дастан­да­рын толағайдай толғаған да­рынды жырау-ақынның талантына осылай­ша тәнтi болдық. Қуанышбай ҚҰРМАНҒАЛИ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесi.