Білім және ғылым министрлігінде «Әрбір балаға – отбасының бақыты» деген тақырыпта баспасөз мәслихаты өтті. Онда жетім балаларды асырап алуды насихаттау мәселесі көтерілді.
Ресми есептерге жүгінсек, осы күні қоғамымызда жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың жалпы саны 38386-ға жетіпті. Оның ішінде осы балаларға арналған ұйымдарды 80 пайыздан астам әлеуметтік жетімдер мекендейтін көрінеді. «Әлеуметтік жетімдер дегеніміз – ата-аналары бар болғанымен, «тірі жетім» атанған балалар. Бұл балалардың ата-аналары өз құқықтарынан айрылған, маскүнемдікке салынған, балаларының денсаулығына, дамуына, өсуіне ешқандай кепілдік бере алмайтын жандар. Сондықтан балалар арнайы ұйымдарда тәрбиеленіп жатыр», – дейді Білім және ғылым министрлігі Балалар құқын қорғау жөніндегі комитеттің басшысы Раиса Шер. Оның айтуынша, осы балалардың өмірге деген көзқарасы дұрыс қалыптасуы үшін ізгі жүрек адамдардың жан жылуы қажет.
Жиын барысында Президент жанындағы Әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия хатшылығының бас сарапшысы Гаухар Нұрахметова әлеуметтік жетімдіктің профилактикасы, отбасыны нығайту, қоғамдағы кері үдерістерді оң шешудің жолдары айрықша маңызға ие болып, үгіт-насихат жұмыстарына кеңінен көңіл бөлініп жатқанын ортаға салды. Осыған байланысты 2011 жылдың 14-ші қаңтарында Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары М.Әшімбаев жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды асырап алуды насихаттауға бағытталған үгіт-насихат жұмыстарының осы жылға арналған жоспарын бекіткен көрінеді. «Ендігі мәселе осы жағдайды қоғамда жиі көтеріп, адамдардың есіне салып тұру. Біз жетімін жылатпаған елміз. Дініміз де, діліміз де адамгершілік, ар-ұят сияқты биік ұғымдар төңірегінде қалыптасқан. Сондықтан жетімді жылатпау міндеті тікелей қазақ этносына жүктеледі», – деді Г.Нұрахметова.
Әрине, керекті құжаттарын жинасаң, баланы тез-ақ асырап алуға болады. Ал оны азамат етіп тәрбиелеу, оның тойына адамгершілік құндылықтарды сіңіру оңай шаруа емес. Осыған байланысты сөз алған Білім және ғылым вице-министрі Ғазиз Телебаев қоғамда үлгілі, ауқатты отбасылар жетім балаларды асырап алып, ізгілік көрсетіп жатса, насихаттың үлкені сол болар еді. «Өйткені, азаматтық, жомарттық халқымызда бар қасиет. Жүкті жұмыла көтеру біз үшін шетін емес. Жетімді асырап алып жатқан әлгіндей азаматтар өзгелерге де ой салары анық», – деді ол.
Баспасөз мәслихатына қатысқан Байланыс және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитеті төрағасының орынбасары Ербол Шаймерден: «Жетім баланы асырап алу туралы үгіт-насихат жүргізу – ең ізгі жобалардың бірі. Бұны шын мәнінде өмірге лайықтап, қоғамға әсер ете алатындай деңгейде насихаттау БАҚ өкілдеріне тікелей байланысты. Сондықтан әсерлі роликтер жасау, нәрлі мақала жазу да істің шешімін табуына бірден-бір көмек», – деді.
Жиын соңында жетім балаларды асырап алуға байланысты журналистер нақты сауалдар қойды. Оның бірі «баланы асырап алуға қандай құжаттар қажет?» – деген сауалға жауап берген Раиса Шер баланы асырап алуға ең алдымен ниет қажет екенін айтты. Сосын ең қажетті құжаттар деп ата-ана болуға ниеттенген адамдардан өтініш, үй ішіндегі басқа жандардың келісімі, үй-жайының бар екендігі, табыс көзі туралы анықтамаларды атады. «Ниеті бар отбасының бәрі бірдей ауқатты емес екені анық. Бұл отбасылар бала асырап алғысы келсе, жоғары жақтан қандай да бір жәрдем бола ма?» – деген сауалға Үкімет 15 мың теңге көлемінде арнайы жәрдемақы тағайындап отырғаны айтылды.
Айгүл СЕЙІЛОВА.