Бішкектен жеткен бір сүйінішті хабарды сүйіншілесек дейміз. Белгілі ақын, аламан айтыскер, жампоз жазушы, дәріпті драматург, делебелі жыршы, ілкімді киногер Баянғали Әлімжанов қырғыз туғандардың «Саяқбай манасшы» медалімен марапатталды. Бұл атаулы төсбелгіні Халықаралық Саяқбай Қаралаев қоры тағайындап, шоң Манас батырды, әйгілі «Манас» жырын паш етуге еңбек сіңірген қайраткер һәм шығармашыл тұлғаларға беріп отыратын болған.
«Саяқбай манасшы» медалімен осы жолы бастап марапатталғандардың ішінде қырғыздың бір топ мемлекет және қоғам қайраткерлері бар екен. Сол қатарда айрықша Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев көзге түседі. Сонымен бірге, мәртебелі медальды Жогорку Кенеш депутаты Садық Шернияз, халық жазушысы Бексұлтан Жакиев және басқа депутаттар мен айтулы манасшылар еншілеген.
«Манас» жырын Баянғали жырлап, таңды таңға ұрып айтып келе жатқанына да қырық жылдың шамасы. Сегіз қырлы, бір сырлы өнер иесінің қырғыз еліндегі құрмет, сыйы да зор. Қырғызстанның А.Малдыбаев атындағы сыйлығын да иеленген, «Қырғызстан мәдениетінің мықты қызметкері» атанған. Манастың 1000 жылдығына арналған «Манасшы» халықаралық сайысының арнайы сыйлығын алған да біздің Баянғали болатын. Қазақтан шыққан, жалпы, жер жүзі бойынша қырғыздан басқа алты миллиард адамзаттың ішіндегі жалғыз манасшы да Баянғали. Манасшылар қоғамының төрағасы, өзі де шоң манасшы Рысбай Исақов осылай дейді.
Назар ҚАСЫМ