Демократия – даму даңғылы
Халық мемлекеттік биліктің бастауы десек, оның нақты көрінісі халықтың билікті құруға қатысуымен байланысты. Ал бұл маңызды шара сайлау арқылы іске асырылатыны белгілі. Сайлаудың ашық өткізілуі – халықтың шынайы таңдауын жасауына мүмкіндік беретін және сайлаудың халықаралық стандарттарға сай өтуіне барынша тиімді ықпал ететін жағдайлардың бірі. Сондықтан, сайлау процесінің барлық кезеңіне, соның ішінде халықаралық ұйымдар тарапынан жүргізілетін байқаудың рөлі артып келеді. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына кіретін мемлекеттердегі сайлауларға халықаралық байқауды негізінен ТМД елдері, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы мен Еуропа Кеңесі жүргізіп келеді. 2001 жылдан бері он екі елде (Беларусь, Украина, Армения, Әзірбайжан, Грузия, Ресей, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Молдова) өткен парламент, президент сайлаулары мен референдумдарға ТМД елдері 58 байқау жүргізіп, оған 10 885 адам қатысыпты. Бүгінгі күні байқаушылар тек сайлаудың өткізілуіне ғана емес, сайлау заңдылығының сапасына, оның халықаралық нормаларға сәйкестігіне де талдау жасап, ұсыныстарын береді. Әділ әрі ашық сайлау өткізу мемлекет үшін ішкі маңызды саяси науқан ғана емес, сол мемлекеттің халықаралық аренадағы беделін, оған дүниежүзілік қауымдастықтың көзқарасын айқындайтын, оның әлеуметтік-экономикалық дамуына да әсерін тигізетін маңызды факторға айналуда. Бұл ретте сайлауға байқаудың да маңызы өсіп, байқаушылардың жұмысын ұйымдастыру, ортақ заңнамалық негіз қалыптастыру өмір талабына айналып отыр. Биылғы қаңтар айында Санкт-Петербург қаласында ТМД Парламенттік Ассамблеясының ұйымдастыруымен «Халықаралық сайлау стандарттары мен ұлттық сайлау жүйелері: дамудың өзара байланыстылығы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Конференция жұмысына ТМД елдерінен басқа ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының директоры Янеш Ленарчич, Еуропа Парламентінің Шығыс әріптестігі мен Ресей жөніндегі құрылымының басшысы Сабина Мации Зиссис, Еуропа елдерінде сайлауды ұйымдастыру қауымдастығының бас хатшысы Золтан Тот қатысты. Сайлауға байқау жүргізу ісінің бүгінге дейін қалыптасқан тәжірибесін талқылау бұл мәселелерде әлі де пысықтауды қажет ететін тұстар бар екенін көрсетті. Соның ішінде, ТМД-ның баяндамашылары мен сөз алғандар бірыңғай халықаралық стандартты дайындап қабылдаудың қажеттілігіне баса назар аударды. Бұл өте маңызды ұсыныс екені анық. Мұндай заңдастырылған құжатты қабылдау халықаралық ұйымдармен арадағы өзара сенім мен түсіністікті қалыптастыруға оң ықпал ететіні сөзсіз. Ал, бірыңғай стандарттың болмауы көп жағдайда ТМД және Еуропалық Одақтың сайлауға қатысты қорытындыларының қарама-қайшылығын тудыруда. Конференцияда 2000-2007 жылдар аралығында Еуроодақ 41 елдегі 64 сайлауға байқау жасау миссиясын жібергені айтылды. Бірақ, осы уақыт ішінде Еуроодаққа кіретін елдерде өткен бірде-бір сайлауға бұл байқаушылар қатыспаған. Жекелеген Еуропа мемлекеттерінде, тіпті шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдарды сайлауды байқауға шақыру жөніндегі норма жоқ. Ал ТМД-ға кіретін барлық республикалардың ұлттық занамалық актілерінде ондай норма қарастырылған. Сонымен бірге, ТМД елдерінде «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердегі демократиялық сайлаудың, сайлау құқықтары мен бостандықтарының стандарттары туралы» конвенция, «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше мемлекеттердегі президенттік және парламенттік сайлауларды, сондай-ақ референдумдарды ТМД-дан байқаушылар миссиясы туралы» ереже, «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше мемлекеттердің сайлаулары мен референдумдарын халықаралық байқау принциптері туралы» декларация сайлауға байқау жүргізудің толық заңнамалық негізін қалады. Айта кететін жай, конвенцияны ТМД-ға мүше мемлекеттер ратификациялаған, ал қалған құжаттар ТМД Сыртқы істер министрлері кеңесінің, ТМД-ға мүше мемлекеттердің Парламентаралық Ассамблеясының шешімдерімен қабылданған. Яғни, бұл маңызды құжаттардың қолданысы ешбір дау тудырмайды. ЕҚЫҰ, Еуроодақ, тіпті БҰҰ-ның сайлауға байқау жүргізуде басшылыққа алатын, қабылданған құжаттары осы ұйымдардың ең жоғары басшылық органдарымен бекітілмеген. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқару комитетімен ЕҚЫҰ-ға осы ұйым шеңберінде бірыңғай халықаралық сайлау стандарттарын әзірлеп, қабылдау жөніндегі ұсынысы болғанымен, ол біздің Еуропадағы әріптестеріміз тарапынан қолдау таппай отырғаны да конференцияда сөз болды. Әрине, тәуелсіз мемлекеттер ретінде өткен ғасырдың соңында дүниеге келген елдер үшін демократиялық дәстүрі бай, дамыған елдердегі сайлау жүйесімен, оны өткізу барысымен танысуға деген құштарлықты түсінуге болады. Бұл жәй қызығу емес, ең алдымен сайлаудың озық дәстүрін, кейбір ұйымдастыру жұмыстарындағы оң өзгерістерді өз тәжірибемізге алып, әрбір сайлау өткен сайын бізге берілетін сан алуан ұсыныстарды саралап, салмақтау үшін қажет. «Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен», дейді дана халқымыз. Сонымен бірге, «бармасаң, көрмесең жат боларсың», деген де нақыл бар. Бару, көру жақсыны алуға, алыспен жақындасуға, өзара сенімділік пен түсіністікті қалыптастыруға да қажет. Санкт-Петербург конференциясы қабылдаған қорытынды үндеуде сайлаулар мен референдумдарға халықаралық байқаудың халықаралық-құқықтық және методологиялық базасын қалыптастырудағы белсенді жұмысты жалғастыру қажеттігі атап көрсетілді. Халықаралық ұйымдар, оның ішінде сайлау жөніндегі есептері неғұрлым маңызды болып есептелетін ЕҚЫҰ-ның тарапынан бұл қолдау табады деп сенемін. Сәрсенбай ЕҢСЕГЕНОВ, Сенат депутаты.Азия чемпионаты: Ерлер арасында ел қоржынына екінші алтын түсті
Спорт • Бүгін, 16:00
Түркістан облысының қорғаныс департаменті басшысы тағайындалды
Тағайындау • Бүгін, 15:50
Өскеменге жаңа әкім тағайындалды
Тағайындау • Бүгін, 15:33
Азия Чемпионаты: Абылайхан Жүсіпов қоржынға күміс жүлде салды
Бокс • Бүгін, 15:05
Махмұд Сабырхан ерлер арасындағы алғашқы алтынды еншіледі
Бокс • Бүгін, 14:53
Оқиға • Бүгін, 14:40