«Астана ЭКСПО-2017» ҰК» акционерлік қоғамы офисінің мәжіліс залында вице-премьер Бақытжан Сағынтаевтың төрағалық етуімен ЭКСПО халықаралық көрмесі аясында өңірлермен қарым-қатынас және оны ілгерілету мәселелері бойынша кеңейтілген мәжіліс болып өтті. Оған ЭКСПО көрмесін өткізуге байланысты жауапкершілік жүктелген еліміздің барлық облыстары мен Астана және Алматы қалалары әкімдерінің орынбасарлары қатысты.
Кеңейтілген мәжіліске қатысқандардың алдында «Астана «ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ-тың басқарма төрағасы Ахметжан Есімов баяндама жасады. «Осы жиын барысында атап көрсетілгеніндей, біз елордада өтетін ЭКСПО көрмесін тамашалаушылардың қатары көп болатындығына тәнті болғандаймыз. Осыған байланысты барлық өңірлердің әкімдіктерін көрмеге келетін туристер легін реттеп отыруға шақырамыз. Көрме өтетін күндері өңірлерден Астанаға ағылатын адамдар легі көп болады. Сондықтан тәртіп пен реттілік өте қажет. Екіншіден, біз көлік-логистика мәселесіне, келген қонақтарды, оқушыларды орналастыруға және олардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлуіміз керек. Бұл ретте өңірлердің әкімдіктері ұлттық компаниямен және Астана қаласы әкімдігімен тығыз байланыста жұмыс істеуі керек», деп атап көрсетті баяндамашы.
Одан әрі Ахметжан Есімов ЭКСПО көрмесіне билет сату науқанының басталғанын атап көрсетті. Қазіргі күндері онлайн режімі бойынша билет сату барлық өңірлерде өріс алған. Үстіміздегі жылдың 1 қыркүйегінен бастап офлайн режіміндегі билет сату үрдісі бастау алады. Бұл ретте ұлттық компания бастығы еліміздің туристік бизнесі саласының өкілдеріне үлкен жауапкершілік жүктелетіндігін атап көрсетті.
«Халықаралық дәрежедегі мұндай ірі шаралар өткізілген кезде туристік компаниялардың белсенділік көрсетуі дәстүрлі жағдай. Жақында біз ЮНВТО-ның (БҰҰ-ның бүкіләлемдік туристік ұйымы) бас хатшысы Талеб Рифаимен кездесіп, меморандумға қол қойдық. ЭКСПО көрмесі кезінде кемінде 100 мемлекеттің туризм министрлері қатысатын халықаралық конференция өткізу туралы уағдаластыққа қол жеткіздік. Испанияның туризм жөніндегі агенттігінің бас директоры Марто Бланкомен жүздескенімізде, ол Испания елінің ІЖӨ-сінің 11 пайызы туризм үлесіне тиесілі екенін, тұрғындардың 13 пайызы осы салада еңбекпен қамтылғандығын, туризм ұлттық экономиканың екінші ірі саласы екендігін атап көрсетті. Ел экономикасына жыл сайын туризм саласынан 67 миллиард еуро түсім түседі екен. Ал еліміздің Ұлттық банкінің деректері бойынша Қазақстанның туризм саласының төлем балансы кері кеткен (минус 400 миллион АҚШ долларына тең). Елімізге келетін қонақтардың ішінде туризм мақсатымен келетіндері 1 пайызды ғана құрайды, яғни 60 мың адам мөлшерінде. Ал ЭКСПО көрмесі өтетін 3 ай ішінде біз бұл көрсеткішті 5-7 есе арттыруымыз керек. Ендеше, жағдайды түбірімен өзгерту үшін біз барлық ұйымдастырушылық шараларын ұтымды өткізуіміз керек», деді ұлттық компания басшысы.
Одан әрі ұлттық компания басшысы волонтерлік корпустың жұмысын ойдағыдай ұйымдастыру мәселесіне тоқталды. Волонтерлар – ЭКСПО көрмесінің айнасы ғана емес, сонымен бірге, еліміздің де айнасы болуға тиіс. Ұлттық компания басшысы еліміздің көптеген өңірлерінде ЭКСПО логотипі тиісті дәрежесінде пайдаланылмайтындығын айтты. Сонымен бірге, кейбір шенеуніктер орын алған кемшіліктерді ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін өткізу шарасымен бүркемелігісі келетін көрінеді. Мәселен, өткен аптада Астана қаласы автомобиль жолдары басқармасының басшысы теледидар арқылы қаладағы кейбір көптеген көшелердің жолдары ЭКСПО көрмесін өткізуге байланысты қолға алынбай отырғандығын айтқан. Ал Қосшы кентінің әкімі БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында жол жөндеуге бөлінген барлық ақшаның ЭКСПО-ға аударылғандығы жөнінде теріс мәлімет таратқан. Оңтүстік Қазақстан облысында тұрғын үй құрылысы осы шараға байланысты тежеліп отырғандығы алға тартылған. Осындай мысалдарды көптеп келтіре келіп, Ахметжан Есімов жергілікті шенеуніктердің жұмыстағы кемшіліктерді халықаралық шара өткізу оқиғасымен бүркелемек болған пиғылдарына қатаң тыйым салу керектігін ескертті.
Ұлттық компания басшысы атап көрсеткендей, ЭКСПО көрмесінің қалашығын салу бүгінгі таңда еліміз үшін нақты дағдарысқа қарсы жоба болып отыр. Көрме қалашығының құрылысында бүгінде 11 мыңнан астам қазақстандықтар еңбек етуде. Сонымен бірге, көрмеге қатысты өнімдер шығаратын барлық өңірлердегі отандық кәсіпорындарда 30 мыңнан астам адам еңбекпен қамтылған. Көрме нысандары құрылысын тұрғызуға 262 отандық тауар өндіруші кәсіпорындар тартылып, жалпы көлемі 36,8 миллиард теңгенің келісімшарттары жасалған. Жалпы көлемі 244 миллиард теңгені құрайтын инвестициялық жобалар іске асырылуда. Тек осы инвестициялық жобалардың нәтижесінде ғана 5300 қосымша жұмыс орны ашылған.
Қазірдің өзінде әлемнің 91 мемлекеті және 15 халықаралық беделді ұйым «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне қатысуын растады. Жалпы, елордадағы көрмеге 100 мемлекет, 15 халықаралық ұйым қатысады деп күтілуде. Сиско, Самсунг, Шелл, DHL, Дженерал Электрик сияқты әлемге танымал ірі компаниялар елордада өтетін ЭКСПО-2017-нің серіктестері болып табылады. Ұлттық компания басшысы сөзінің қорытындысында ЭКСПО көрмесін өткізуге дайындықты барынша ыждаһатты жүргізудің халықаралық дәрежеде еліміздің беделін арттыруда зор маңызы болатындығын атап көрсетті.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»