Алматыда «Алатау» шипажайында еліміздегі жедел жәрдем қызметі, санитарлық авиация, симуляциялық орталық қызметкерлерінің басын қосқан халықаралық конференция өтті. Онда Италия, Жапония, Корея, Ресей, Литва, Украина, Қырғыз Республикасы мен Өзбекстан елдерінен келген сарапшылар шұғыл медициналық көмек көрсету саласының өзекті мәселелерін сөз етті. Сондай-ақ, екі күнге созылған алқалы жиын аясында елімізде тұңғыш рет жедел жәрдем қызметі арасында республикалық байқау өтіп, онда әр өңірден келген 9 жедел жәрдем бригадасының кәсіби шеберліктері сынға түсті.
Қай уақытта да жедел жәрдем көмегі адам өмірінде айрықша рөл атқарады. Өйткені, алғашқы минуттарда дер кезінде уақтылы көрсетілген медициналық көмек ауруға араша тұрады. Ендеше, еліміз бойынша бірінші рет ұйым-дастырылып отырған алқалы жиын денсаулық күзетіндегі осы бір аса жауапты жедел жәрдем қызметінің бүгінгі жай-күйін, шешімін табуды қажет ететін түйткілдер жайлы кеңінен талқылап, шетелдіктермен іс-тәжірибе алмасу алаңына айналды.
Конференцияда сөз алғандар дүниежүзі бойынша осы саладағы артықшылықтармен қатар, кейбір өзекті мәселелерді ортаға сала келіп, болашақта жедел медициналық көмек саласы бойынша инновациялық технологияларды, шетелдік және еліміздің медицина саласындағы озық тәжірибелерді кеңінен қолдану туралы өз ұсыныстарын білдірді. Сондай-ақ, халыққа қызмет көрсетудің кез келген саласы бойынша өзгелерге көрсетер үлгісі мол Жапониядан, Кореядан, Италиядан келген мамандар қазақстандық жедел жәрдем қызметкерлерінің еңбегіне айрықша баға берді.
– Бүгінгі жарыстың мақсаты – денсаулық сақтау саласының мемлекеттік құрылымы, оның ішінде жедел жәрдем қызметінің кез келген төтенше жағдайларға дайындығы, егер тосын оқиғалар бола қалса, дер кезінде жоғары сапалы медициналық көмек жасай алатынымызды көрсету, – деді Алматы қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Уәлихан Ахметов. Мұндай басқосулар, бәсекелестік жарыстары жедел жәрдем қызметін ұйымдастырудағы кемшін тұстарды анықтауға мүмкіндік береді. Өйткені, нағыз кәсіби жарыстарда мамандарымыз шыңдалады, қателіктерді болдырмауға тырысады. Соңғы жылдары жедел жәрдем стансасында бригадаларының жұмысын жақсартуда елеулі өзгерістер енгізілді. Мәселен, 2011 жылы жедел жәрдем бригадасының шақыртуларға жетуі 17 минут болса, қазір 12 минут, ал республика бойынша көрсеткіш 15 минут. Жалпы Алматы қаласы әкімдігі тарапынан денсаулық сақтау саласына жеткілікті көңіл бөлініп отырады. Мәселен, биыл мамандардың білімін жетілдіруге 200 млн. теңге бөлінсе, Алматы аумағына қосылған жаңа аймақтарды ескере отырып, Мәслихаттың шешімімен алдағы уақытта 40 жедел жәрдем көлігі берілмек. Демек, Универсиаданың алдында және басқа бұқаралық, спорттық шараларда қаланың жедел жәрдемшілері халықаралық стандартқа сай медициналық қызмет көрсететін болады, – деді қаланың бас дәрігері.
Бүгінгі таңда Алматы тұрғындарына «103» көмегінде 167 бригада қызмет көрсетеді. Стансалардың барлығы қазіргі заманғы құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Жедел жәрдем стансаларында бүгінгі таңда 2400-ден астам дәрігер мен орта буынды медицина мамандары қызмет атқарады. Жедел жәрдем қызметкерлері қазіргі кезде отандық өндірісімізде шығарылған «Көмек-03» жүйесін қолдануда.
– Қазақстанда жедел жәрдем қызметі жоғары деңгейде екеніне кәміл сенемін, – деді Литваның Каунас қаласындағы Жедел медициналық көмек стансасының директоры, профессор Н.Микелионис. Өйткені, бізде өткен халықаралық жарыстарда төрт жыл қатарынан қазақстандық команда жүлделі орындарға ие болды. Яғни, материалдық жағынан болмаса, кәсіби деңгейлеріңіз жоғары. Ал ортақ кемшілік бар. Мәселен, тұрғындар жедел жәрдем қызметіне жатпайтын шақыртулар жасайды, кәсіби мамандар жетіспейді. Мәселен, бізде шекара ашық. Біздің дипломдар Норвегия, Швеция, Дания елдеріне жарай береді. Олардағы жалақы мөлшері Литвадан әлдеқайда жоғары болғандықтан маман тапшылығы тұрақты орын алуда. Сіздердегі жедел жәрдем қызметінің артықшылығы – арнайы педиатриялық, психатриялық маманданған бригадалар бар. Бізде жоқ. Литвада жедел жәрдем қызметінде көбінесе фельдшерлер жұмыс істейді, ал дәрігерлер өте аз. Сондай-ақ, қаржыландыру сіздерде бюджет есебінен болса, Литвада 1998 жылдан бүкіл денсаулық сақтау медициналық сақтандыру жүйесімен жұмыс істейді. Ал жарысқа келсек, өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған, Еуропалық жарыстардан бір кем емес, – деді литвалық қонағымыз.
Еліміздегі тұңғыш өткен жиын мен байқауға қолдау көрсеткен Алматы қаласы әкімдігі мен қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшылығына алғысын білдірген осы іс-шараның негізгі ұйымдастырушысы Алматы қалалық жедел жәрдем стансасының директоры Біржан Оспанов төрт жыл бойы Литвада өткен халықаралық байқауларға қатысып, көріп, біліп жүргеннен кейін неге бізде ұйымдастырмасқа деген ой болғанын, ірі мегаполис төтенше жағдайлар көп болатын аймақтың бірінен саналатындықтан мұндай халықаралық басқосудың мамандардың жедел көмек көрсету барысында сапалы қызметі, кәсібилігі, ең бастысы, қандай нәтиже көрсете алатынын өздері үшін білуге мүмкіндік беретінін, соны білсек, әрі қарай қандай жұмыс жүргізуді, қандай білім алуды, тағы бір өте маңызды мәселе тек дәрігерлердің емес, медбике, әсіресе, фельдшерлердің деңгейін бағалайтынын тілге тиек етті.
Сонымен, қазақстандық және шетелдік әріптестер қазылық еткен байқауда республика бойынша қатысқан тоғыз команданың арасынан өздерінің шапшаңдығымен, жеделдігімен, кәсібилігімен әріптестерін тәнті еткен Астана қаласының жедел жәрдем қызметкерлері бірінші орынды иеленсе, санитарлық авиация қызметкерлері – екінші, ал Алматының жедел жәрдемшілер командасы үшінші орынды иеленді.
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ