Ашық аспан аясында тірі дауыста ән салып әлемге әйгіленген ресейлік «Турецкий хор» музыкалық тобы Астана күнінде өнер көрсетіп, тыңдармандарға ғажайып күй сыйлады. «Бәйтерек» монументінің алдындағы сахнада ән салған өнерлі топ бұл жолы қазақ тілінде үш ән орындап, көңілдерді марқайтты.
Оның алдында БАҚ өкілдеріне ресми баспасөз мәслихатын өткізген музыкалық топ қала тұрғындары мен қонақтарын құттықтау үшін Астанаға арнайы келгендігін айтты.
«Сапарлап барған елдің тілінде тірі дауыспен ән шырқауымыз бүгінгі таңда басты ерекшелігімізге айналды. Бұл біздің дәм-тұз татқан елге деген құрметімізден туындаған идея еді. Енді, міне, Астанаға да арнайы келіп отырмыз. Қоржынымызда үш ән – «Ауылым» мен «Көзімнің қарасы» және Батырдың (Шүкенов) «Джулиясы» бар. Бұларды таңдау себебіміз – әнді орындау жеңілдігімен және ел ішіне кең таралғандығымен байланысты», дейді топ жетекшісі Михаил Турецкий.
Тірі дауыста ән салатын өнерпазға тыңдармандардың да қошемет-құрметі ерекше болатыны ақиқат қой. Сондықтан шығар, бұлтты күннің қабағына қарамай «Бәйтеректің» маңына жиналған жұрттың қарасы қалың болды. Оған қоса, он адамнан құралған музыкалық топтың шырқағандары үш қана әнмен шектелмеді. Көпшілікке кеңінен танылған кинодағы әндер мен халық әндерін орындап, тыңдармандардың құлақ құрышын қандырды. Тіпті, караоке арқылы көптеген әнді ел-жұрт әртістермен қосыла айтып, түнгі Астананың аспанын әнмен әлдиледі.
Осындай кешті өткен күннің естеліктермен бөлісе отырып жүргізген Михаил Борисович халықпен қосыла ән шырқау идеясын өзіне осыдан екі жыл бұрын Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев ұсынғандығын атап өтті.
«Мерекелік ән» стиліндегі ән айтуды Президент мырза бұрынырақта ескерткен болатын. «Сен халықпен бірге ән орындауға керексің» дегені әлі есімде. Енді, міне, бүгін біз осылайша көңілдерге қуаныш сыйлап келеміз» деді М.Турецкий.
Өнерлі ұжымның тағы бір мүшесі Павел Беркут болса, қазақ тілінде ән шырқау қиын еместігін алға тартады.
«Біздің репертуарымыздағы «Көзімнің қарасы» әні Қазақстанда ғана емес, барған жерімізде зор ықыласпен қабылданады. Мәселен, Ресей мен Францияда, тіпті, АҚШ-тың өзінде бұл әнімізді қосыла орындаған тыңдармандарымыз аз емес. Бастысы, жүрегің таза, ниетің түзу болса, кез келген тілде ән шырқау оңай» дейді ол.
Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»