Идея бастауы
«AR Sana» кездейсоқ идеяның нәтижесі емес. Жобаның негізінде нақты әлеуметтік сұраныс пен ғылыми ізденіс қатар жатқанын байқаймыз. Айнұр Нұрәділ Нью-Йорк университетінде балалар медиасы мен ерте даму мәселелерін зерттеген. Елге оралған соң, ол 50-ден астам ерекше қажеттілігі бар баланың ата-аналарымен сұхбаттасып, көптеген отбасының логопедке жүйелі баруға мүмкіндігі шектеулі екенін немесе көмекке кеш жүгінетінін байқаған.
«Мен аутистік спектр бұзылысы, церебралды сал ауруы (ЦСА), өзге де ерекшелігі бар көптеген балада тілдің кешеуілдеуі алғашқы белгілердің бірі екенін аңғардым. Сол кезден бастап балалардың еркін дамуына көмектескім келді», дейді ол.
Жобаның ерекшелігі
«AR Sana»-ның басты күші – екі бағыттың тоғысуында. Бір жағынан, жоба заманауи балалар медиасының ғылыми зерттелген тәсілдеріне сүйенеді, яғни баланың назарын ұстап тұру, эмоциялық байланыс құру, визуалды ойлауды дамыту, контентті қабылдау психологиясы секілді компоненттер ескерілген. Екінші жағынан, логопедиялық және тіл дамыту тәжірибесі жүйелі түрде енгізіледі.
Тағы бір айқын ерекшелік – репрезентация. Қосымша кейіпкерінің қазақ қызы ретінде жасалуы, визуалды әлемнің Қазақстан мен Орталық Азия табиғатына жақын құрылуы, ең бастысы – контенттің толықтай қазақ тілінде ұсынылуы ұлттық балалар медиасындағы сапалы өнім тапшылығын азайтуға бағытталған нақты қадам болып отыр. Өйткені Қадыр Мырза Әлі айтпақшы, «Қазақ тілі бала тіліне айналмай, ана тіліне айналмайды»...

Қосымша қалай жұмыс істейді?
Қолданбаның жұмыс логикасы баланы «жаттығуға мәжбүрлеу» емес, ойынға еркін енгізу қағидасына құрылған. AR көрінісі арқылы Сана есімді визуалды қыз баланың өз бөлмесінде пайда болады. Көп бала сөйлегісі келмегендіктен емес, бейтаныс адамнан және жаңа ортадан қысылғандықтан логопедпен ашылып сөйлеспейді. Ал AR кеңістігі баланың қауіпсіздік сезімін сақтап, сөйлесуге психологиялық жол ашады.
AR бөлігі аяқталған соң, бала виртуалды бөлмеге еніп, сөздер мен сөйлемдерді қайталау, дыбыстарды дұрыс қоюға арналған шағын тапсырмалар орындайды. Жоба жетекшісінің айтуынша, «AR Sana» логопедтің орнын алмастырмайды, керісінше оның жұмысын толықтыруды мақсат етеді. Маман физикалық және терапиялық бағыттарға, яғни массаж, ұсақ моториканы дамыту секілді компоненттерге назар аударса, бала үйде сөздік және артикуляциялық дағдыларды тұрақты түрде бекіте алады.
Ендігі меже
Команда артикуляциялық жаттығуларды енгізуді бастап кеткен. Алдағы уақытта 35-тен астам артикуляциялық жаттығу қосу жоспарланған. Бұл әдістер жетекші логопед Ажар Нұркеновамен бірлесіп әзірленіп, кейін тәуелсіз мамандардың бағалауынан өтпек. Осы тәсіл өнімнің әдістемелік сапасын күшейтуге бағытталған.
«Біздің жолымыз «Астана Hub»-та басталды. Технопарктің екі бағдарламасынан өткен едік, сол кезден бері олар бізді тұрақты түрде қолдап келеді. Яғни сараптамалық консультациялар, питчингке дайындық, презентацияны нығайту – бәрінде үлкен демеу болды. Сонымен қатар Назарбаев университетіндегі «Social Startup» бағдарламасы арқылы ресми түрде әлеуметтік жоба ретінде танылып, небәрі бір апта бұрын 10 млн теңге көлеміндегі грантты жеңіп алдық. Бұл біздің миссиямыздың қоғам үшін маңызды екенін тағы да дәлелдеді», дейді Айнұр Нұрәділ.
Команданың мақсаты бір ғана қосымшамен шектелмейді. «Green Álem Creative Studio» аясында AR технологиясы енгізілген кітапшалар мен анимация жасау жоспары бар. Бұл – қазақша балалар медиасын ғылыми негізде, технологиялық деңгейде жүйелі түрде дамытуды көздейтін кеңірек стратегияның бір бөлігі.