09 Шілде, 2016

Экологияны экологтарға қайтару керек

438 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
160709-ecology Жақында Энергетика министрі Қанат Бозымбаев «Қоршаған ортаны қорғау комитетін экологтарға қайтарғымыз келеді. Басшылық тарапынан бұл мәселеде қолдау таптым. Сондықтан, қызметкерлердің біліктілігіне талапты күшейтіп, жұмыстың нәтижесін арттыруға күш саламыз. Бұл органның ашықтығын қамту керек, себебі, қоршаған ортаның мәселесі қоғамның ажырамас бөлігі», дегенді айтты. Өйткені, экология мәселесіне бірден-бір жауапты министрліктің атауы 1995-2014 жылдары аралығында 6 рет өзгеріп, ал 2014 жылы тамыздың 2-і күні біржола келмеске кеткен болатын. Соңғы рет Қоршаған орта және су ресурстары министрлігі деп аталған бұл министрліктің функциялары Энергетика министрлігіне ауысып еді. Сондықтан жоғарыдағы жаңалық­қа экологиямен айналысатын әртүрлі қоғам­дық ұйымдар мен ғылыми мекемелер, өзге де табиғат жанашырлары елең еткені күмәнсіз. Алайда, бұл комитеттің өзіне жүктелген міндеттерді абыроймен атқарып, халықтың үмітін толық ақтай алатынына сенім аз. Өйткені, министрліктегі өзінен қызметі мен лауа­зымы жоғары басшыларға тәуелді комитет басшысы дербес шешім қабылдай алмайтынына ешкім дауласа алмайды. Осы арада Қазақстанның қазіргі таңда Еуразиялық экономикалық одақтағы 5 елдің ішінде қоршаған ортаны қорғауға арналған министрлігі, не арнайы құрыл­ған агенттігі жоқ жалғыз ел болып отырғанын айта кеткен артық болмас. Мәселен, Ресейде Табиғат ресурстары және экология министрлігі, Беларусьте Орман министрлігі, Арменияда Табиғат­ты қорғау министрлігі, Қырғыз­станда Үкімет жанындағы Қоршаған ортаны қорғау және орман шаруашылығы мемлекеттік агенттігі бар. Ал Қазақстан­да Қоршаған ортаны қорғау министр­лігіне қатысты қызмет түрлері бір емес, бірнеше министрлікке бөлініп берілген. Сондықтан қоршаған ортаны қорғау мәселесінде олардың көзқарасы мен ұстанымы «аққу, шортан, шаянның» кейпін еске түсіреді. ХХІ ғасырда әлемнің дамыған елдері жер қойнауындағы минералды қазба бай­лыққа емес, ондағы өсімдіктер мен жан-жануарлар дүниесінің қорғалуына көбі­рек көңіл бөліп жатқанын ескерсек, қазір­гі жағдайымызбен бәсекеге қабілетті озық 30 елдің қатарына қосылуымыз үшін әлі көп жұмыс жасауымыз керек. Бұл бағытта түрлі заңнамалар қабылдап, халық­ара­лық және әлемдік деңгейге көтеріп жат­қан елдердің тәжірибесін зертеу қажет. Басқасын айтпағанда, дәрілік және өзге де өнеркәсіптік маңызы жоғары өсімдіктер дүниесінің қорғалуы бізде әлі көңіл көншітпейді. Нарықта құны валютамен бағаланатын көптеген өсімдіктер заңсыз айналымға түсіп, шетелдіктердің табыс көзіне айналғанын бұқаралық ақпарат құралдары айтудай-ақ айтып, жазудай-ақ жазып келе жатыр. Алайда, оған құлақ түріп, жауап берген құзырлы орган өкілдерінің үнін естіген ешкім жоқ. Кейбір мамандардың айтуынша, Қазақ­стан қоршаған ортаны қорғау бойын­ша кейбір заңнаманы қабылдау жағынан да көршілес елдерден кейін келе жатыр. Мәселен, елімізде әлі күнге дейін «Өсім­дік жамылғысын сақтау» заңы жоқ. Сон­дық­тан әлемде сирек кездесетін немесе елі­міз олардың отаны саналатын көптеген өсім­дік­тер шикізат ретінде ғана емес, оны өсіріп, көбейтіп, зерттеу үшін аса құнды ген­дік материал тұрғысынан да жеткілікті дең­гейде қорғауға алынбаған көрінеді. Мысалы, қызғалдақ пен алманың тарихи отаны саналатын Қазақстан қызғалдақты Ни­дер­ланд, алманы Польшадан экспорттайды. Өркениетті өзге елдер әлемде теңдесі жоқ осындай бірегей дүниелері болса, оны өз мемлекетіне алып барып, көбейтіп, өзгелерге сатып табыс тапқан­дардан белгілі бір мөлшерде алым алады. Біз неге олардан үлгі алмаймыз? Оны жүзеге асыруға кім кедергі болып отыр? Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ АЛМАТЫ