09 Шілде, 2016

Бизнес жағдайы жақсарды

267 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
160907 Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде Ұлттық экономика министрлігі Кәсіпкерлікті дамыту департаментінің директоры Ғалия Жолдыбаева баспасөз мәслихатын өткізді. Ол бизнес-ахуалды жақсарту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде айтты. Департамент директоры 2016 жылы наурызда рұқсат беру құ­жат­тарын қысқарту және рұқсат беру рәсімдерін оңайлату мәселе­лері жөніндегі заң туралы әңгі­меледі. Сондай-ақ, заңнамалық құжат кәсіпкерліктің дамуына, биз­нестің жандануына және оның қыз­метін кеңейтуге әсер ететінін жеткізді. Бұлармен бірге заңның қабыл­дануына байланысты кәсіпкерлік саласында 34 рұқсат беру қағазы заң бойынша мүлде жойылғанын мәлімдеді. Спикер Үкімет әкімшілік кедер­гілерді жою мақсатында бизнес-ахуалды жақсарту мен кәсіп­кер­лікті қолдау бойынша жүйелі жұ­мыс атқарып жатқанына тоқталды. «Кәсіпкерлікті дамыту – бұл елі­міздің экономикасы мен халықтың әл-ауқатына әсер ететін ең маңызды фактордың бірі. 2016 жылы кәсіпкерлік қызмет­ті мемлекеттік реттеу жүйелен­дірілді. Өзін өзі реттеу институты енгізілді. Рұқсат беру құжат­тары екі есе қысқарды. Өздері­ңіз біле­тіндей, Қазақстанда 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап кәсіпкерлік кодекс жұмыс істеп тұр. Кәсіпкерлік кодекс пен Қазақстандағы кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілеттіліктің рөлін күшейту бойынша шаралар қабылданды. 2016 жылы наурызда рұқсат беру құжаттарын қысқарту және рұқсат беру рәсімдерін оңайлату мәселелері жөнінде заң қабылданды. Заң кәсіпкерліктің дамуына, бизнестің жандануына және оның қызметін кеңейтуге әсер етеді. Өйткені, осы заң бойынша рұқсат беру жүйесі елу пайызға қысқарды. Бұл дегеніміз, 34 рұқсат беру қағазы заң бойынша мүлде жойылғанын, 14 рұқсат беру ескертпе тәртібіне ауыстырылғанын білдіреді. Оңтайландыру аясында 105 рұқсат беретін құжаттар алынып тасталды», деді Ғ.Жолдыбаева. Ағымдағы жылдың мамыр айында қолданысқа енген «Өзін өзі реттеу туралы» заң «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының аясында жасалғанын айтқан департамент директоры, оның негізгі мақсаты өзін өзі реттейтін ұйымға ерікті және міндетті мүшелікке негізделгенін айтты. Ол экономиканы мемлекеттік реттеудің тиімділігін арттыратын көрінеді. «Қабылданған шаралардың нәтижесінде адал кәсіпкерлер өзін өзі реттеу ұйымының адал емес мүшелерін қатардан шығарып тастауға мүдделі болады. Нәтижесінде, бұл шара бизнестің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді», деді департамент басшысы. Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ, «Егемен Қазақстан»