Астанадағы «Тұлпар-Тальго» зауытының дәнекерлеушілері Қытай астанасы Бейжіңде өткен халықаралық «Arc Cup» байқауында екінші орынға ие болды. Байқауға әлемнің 25 елінен 300 дәнекерлеуші қатысыпты.
Командалық байқауда Қазақстан мамандарының дәнекерлеу шеберлігін көрсеткен Владимир Шварц пен Михаил Гофман байқаудың жүлделі екінші орнын жеңіп алған. Қазақстан мұндай байқауға тұңғыш рет қатысып отыр екен. Дәнекерлеуші шеберлер газбен, майысқан электродпен, тот алмайтын болат, алюминий, мыс, никель бұйымдарын, титан құймасын дәнекерлеген. Он екі жылдық еңбек өтілі бар дәнекерлеуші Михайл Гофман алюминий бұйымдарын дәнекерлеудегі шеберлігін көрсетіп, өзіндік тәжірибесімен бөлісті. Соңғы бес жылда алюминиймен жұмыс жасап жүрген Владимир Шварц темірден бағын сынап көрді. Әртүрлі металдармен жұмыс жасаған дәнекерлеушілердің шеберлігін арнайы комиссия бағалапты. Байқауға қатысушылар арнайы ұйымдастырылған көрменің құралдарымен де танысқан. – Біз Қазақстанда да мықты мамандар барлығын көрсетуді мақсат еттік. Қиындықтар болды. Оның ішінде басқа орта, басқа құрал-жабдықтармен жұмыс жасадық. Біз байқау арасында өзімізде жоқ оқу құралдарымен таныстық. Байқауға посткеңестік елдердің дәнекерлеушілері қатысты. Олармен өзара тәжірибе алмастық, – деді М.Гофман.Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ,
«Егемен Қазақстан»
Мұндай байқау келесі жылы Шанхайда ұйымдастырылады екен. Бұйыртса, қазақстандық дәнекерлеушілер келесі жылы «алтынды» қанжығасына байлаудан дәмелі.