Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен бір кездесуде Президент Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік дағдарыс жағдайында біздің еліміздің егемендігін нығайту үшін әрбір қазақстандықтың еңбектену қажеттілігіне ерекше көңіл бөлді. «Еңбек – ең бастысы. Біз еңбекші елміз... Адам өзін, өз отбасын қамтамасыз ету үшін еңбек етеді», деген еді Нұрсұлтан Әбішұлы. Президент Қазақстан халқына «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсу, реформалар, даму» атты Жолдауында: «ХХІ ғасырда қоғамның барлық салаларын үздіксіз жаңғырту дамудың басты факторына айналып отыр, сол үшін жұмысшы мамандықтарына шақырамын» деп атап өтті. Экономикалық, әлеуметтік саланың қайсысы да маңдай терін сүрткізген еңбексіз дамымайды. Бұл мағынада Нұрсұлтан Назарбаевтың өмір жолы бірегей және ол жастар үшін мамандықты дұрыс таңдауына тамаша үлгі болып табылады.
Осы бағыттағы жұмыстың жеткіліксіздігі біздің облысымыздың заңгерлер мен экономистерді «қайта өндіруге» әкеліп соқты. Бірақ, қазір жағдай өзгеріп келеді. Дегенмен, Президент айтқан Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамының идеяларын іске асыру және жастарға ұғындыру, оларды кәсіби бағдарлау бағытында алда педагогика қоғамдастықтары атқарар орасан зор іс күтіп тұр. Істі неден бастау керек? Еңбексүйгіштікке тәрбиелеуде зайырлы білім беру жүйесінің біртуар ұйымдастырушысы, педагог, әдіскер, алғашқы оқулықтар авторы Ыбырай Алтынсариннің өмірі мен шығармашылығы үлгі дер едім. Оның «Жомарт адам», «Қалай бай болуға болады», «Қыпшақ Сейітқұл», «Білімнің пайдасы», «Әкесі мен баласы», «Өрмекші, құмырсқа және қарлығаш», «Бай баласы мен жарлы баласы» сияқты балаларға арналған ертегілері, әңгімелері оқушыларды бастауыш сыныптардан бастап адал еңбекке баулуда бүгінге дейін маңыздылығын жойған жоқ. Алтынсарин әр әңгімесінде шынайы еңбекті дәріптейді. «Алдағы уақытта да есіңде болсын және ұмытпа, егер де жеңіл еңбекті ауыр деп есептесең, онда аса ауыр жұмыспен кездесесің, егер де шағынға риза болмасаң, онда үлкеннен айырыласың», «Еңбек етпеген бірде-бір тірі жан жоқ, сені Құдай бос сандалу үшін жаратқан жоқ. Еңбекке үйрену керек» деген секілді балаларға өте түсінікті және қанатты сөзге айналып кеткен тіркестерді оның шығармаларынан жиі кездестіруге болады.
Ыбырай Алтынсарин біздің еліміздегі кәсіби білім берудің негізін қалады. Ол патша өкіметінің тиісті орындарына көптеген өтініштер жазған. Сол табандылығының арқасында 1883 жылғы 15 қарашада Торғайда балташы-ұсталық ісі мен қыздарға іс үйрететін бірінші қолөнер училищесін ашуға мүмкіндік туды. Көптеген 2-ші сыныптық училищелерде бақша өсірушілік, бағбандыққа, май шайқау кәсібіне үйрететін бөлімше құрды.
Ол жұмыс істеуге, барлық жаңа нәрселерді қабылдауға асық еді. Ыбырай Алтынсарин өзімен қарым-қатынаста болған, сөйлескен, оны қоршаған барлық педагогтар үшін еңбекқорлықтың үлгісіндей еді. Шығыстанушы, профессор Н.И.Ильминскийдің Ыбырай туралы: «...дұрыс және адал адам, ақылды, адал, білімқұмар және сүйкімді», деп жазуы оның еңбегіне сүйсінгендіктен болатын. Ол өте көп жұмыс істейтін. Ағартушының педагог А.А.Мозохинге жазған хаты: «Жазып отырып мен ұйықтаймын. Көздерім жұмылып кетуде, түні бойы ұйықтаған жоқпын. Хаттың бейберекеттігі үшін кешір», деген сөздермен аяқталады. В.В.Катаринскийге жазған бір хатында: «Көп жазуға күшім жоқ, қолым шаршады», деп жазуы оның жанкештілігін баяндағандай. 1888 жылы 5 қарашада Ыбырай Алтынсарин А.А.Мозохинге: «Мен өте жиі сырқаттанудамын, әлі күнге дейін мен өзімнің болашақ тағдырымды және отбасымның тағдырын ойлаған емеспін, осы туралы ойлаған жөн шығар», деп жазады.
Ыбырайдың балаларға арнаған кітаптарын, оның оқулықтарын оқып, білім нәріне сусындаған талай ұрпақ еңбектің арқасында ғана адамның өз мақсатына жететінін, болашақтың нұрлы болатынын түйсініп өсті. Олардың арасында Ахмет Байтұрсыновтан бастап халқымыздың талай біртуарлары өсіп-жетілді. Олардың барлығы да тек еңбекті пір тұтты. Қазақстанда да Жалпыға бірдей Еңбек Қоғамы салтанат құрғанда ғана Тәуелсіздіктің іргесі мықтала түседі. Кәсіби мамандар барда астықтың алтын таулары көбейеді, құрылыс үйлері биіктейді, өндіріс, ауыл шаруашылығы, өмірдің барлық саласы жандана түседі.
Еңбек еткен адамның рухани жан дүниесі де таза, рухы мықты болады. Әлемнің бар бақыты еңбекте, бақытқа кенелудің басқа жолы жоқ, оны біздің балалар білуі тиіс.
Марионелла СЛЕСАРЬ,
педагогика ғылымдарының кандидаты
ҚОСТАНАЙ